30 Наурыз 20:05

Тоқаев тапсырмасы: Қаржы пирамидаларымен күрес

Фото:

Былтыр қаржы пирамидаларын жарнамалағандар үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы заң қабылдаған Президент: «Қаржылық мониторинг агенттігі де бұл істен қалыс қалмауы керек. Бұл жерде агенттіктің ақпараттық ресурстарын пайдалануға болады. Сондықтан осы саладағы қылмыстың алдын алу үшін олармен толыққанды ынтымақтастық орнатқан жөн», – деп атап өткен еді. Кейін қаржылық пирамидалармен күрес аясында заңсыз мазмұндағы 8,8 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталғаны мәлім болды.

Астана, NEGE. Содан кейін Тоқаев ведомство басшысына қаржы пирамидалары мен алаяқтық әрекеттердің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырып, құқық қорғау құрылымдарымен бірге іс-қимылдар үйлестіруді тапсырған еді.

NEGE тілшісі осы аталған мәселелерге қатысты Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері өткізген баспасөз брифингіне қатысып, жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесіне куә болды.

Қаржы пирамидаларының белгілері

Агенттік өкілдері брифингте қаржы пирамидаларының түрлері мен оны анықтау тәсілдерімен бөлісті.

1. Классикалық пирамида. Бір адам келіп, ақшасын салып, өзінен соң тағы 2-3 адамды алып келуі міндеттеледі. Солайша кейін келген адамдардың есебінен бұрын келген адамдардың табысқа кенеледі.

2. Желілік маркетинг атын жамылған пирамидалар. Бұл жерде тауардың мүлдем жоқтығы анықталады немесе бағасын шарықтатқан тауарларды сату арқылы пайда табу көзделеді.

3. Түрлі инвестициялық компаниялар атын жамылған қаржылық пирамидалар. Мұнда көбіне құнды қағаздар нарығына ақша салуды ұсынады. Тағы да басқа акциялар туралы айтады. Адамдардың бұл саладан ақпараты жоқтығын пайдаланып, түрлі терминдерді қолдану арқылы құрыққа түсіреді. Кейде қаржылық сауаттылығы өте жоғары азаматтардың өзі осындай алдамшы нарықта ұтылып қалып жатады.

4. Криптоалаңдарда пайда табуды ұсынатындар. Бұның өзі белгілі бір деңгейде сауаттылық пен білімді қажет ететін бір сала.

Тақырыпқа орай: Қаржы пирамидаларын жарнамалағандарға қандай жаза қолданылады?

Тоқаевтың тапсырмасы

Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі әлі де айтылып келеді. Осылайша Президент жарлығымен бекітілген 2022-2026 жылдарға арналған қаржылық мониторингті дамытудың белгіленген тұжырымдамасына сәйкес техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие процесіне қаржылық қауіпсіздік жөніндегі тақырыптарды енгізу көзделген. Яғни ол оқыту процесіне жаңа бір пәндердің қосылуы боп саналады. Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін бағалау, ел азаматтарының қаржы пирамидалары туралы хабардар болу деңгейін айқындау және ұсыну мақсатында аумақтық департаменттерде жұмыстар жүргізу үстінде. Агенттік қаржылық қауіпсіздік тақырыптарына қатысты сабақтарды дайындау және өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар мен презентациялық ұсынымдар әзірлеген. Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық бөлімшелерінің өкілдері республиканың орта білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарында қаржылық қауіпсіздік сабағын өткізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр екен. Оқу жылының басынан бері агенттіктің және департамент пен бөлімшелерінің қызметкерлері білім беру мекемелері арасында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша дәрістер өткізген. Атап айтқанда, 390 мектептегі 25863 оқушы, 64 колледждің 11850 студенті сондай-ақ 52 жоғары оқу орнындағы 10899 студент қамтылыпты. Ал 2023 жылдың бірінші тоқсанында республиканың білім беру мекемелерінің арасында 196 мектеп, 21 колледж, 19 жоғары оқу орнына дәріс оқылған.

фото: ғаламтордан

Қаржылық сауаттылықты арттыратын олимпиада

Сонымен қатар агенттіктің ұйымдастыруымен жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру, ойлаудың жаңа нысанын қалыптастыру мақсатында қаржылық қауіпсіздік олимпиадасы өткізілмек екен. Олимпиада бизнес және кәсіпкерлік негіздері, жаһандық құзіреттілік курсы бойынша онлайн және офлайн форматтарындағы сабақтарды қамтымақ.Ол сәуірдің үші мен жиырма алтысы аралығында өткізіледі. Бұл олимпиадаға еліміздегі жалпы білім беру орталықтарының 10-11 сыныптарында оқитын ҚР азаматтары қатыса алады. Жоспар бойынша қатысатын оқушы саны – 3000 адам.

Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері ел тұрғындарына сенімсіз сілтемелерге кірмеуді, белгісіз шоттарға ақша аудармауды, сондай-ақ бейтаныс, таныс адамдар ұсынған күдікті қызметтерді қолданбауды ұсынады. Қандай да бір компания мен тауарларды тұтынбас бұрын олар туралы тексерілген, анық ақпаратты оқып алу керектігін ескертеді. Ал қаржылық, желілік пирамидалар туралы жарнама жасаған азаматтар Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша жауапқа тартылмақ.

Тегтер: