Жастар саясаттан алыстады ма, әлде саясат жастардан алыстады ма?
Биыл еліміздің қоғамдық-саяси өмірі ірі бетбұрыстар мен маңызды өзгерістерге толы болды. Жаңа Конституцияның қабылдануы, бір палаталы Құрылтайға көшу, вице-президент лауазымының пайда болуы сияқты саяси шешімдер мемлекетіміздің алдағы бағдарын айқындамақ. Бұл жердегі парадокс мынада: саяси жүйенің қадамдары жаңа болғанымен, оны жүзеге асыру тәсілдері кей тұста ескі сипаттан арыла алмай отыр.
Астана, NEGE. Жастарды үгіт-насихат жұмыстарына жаппай жұмылдыру, оларды дауыс беруге жіберу, жалынды ұрандар мен «ерікті» белсенділікке шақыру әлі де кездеседі. Жастар бұған қарсы наразылық білдірсе де, олардың саяси акциялардағы қарасы қалың екені жасырын емес. Бұл құбылыстың мән-жайын түсіну үшін саясаттанушы, ЕҰУ сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры – Басқарма мүшесі Индира Рыстинамен сөйлестік.

– Алматы – еліміздегі ең ірі студенттік орталық. Кез келген сайлау алдында үгіт-насихат концерттерінде, дебаттар мен еріктілер қозғалысында жастардың қарасы қалың болады. Бірақ сайлауға қатысу бойынша қаланың көрсеткіші төмен. Осыны қалай түсінуге болады?
– Иә, мұндай құбылыс белгілі бір деңгейде байқалады. Бірақ оны жастардың саясатқа қызықпауы немесе немқұрайлылығы ретінде түсінбеу керек. Алматының өзіндік ерекшелігі бар. Бұл – еліміздегі ең ірі студенттік қала, креативті индустрияның, мәдени ортаның, жаңа идеялар мен қоғамдық бастамалардың шоғырланған кеңістігі. Мұнда жастар саяси процестерге классикалық сайлау механизмі арқылы ғана емес, қоғамдық жобаларға қатысу, волонтерлік қызмет, әлеуметтік желілердегі пікірталас, азаматтық бастамалар мен түрлі мәдени алаңдар арқылы араласады.
Сондықтан Алматы жастарының белсенділігі көбіне дәстүрлі электоралдық көрсеткіштерден гөрі қоғамдық және азаматтық қатысу формаларында көбірек көрінеді. Саяси ғылымда бұл құбылыс қатысудың әртараптануы ретінде қарастырылады. Яғни жастар саясаттан алшақтап жатқан жоқ, керісінше, саяси және қоғамдық өмірге қатысудың жаңа тәсілдерін таңдап отыр.
Сонымен қатар Алматы жастары елдегі ең ақпараттанған әлеуметтік топтардың бірі саналады. Олар қоғамдық мәселелерді жиі талқылайды, түрлі көзқараспен танысады, мемлекеттік шешімдерге қатысты пікір білдіреді. Осындай ортада сыни пікірдің көбірек естілуі де заңды. Бұл наразылықтың ғана белгісі емес, қоғамдық процестерге қызығушылықтың және талқылау мәдениетінің жоғары екенін көрсетеді.
Сондықтан Алматыдағы жастардың саяси мінез-құлқын бағалағанда сайлау күнгі белсенділікпен ғана шектелуге болмайды. Олардың қоғамдық өмірге қатысуы әлдеқайда кең және әртүрлі арналар арқылы жүзеге асып отыр.
-
Тақырыпқа орай: Сайлау жүйесіне қандай өзгерістер енгізіледі?
– Жастар әлеуметтік желіде елдегі жағдайға қатысты ойын ашық жазады, бірақ сайлау күні олардың бәрі бірдей учаскелерге барып, дауыс беруге асықпайды. Неге?
– Әлеуметтік желідегі белсенділік пен сайлауға қатысу деңгейінің әртүрлі болуы жастардың саясатқа қызықпауынан емес, саяси қатысу сипатының өзгеруімен байланысты. Бүгінгі жастар ақпаратты жылдам қабылдайды, пікірін бірден білдіреді және өз әрекетінің нәтижесін тезірек көргісі келеді. Әлеуметтік желіде жарияланған пікірге жауап та, қолдау да, қоғамдық реакция да бірден байқалады. Ал сайлау ұзақ саяси процестің бір бөлігі ретінде қабылданады.
Сонымен қатар қазіргі жастар мүлде басқа ақпараттық ортада өмір сүріп жатыр. Егер бұрын сайлау қоғамдық-саяси өмірдегі басты оқиғалардың бірі болса, бүгінде жастардың назарын әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, блогерлер, түрлі қоғамдық бастамалар мен сан алуан контент қатар бөліседі. Сондықтан сайлау олар үшін бұрынғыдай ерекше оқиға ретінде қабылданбауы мүмкін.
Жастар саясатты ең алдымен өздерінің күнделікті өмірімен байланыстырады. Олар баспана, білім сапасы, жұмысқа орналасу, кәсіп бастау мүмкіндігі, қалалық орта сияқты нақты мәселелерге назар аударады. Сондықтан қазіргі жағдайда партиялар мен саяси институттардың жұмысы да өзгеруі тиіс. Жастарды тек сайлау қарсаңында еске алу жеткіліксіз. Олардың ұсыныстарын жинау, көтерген мәселелерін сайлауалды бағдарламаларға енгізу және қабылданған шешімдердің нәтижесін көрсету маңызды.
