29 Қаңтар 13:40
...

«Теміртас» Біржан салдың музыкалық мұрасы мен рухани әлемінен сыр шертеді

Т
Фото: "Алатау" дәстүрлі өнер театрының баспасөз қызметі

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында Біржан салдың шығармашылығынан сыр шертетін «Теміртас» реквиемі сахналанды. Қойылым сазды әуен мен әсем би қимыл-қозғалыстарының тамаша үйлесім табуымен ерекшеленеді. Премьерада Біржан салдың бүгінге жеткен әндері нақышында орындалып, талғамы жоғары тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

«Теміртас» реквиемі Біржан салдың соңғы күндері мен шығармашылығының маңызды кезеңдерін бейнелейді. Сондай-ақ қазақ халқының қаймағы бұзылмаған әндері мен оның философиясы терең ашылып, дәстүрлі өнерге сусаған көрерменнің күдікті ойын сейілтті. Біржан салдың шығармашылығы қазақ ән өренінің қазынасы саналса, оның ішіндегі «Теміртас» әні сал-серісінің мәңгілік мұрасы.

Т
"Алатау" дәстүрлі өнер театрының баспасөз қызметі

«Бұл қойылым сөзге қасаң, биге, әнге, іс-қимылға толы. Сахнадағы әрбір әртіс эмоциямен, іс-қимылмен режиссер мен автордың ойын барынша көрерменге беруге тырысты. Спектакльдің ғұмыры ұзақ, көрермен мен сахнагерлер арасында тығыз байланыста болуына тілектеспін», – дейді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі Оңдасын Бесікбасов.

«Теміртас» арқылы біз Біржан салды тек ақындық және әншілік қырынан ғана емес, адамдық болмысы жағынан да танып-білеміз.

Режиссер салдың боямасыз тағдырын көрсету арқылы, қазақ халқының бүгінгі мен ертеңіне деген толғанысын да жеткізуге тырысқан. Мәселен, қойылымда домбыраны сындырып, соңында жоғары қоятын көрініс бар. Бұл жаһандану заманындағы сырттан келген мәдениет пен ұлттық өнеріміздің арасындағы тартысты бейнелесе керек.

Болмысы бөлек қойылымды тамашалауға бірқатар актерлер мен режиссерлер де келді. Театр өнерінде өзіндің қолтаңбасы қалыптасқан Сафуан Шаймерденов көрермен ретінде ойын ортаға салды.

Ш
Nege

«Дәстүрлі өнер театры болғандықтан дәстүрлі ән тыңдаймын деп ойлағанмын. Бірақ, қойылым мен ойлағаннан бөлек, өзгеше болды. Автор Бақыт Беделхан мен режиссер Фархат Молдағали «Теміртас» әні арқылы Біржан салдың өзі өмір сүрген қоғамға деген күйінішін, ренішін көрсетті. Одан бөлек қазіргі қазақтың және әлемнің мәселесін жеткізген. Ол ойды, көріністі пластикадан көре аласыздар. Қойылым көңілімнен шықты», – деді өнер иесі. 

Жобадағы әрбір музыка ырғағы көркем би қимылдарымен ұштаса отырып, көрерменге ерекше әсер силайды. Бұл құдіретті өнердің тереңдігін түйсіндірсе керек. Осы орайда қойылым айналасында қажырлы еңбек жасаған жандардың еңбегін елемей өту мүмкін емес.

Т
"Алатау" дәстүрлі өнер театрының баспасөз қызметі

«Бұл спектакльге заманауи contemporary стилінде би қойдым және понтамима жанрдағы элементтер қостық. Музыкадағы дыбыстарға, аспаптарға өте қатты мән беремін. Сол себепті композитормен де ұзақ уақыт ақылдасып, талқылап, ортақ шешім айналасында қызмет артқардық. Бұл біздің Фархат Молдағали, Серікжан Айтқалимен «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» қойылымынан кейінгі бірлесе жасаған кезекті жұмысымыз. Спектакльде детальдар өте көп болғандықтан, музыка, би, әнді ден қойып тамашалау керек»,– дейді қойылымның пластика режиссері Әділет Таменов.

Таменов «Теміртасқа» кіріспес бұрын әуелі Біржан салдың әндерін бірнеше мәрте тыңдап, ой елегінен өткізіп барып хореографияға ден қойғанын айтады. Себебі, пластикалық спектакль өте көп бөлшектерден тұрады. Оның барлығын бір формаға жинау уақыт пен энергияны талап ететін процесс.

Қойылым Біржан салдың шығармашылығына деген жаңа көзқарас қалыптастырады. Ал спектакль соңындағы көрерменнің үздіксіз қошметі бірегей туындыға берілген баға екені анық.

 Инара Әубәкірова