23 Ақпан 17:48

«Сұлтанғазиев, саған айтам!..» – Шетелдік инвестордың үндеуі Бас прокуратураға жетті

қаржы
Фото: Коллаж NEGE

Біз бұған дейін шетелдік инвестор мен мемлекеттік әріптес (Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы – ред.) арасындағы дау туралы бірнеше мәрте жазғанбыз. Даудың басы «Дайрабайдың көк сиырынан» емес, шетелдік инвестордың жұмысын мемлекеттік әріптестің заңсыз тексеруінен туындаған.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының (АККА) салынып жатқан жаңа ғимараты төңірегінде қым-қиғаш оқиғалар өрбіп жатқалы біраз болды. Алматы облысында іске аспай қалған меморандум туралы әңгіме бөлек, 2020 жылы үнді-америкалық компания Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасын сенімгерлік басқаруға алып, үш жылдан астам уақытта аурухананың кем-кетігін түзеп, жыртығын жамап, 3 млрд теңгеден астам қаржы салған және 900 млн теңгеге жуық қарызын жапқан.

Соған қарамастан, 2022 жылы жазда облыстың жаңадан тағайындалған әкімі М.Сұлтанғазиевтің қаулысымен мемлекеттік әріптес тексеруді бастап жібереді. Алайда Алматы облысының прокуратурасы бұл тексеруді заңсыз деп таныған. Денсаулық сақтау басқармасы сонда да қояр емес.

NEGE тілшісі ОКҚ алаңында өткен брифингте Алматы облысының әкімі М.Сұлтанғазиевтен шетелдік инвестордың жұмыс істеуіне әкімдіктің неге мүмкіндік бермей жатқанын сұраған. Алайда әкім сұрағымызға нақты жауап берген жоқ. «Шетелдік инвестор міндеттемелерін орындамады, тексеруге рұқсат бермеді» деп жақауратып құтылды. Нақты қандай міндеттемелер екенін атап бере алмады, тексерудің заңсыздығы туралы тіпті сөз еткен жоқ.

Әкім
Коллаж NEGE

Айтпақшы, мемлекеттік әріптес – облыстық денсаулық сақтау басқармасының заңсыз тексеруінен соң кінәлінің жауапқа тартылған-тартылмағанын сұрап, әкімнің атына ресми сауал жолдағанбыз. Сауалдарымызға «кінәлі орган» облыстық денсаулық сақтау басқармасының өзінен сыдыртпа жауап келді.

Қаңтардың аяғында шетелдік инвестор – IAMS ЖШС атқарушы директоры Рупал Наджхаван NEGE порталы арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдап, мемлекеттік әріптес тарапынан жасалып жатқан кедергілер туралы айтқан.

Осы үндеуден соң Президент Қ.Тоқаев жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайтынын, инвесторды әуре-сарсаңға салатынын, соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегеретінін немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болатынын қатаң ескерткен. Президенттің бұл ескертпесі «Сұлтанғазиев, саған айтам, басқа әкімдер тыңдап алыңдар!» дегендей болды.

Көп ұзамай 8 ақпанда Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының іргесінде салынып жатқан жаңа нысанды көруге Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нагендра Прасад арнайы келіп, Қазақстан мен Үндістанның бірлескен жобасының маңызын айрықша атап өтті.

«Бұл – Қазақстан мен Үндістанның бірлескен жобасы, екі елдің достығы мен жылы қарым-қатынасының жарқын үлгісі. Әлеуметтік саладағы байланыс бұдан әрі де дами береді», – деді аса мәртебелі елші.

Елші
Елші Нагендра Прасад құрылыс нысанын аралап жүр. Фото:АККА

Алайда Алматы облысының әкімдігі Президенттің сыны мен Елшінің емеурінін түсінгеніне күмәніміз бар. Өйткені осы айдың басында Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгініп, IAMS ЖШС-мен арадағы келісімшартты жарамсыз деп тануды сұраған негізсіз талап арыз түсірген.

Арыз сотқа түскен бойда істі қарайтын судья едел-жедел белгіленіп, ол (судья Д.А.Әкетаев), дайындықты бастап жіберіпті. Бұл әрекет Азаматтық процестік кодекстің 27-бабының талабына (Азаматтық істердің мамандандырылған соттардың, мамандандырылған сот құрамдарының соттылығына жатқызылуы) томпақ келіп тұрса да. Заң талабы бойынша, компанияның елу немесе одан да көп үлесі шетелдіктерге тиесілі болса, мұндай дау-шарларды Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қарауы керек. Ал IAMS ЖШС-ның 60% үлесі шетелдіктерге тиесілі. Бұл – бір.

Дау
Фото: NEGE

Екіншіден, бұрынырақта шетелдік инвестор осы іс бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының Сотына (халықаралық сот) жүгінген. Ендеше, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының істі осымен қабаттастыра қарап жібермек болғанын қалай түсінеміз? 

Судья Д.А.Әкетаев 22 ақпанға тараптарды сотқа келуге міндеттеген. Бірақ заңдылықты қадағалаушы басты орган – Бас прокуратура дер кезінде іске араласқаны жөн болды. Шетелдік инвестордың үндеуіне құлақ асып, қалалық прокуратураға – заңдылықты қадағалауды, облыстық прокуратураға – талап арыздың негізділігін тексеруді тапсырған. Нәтижесі белгілі – Азаматтық процестік кодекстің 279-бабы (Талап қоюды қараусыз қалдырудың негіздері) бойынша іс қараусыз қалдырылды.

Бір қызығы, Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы талап арызын қараусыз қалдыру туралы сотқа іле-шала қосымша арыз жолдапты. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әкімшісінен редакцияға сондай жауап келді.

Жауап
Фото: NEGE

Жуырда тағайындалған Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметке 2029 жылға дейін кем дегенде 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартуды тапсырды. Экономикалық өсімді кемі 6%-ға жоғарылату жөнінде Президенттің тапсырмасы тағы бар. Енді жаңа Үкіметтің осы тапсырмаларды орындай алмай қалатын түрі бар. Өйткені жергілікті билік өз аяғымен келіп жатқан шетелдік инвесторлардың жұмыс істеуіне кедергі келтіріп жүр.

Премьер
Фото: primeminister.kz

Қалтасында қаржысы бар шетелдік инвесторлар күні ертең біздің елден көңілі қалып, өздерін ұшақтың баспалдағынан күтіп алып «әке-көкелейтін», жайылып – жастық, иіліп – төсек болатын көрші елдерге кетіп жатса, НЕГЕ деудің жөні жоқ. Кінәнің көбі – жергілікті әкімдіктерде. Премьер-министр Олжас Абайұлы инвестициялық штабтың жұмысын күшейтіп, жауапсыз тұлғаларға шұғыл шара қолдануы керек-ақ.   

Айтпақшы, келесі айдың басында Бас прокуратура шетелдік инвестор IAMS ЖШС жетекшілерін қабылдайтын болды. Осы қабылдаудан соң біраз мәселенің түйіні шешіліп, өңірдегі бірді-екілі ақылсыз бас «иығынан домалап түсуі» әбден мүмкін...