Тоғыз жолдың торабы – табыс көзі
2003 жылы ел игілігіне берілген ірі жобалардың бірі – Үлкен Алматы айналма автожолы. Ашыла салысымен, мамандар оны Орталық Азиядағы ірі жол-көлік инфрақұрылымдарының біріне жатқызып отыр. Бұл жолдың ерекшелігі сол, ауқымды әрі қарқынды жұмыстың нәтижесінде жоба мерзімінен бұрын жүзеге асты.
Айналма жол Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Қырғауылды ауылынан басталып, Талғардың «Қызыл Қайратына» дейін, жалпы 14 елді мекен арқылы өтеді. Сарапшылардың есебінше, бұл жол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің негізгі элементіне айналмақ.
Жоба концессиялық механизм бойынша жүзеге асырылды. Бұл жобалаудан бастап 16 жылға дейінгі жұмыс мерзімін қамтиды. Концессионер – «BAKAD Investments and Operations» ЖШС, ал құрылтайшысы – «Alsim Alarko – Makyol – SK Ecoplant – Korea Expressway» түрік-корей консорциумы. Концессионердің қызмет ету мерзімі – 15 жыл. Жобаның құны 770 миллион долларға бағаланады. Қаржыландырудың 80 пайызы – синдикат банктердің қарыздары есебінен. 185 миллион долларды «BAKAD Investments and Operations» компаниясы бөлді, қалған 585 миллион доллар үш қаржы институтынан: Еуропалық қайта құру және даму банкінен, Ислам даму банкінен және Еуразиялық даму банкінен қарызға алынды.
Алғашқы болжам бойынша, бұл жолмен күніне 30 мың – 70 мың көлік жүрмек. Бұл дәл келсе, 15 жылда 231 млрд табыс түспек. Ал 25 жылда 570 млрд теңге кіріс әкеледі.
Елді мекендердің маңында жол өтетін жерлерде металл қоршаулар мен шу бөгеттері орнатылды. Жануарлардан қорғайтын тор да бар. Бұрылыстардың өзі жол жағдайына барынша икемделген, көру мүмкіндігі шектеулі аймақтар жоқ. Жолдың үстіңгі қабаты доңғалақтың жол жағдайына бейімделуін қамтамасыз ететін түйіршікті материалдардан құйылған. Енді алдағы 16 жыл бойы жол инвестордың кепілдік мерзімінде болады.
Үлкен Алматы айналма автожолы мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады.
Мамандардың есептеуінше, Үлкен Алматы айналма автожолы мегаполис көшелеріндегі көлік кептелісін 60 пайызға дейін жеңілдетіп, транзиттік бағыттардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Аймақтық, халықаралық сауда аясы кеңейіп, транзиттік ағынды Алматы аумағынан шығаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, ауаның ластану деңгейі азаяды.
Алматыда жеті негізгі кіру магистралінің бесеуі республикалық маңызы бар жол. Олар – Талғар жолы, Құлжа жолы, Алматы – Қонаев тас жолы, Алматы–Бішкек тас жолы, жоғарғы Қаскелең тас жолы және екі облыстық маңызы бар жол – Боралдай тас жолы – Шамалған стансасы, Іле жолы–Бішкек, Қонаев және Құлжа жолының тас жолдары. Олардың әрқайсысы күн сайын 40 мыңға жуық көлікті өткізеді. Бәрін қосқанда шамамен 120 мың көлікті құрайды. Нақты трафик – 230 мың көлік.
Еліміздегі ең алып шаһардың 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары аясында бүгінде Алматы айналма жолына апаратын алты жолақты жол салынып жатыр. Осы жол арқылы тасымалданатын жүктің болжамды көлемі таяу 10-15 жылда 87%-ға ұлғайып, 35,9 млн тоннаға жетуі тиіс.