Тілімізді шенділерден қорғайтын кезге де келдік
Биік мінберлерден мемлекеттік тілді тұғырына қондыру жайында жиі сөз болады.
Мәселен, таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» дегені есте. «Біз қазақ тілінің дәрежесін көтеру үшін жұмыс істеуіміз керек. Үкімет пен парламент өз жұмысын тек мемлекеттік тілде жүргізуі қажет. Ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл басымдылығы күшеюі тиіс», – деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Мұны сең қозғалды деуге бола ма? Мемлекеттік тіл конституцияда көрсетілген мәртебесіне сай қолданыла бастады ма?
Сандар, пайыздар...
Жоғары жақтан осы тақілеттес сөз қозғанған әзірде, билік басында отырғандар біраз уақыт қазақшаға көшкен сыңай танытады. Жиындар қазақ тілінде өте бастайды. Бұрын сөйлемей келгендер жас баладай былдырлап тұрады. Көп уақыт өтпей, қайтадан баяғы арнасына түседі. Бұл – мемлекеттік тілге келгенде жүйелі саясаттың жоқтығын анық көрсетеді.
Естеріңізде болса, былтыр күзде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 93%-ға жетті деп мәлімдеді. Оның сөзіне сенсек, орталық атқарушы органдарда – 91, жергілікті атқарушы органдарда – 95, ал ұлттық компанияларда 46%-ға жетіпті.
Бұл ақиқат па, жоқ па, соны нақты өмірдегі мысалдармен біраз тарқатып көрелік.
Мемлекеттік тіл мұрағатты толтыруға ғана керек пе?
Рас, бүгінде мемлекеттік мекемелерде, ұлттық компанияларда, банктерде, ғылым-білім ордаларында мемлекеттік тіл 100 пайызға жуық қолданылады. Мемлекет тілдің қолданылуын ұдайы қадағалап отырады. Бұл органдар титімдей кінәрат таппайды. Өйткені, құжаттар мемлекеттік тілде де, ресми тілде де әзірленеді. Тілдер туралы заңның бірде-бір әрпіне нұқсан келмеген. Қағаз жүзінде, бәрі жақсы. Шын мәнісінде, мемлекеттік тілдің аясы бірнеше аудармашы отыратын қуықтай бөлмеден әрі аспайды. Аударылған нұсқа басшылардың қаламы сүйкеле сала, мұрағатқа кетеді. Мемлекеттік тілде нұсқасы бар демесеңіз, қазақ тілінде сынық сүйем жұмыс атқарылмайды. Неге?
Жабық есік
Өйткені, біздің елде мемлекеттік тіл іс жүзінде орыс тілі екені анық. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі қағаз жүзінен әрі аспайды.
Шынтуайтында, бұл мәселеде істен сөз көп. Құр жақаурату, көңіл аулау ғана бар. Ширек ғасырдан бері солай. Кейбір ірі ұлттық және басқа компаниялар мен банктерді алып қарасақ, мемлекеттік тіл атымен қолданылмайды. Тіпті, бұқарамен байланыс саласындағы және халықпен қоян-қолтық жұмыс істейтін басқа да бөлімшелері Қазақстанда емес, Ресейде тұрып жатқандай әсер қалдырады. Экран алдында немесе телефонға қазақша жауап бере алатын бір адам табылса, соған да шүкіршілік етпеске лажың жоқ.
Мемлекеттік тіл бұл ортада үнемі табалдырықтың ар жағында қалатын кебісті еске түсіреді. Мұндай жағдай жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейтіні анық. Тіл мәселесін қозғаған, көтерген адамдар кездеседі. Бірақ мұндай адамдар бұл жерде бір-екі аптадан әрі тұрақтамайды. Себебі, «шырқ» бұзушыларға жол жоқ. Бұл – мемлекеттік тілді жетік білетін, ағылшыншаға судай қазіргі жастарға, қанша жерден талантты, қанша жерден білім-білігі толық болса да, орыс тіліне шорқақтығы үшін, мемлекеттік мекемелер мен компаниялардың есігі тарс жабық деген сөз. Неге?
Тосқауыл қайдан?
Себебі, шенеуніктердің арасында заңға, қағазға түспеген бір қағида бар секілді. Мемлекеттік тілді мамандардың қолдануына түрлі кедергі жасауын тек осымен ғана түсіндіруге болады. Бұл – жоғарыдан берілген ауызша пәрмен. Әйтпесе, мемлекеттік тілді еркін меңгерсе де, ана тілі болып есептелсе де, кейбір шенділердің қазақша жазылған құжаттарды көзге ілмей, тек қана орысша нұсқасын талап етуін, тіл мәселесін көтергендердің басына әңгір таяқ орнатуын басқа неге жоруға болады? Ең алдымен, бұған тосқауыл керек. Мемлекеттік тілде іс жүргізуге кедергі жасауға заңмен тыйым салынуы тиіс.
Көзіміз анық жеткен нәрсе, бұған өзге ұлт өкілдерін кінәлаудан аулақ болуға тиіспіз. Өйткені, мемлекеттік орган қызметкерлері – түгелдей қазақтар. Тіпті, қарасы қалың болса да, кабинеттерден өзге ұлттарды емге әрең іздеп табасың. Мемлекеттік тілді білмейсің деп өзге ұлттарға, орысшаға шорқақсың деп қазақтарға «кедергі» қойылып отыр. Тіл мәселесі кейбір мекемелердегі басшылық үшін кадр таңдауда тамыр-таныстықты бүркемелеудің таптырмас құралына айналғандай.