Бүгінгі жастарды «Сенің дауысың маңызды» деген жалпы ұраннан гөрі, олардың дауысы қандай шешімдерге ықпал ететіні, қандай бастамаларға айналатыны және күнделікті өмірінде қандай өзгеріс әкелетіні көбірек қызықтырады. Қазіргі жағдайда жастардың сайлауға қатысуын арттырудың негізгі жолы – оларды тыңдау, мәселелерін саяси күн тәртібіне енгізу және сол мәселелердің шешімін нақты көрсету.
– Партиялар мен мемлекеттік құрылымдар әлі күнге дейін жастарды тарту үшін ескі әдістерді – жастар ұйымдарын, флешмоб пен концерттерді қолданады. Бұл бағдарламалар зумерлер үшін неге жұмыс істемейді? Бүгінгі жастардың саяси тілі қандай және жүйе олармен диалог құруда неліктен қауқарсыз?
– Алдыңғы сұрақта атап өткенімдей, жастармен жұмыс істеудің ескі әдістері зумерлер үшін айтарлықтай әсер етпейді. Себебі олар дайын ұранға емес, шынайылыққа сенеді. Концерт, флешмоб, жастар ұйымы, ресми форум бұрын мобилизациялық құрал болған шығар. Бірақ бүгінгі жас буын үшін басты өлшем – шынайы дауыс, нақты проблема, ашық жауап және тең диалог.
Зумерлердің саяси тілі қысқа, визуалды, иронияға жақын, фактчекингке бейім және жеке тәжірибеге сүйенеді. Олар «жастар – ел болашағы» деген жалпы сөзден гөрі «диплом алғаннан кейін жұмыс табу мәселесі қалай шешіледі?», «неге баспана қымбат?», «неге әділетсіздікке жауап жоқ?» деген нақты сұрақтарға жауап күтеді. Жүйенің қауқарсыздығы көбіне тіл айырмашылығынан туындайды: институттар жастарға үндеу жасайды, ал жастар диалог күтеді.
-
Тақырыпқа орай: Құрылтай сайлауы тамызда өтеді
– Студенттерді үгіт-насихат шараларына «әкімшілік ресурс» арқылы, яғни университет басшылығының талабымен жинау тәжірибесі әлі де кездеседі. Мұндай мәжбүрлі қатысу жастарда саясатқа деген қорғаныш реакциясын немесе жиіркеніш қалыптастырмай ма?
– Ең алдымен бір нәрсені нақты түсіну керек: білім беру ұйымдарының қабырғасында саяси үгіт-насихат жүргізуге жол берілмеуі тиіс. Бұл – демократиялық сайлау мәдениетінің және білім беру жүйесінің саяси бейтараптығының маңызды қағидаты.
Студент өз таңдауын ешқандай қысымсыз, еркін қалыптастыруы қажет. Бұл принцип мызғымас норма ретінде сақталуға тиіс.
Сонымен бірге саяси үгіт пен азаматтық-ағартушылық жұмысты шатастырмаған жөн. Мысалы, референдум тұсында жоғары оқу орындарында студенттермен кездесулер ұйымдастырылып, конституциялық өзгерістердің негізгі мазмұны түсіндірілді. Бұл белгілі бір ұстанымды қолдауға шақыру емес, жастарды елдегі маңызды саяси оқиғалар туралы ақпараттандыру міндеті болды. Өйткені дәл осы жастар жаңа құқықтық жағдайда өмір сүреді, жұмыс істейді, отбасын құрады. Сондықтан олардың қандай өзгерістер ұсынылып жатқанын және өз таңдауын қалай жүзеге асыра алатынын білуі өте маңызды.
Әрине, жекелеген жағдайларда артық белсенділік немесе ұйымдастырудағы қателіктер болуы мүмкін. Адам факторы кез келген салада кездеседі және оны толық жоққа шығару қиын. Бірақ қазіргі қоғам жиырма-отыз жыл бұрынғы қоғам емес. Бүгінде ақпараттық кеңістік түбегейлі өзгерді. Әлеуметтік желілердің дамуы кез келген даулы жағдайдың көпшілік талқысына түсуіне мүмкіндік береді. Егер қандай да бір әрекет студенттердің наразылығын тудырса немесе заң мен этика талаптарына қайшы келсе, ол көбіне бірден қоғамдық пікір алаңына шығады. Мұндай құбылыс тек Қазақстанға ғана тән емес. Әлемнің көптеген елінде қоғамдық бақылау мен цифрлық коммуникациялардың ықпалы дәл осылай күшейіп отыр.
Жалпы студенттер барлық кезеңде қоғамдық процестердің ең белсенді бөлігі болып келген. Тарихқа қарасақ та, көптеген әлеуметтік және саяси өзгеріс кезінде жастардың пікірі мен ұстанымы ерекше маңызға ие болған.
Сондықтан саяси күштердің студенттерге қызығушылық танытуы – табиғи құбылыс. Алайда қазіргі жағдайда басты міндет – жастарды қандай да бір шараға қатыстыру емес, олардың саналы таңдау жасауына жағдай қалыптастыру. Ұзақ мерзімді нәтиже дәл осы тәсіл арқылы қалыптасады.