Әрі-беріден соң, қазақтың еркі өзіне көшкелі қай заман? Осы уақыт ішінде ана тілімді ұлықтаймын десең, кім қой депті? Кінәні келмеске кеткен Кеңес өкіметінен, сыртқы күштерден, тағы басқадан іздеу – тек сыңаржақ сылтау ғана. Өйткені, кем-кетігімізді түзетуге, түгендеуге берілген уақыт пен мүмкіндік аз болған жоқ. Яғни, бұл – үлкен саясаттың емес, өз ұлтына, өз халқына, ана тіліне немқұрайдылықтың, қала берді, шекеден қараушылықтың кесірі. Бар гәп – орыстілді қазақ элитасының ұстанымда жатыр.
Тіл білу – біліктілік талабы
Мемлекеттік тілді білу – біліктілік талабы ретінде қойылатын уақыт жеткен секілді. Шенеуніктер қазақшаға көшсе, жұрттың бәрі қазақшаға көшеді деген жаңсақ пікірді жиі естиміз. Шынтуайтында, мемлекеттік тілдің мәртебесін шенеуніктер емес, әр салада маңдай терін төгіп жатқан мамандар көтереді. Сондықтан мамандар қазақ тіліне көшпейінше, жұмыс қазақ тілінде жүргізілмейінше, бәрі көзбайлаушылық болып қала бермек.
Әрине, тіл мәселесінде ілгерілеушілік бар. Қазақша терминдер біршама қалыптасты. Сөздіктер жыл санап жаңартылып, толықтырылып шығып жатыр. Алайда бұл сөздіктерді, оның ішіндегі терминдерді тек қана журналистер мен аудармашылар ғана пайдаланады. Мамандарға мемлекеттік тілді қолданудың еш қажеттілігі жоқ. Қазақшаға қажеттілік былай тұрсын, жоғары жақтан ауызша берілген «тыйым» да бар секілді. Шенеуніктердің тілге тосқауыл жасауына жол бермеудің тетіктерін заңмен бекіткен артық болмайтын тәрізді.
Сөздің ашығы, мамандар қазақша білім алып, қазақ тілін қолданғанда ғана мемлекеттік тіл тұғырына қонатын болады. Тілдің шынайы ахуалын білгіміз келсе, алдымен мемлекеттік мекемелердегі, компаниялардағы аудармашыларды қысқартудан бастаған абзал.
Мемлекеттік тіл неге дау тудыруы тиіс?
Тәуелсіздіктің көк байрағын көтергенімізге, міне, екі қыр ассақ, отыз жыл толады екен. Отыз жыл ішінде мемлекет тізгінін ұстап отырғандар арасында отыз сөз үйренбегендерді көріп жүрміз. Тіпті, қызмет көрсету салаларына тілімізді әлі күнге дейін толық меңгерте алмай отырмыз. Мемлекеттік тілге немқұрайды қараушылықтың салдарынан, соңғы кездері тұрмыстық кикілжіңдердің көбейіп жатқанына куәміз. Уақыт озған сайын қазақтың қарасы көбейіп, қоғам қазақ тілді болып келеді. Сондықтан мемлекеттік тілде қызмет көрсету бұдан былай жиі талап етілетін болады. Талап етіле береді. Оның салдары түрлі дау-дамайға ұласады, ұласып та жатыр. Орысша жауап бермеді деп қызметтен қуылғандар, «қазақша сөйледі» деп күзетшіге жетектетіп, қуып шығып жатқандар жиі кездеседі. Бір қызығы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі Конституцияда тайға таңба басқандай көрсетілген жоқ па? Ендеше қазақша қызмет көрсетілу неге араздық тудыруы тиіс?
Неге?
Түйін
Тіл қоғам өмірінің барлық саласын түгел қамтып, толыққанды жұмыс жасағанда ғана қуатты. Онсыз ол – жартыкеш, шалажансар тіл. Кітап дүкендері – тілдің, оның дамуының, қуаттылығының айнасы іспетті. Еліміздегі ірі кітап дүкендеріне бас сұғып, қазақша кітаптар мен орысша кітаптарды, олардың мазмұнын, қандай салаларды қамтитынын салыстырып көрсеңіз, көп нәрсеге көз жеткізесіз. Мемлекеттік тіл мәселесін шешу үшін ауқымды, кешенді шараны қолға алатындай саяси ерік-жігер керек. Онсыз мемлекеттік тілдің мәртебесі мұрағаттан әрі аса алмайды. Ал қоғамда қайшылық күрделене береді.
Шадияр Өстемірұлы
Қазір оқып жатыр
«Псевдо ұлт деу – артық»: депутат Танакөз ақынның жазбасы жайлы
«Ертең мың адам тағы барады»: Депутат шетелде соғысқан қазақстандықтарға жазаны жеңілдетуге қарсы
Маңғыстаулық Ұлы Отан соғысының ардагері бейбітшілікті бағалап, болашақ үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды
Ескертуді елеместен Таяу Шығысқа кеткен қазақстандықтар жауапқа тартыла ма?