Сұлтанғазиев не дәметіп жүр? – Шетелдік инвестор Президентке үндеу жолдады
NEGE порталы бұған дейін Алматы облысы әкімдігінің әрекетсіздігінен 30 млрд теңгеден астам қаржының меморандумы іске аспай қалғанын, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік-жекеше әріптестік негізінде салынып жатқан аурухана құрылысын заңсыз тексеруді әдетке айналдырып алғанын егжей-тегжейлі жазған.
Осы мәселе бойынша ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына ресми сауал жолдағанбыз. Өйткені Президент шетелден инвестиция тартуды үкіметке қадап тапсырған, Үкімет басшысының өзі де бұл туралы бірнеше мәрте айтты. Соған қарамастан, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «шайнап берген асты жұта алмай», өзі келген инвестордан айырылып қалып отыр.
-
Тақырыпқа орай: ПРЕЗИДЕНТ шақырады, ӘКІМДІК қашырады. Шетелдік инвесторлар Алматы облысынан НЕГЕ кетпекші?
Ә.Смайыловтың атына жолданған ресми сауалға Әділет министрлігінің департамент директоры Ерлан Тұяқбаев жауап беріп, «хатыңызда көтерілген мәселелер бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігіне жүгінген орынды деп санаймыз» деп СІМ-ге сілтеп жіберді.
Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге жолдаған сауалдарымызға министрліктің баспасөз қызметі төмендегідей жауап берді: «Министрлік «Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекеме (бұдан әрі – Басқарма) және «International Academy of medicine and sciences» ЖШС (бұдан әрі – Компания) арасындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шарты төңірегіндегі жағдай бойынша хабардар.
Компанияның заңды құқықтары мен мүдделерін сақтау мақсатында ҚР СІМ Инвестиция комитеті «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның Алматы облысындағы өңірлік директоры Мақсат Қалымғазиновке осы дауды қарау кезінде заңнама талаптарына сәйкес инвестор құқықтарының сақталуын қамтамасыз ете отырып, барлық қажетті мән-жайларды зерделеуді тапсырды».
Бұдан әрі СІМ «мәселені шешу үшін тараптардың қатысуымен көшпелі кеңес өткізілгенін», «компания мемлекеттік әріптестің жұмысын тексеруге құқылы екенін» және «2023 жылғы тексерулердің заңды екенін» айта келе, «компания көрсеткен мониторинг шынымен заңды емес деп танылғанын атап өту маңызды» деп, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының тексеруі заңсыз болғанын амалсыз мойындайды да, бұл үшін «Алматы облысы Әкімі аппаратының бірде-бір қызметкері жауапқа тартылмағанын» айтады.
Бұл мәселенің ең шиқанды тұсы мынау: NEGE порталы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен шетелдік инвестор арасындағы дауға байланысты қадау-қадау сұрақтарды тізіп, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атына ресми сауал жолдаған.
Енді қараңыз, облыс әкімі жауап беруді облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтей салыпты. Яғни облыстық денсаулық сақтау басқармасының заңсыз іс-әрекеттері туралы сауалдарымызға сол басқарманың өзі жауап берген! Мұның заңға томпақ екенін облыс әкімі білмей ме, әлде әдейі істеп отыр ма?
Облыс әкімінің міндетін «мойнына іліп алған» Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Л.Серикбаева ең болмаса нақты жауап берсе бір жөн ғой, «Меморандум не себепті іске аспай қалды?» деген сұраққа «меморандум тараптарға ешқандай қаржылық міндеттемелер жүктемейтінін атап өткен жөн» деп дөй-далаға ала жөнеледі.
«IAMS» ЖШС-ның биылғы наурызда әкімдікке жолдаған бизнес жоспары неге қарастырылмағаны туралы жауапта бір ауыз сөз жоқ.
ОКҚ-да брифинг өткізген М.Сұлтанғазиев «жеке әріптес өз міндеттемелерін орындамады» деген. Ол қандай міндеттемелер? Серикбаева бұған: «Мемлекеттік әріптестің занды тексеруінен бас тартты. Сонымен қатар, 2022 жылғы маусымда Ұлттық экономика министрлігіне бағынысты МЖӘ орталығы келесі фактілерді анықтады: жобаның мақсаттары, міндеттері, нәтижелері ҚР Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес келмейді, ал жасалған шарт ҚР қолданыстағы заңнамасымен елеулі қайшылықтары бар», – дейді. Ол қандай қайшылықтар? Тағы да нақтылық жоқ.
Қысқасы, тіке сұрақтарымыздың ешқайсысына тура жауап алғамыз жоқ. Алматы облысы үшін ғана емес, республика үшін де стратегиялық маңызы бар аурухананың құрылысын көруге облыс әкімі бірде-бір рет келмеген, жеке әріптестің жұмыс істеуіне әкімдік ешқандай жағдай жасамаған. Жағдай жасау былай тұрсын, өз аяғымен келген шетелдік инвестордың жұмысына кедергі келтіріп отырғанын қалай түсінуге болады? Бұл «шетелден инвестор тартыңдар» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Мемлекет басшысына әдейі жасалған саботаж емес пе? Әлде Алматы облысының әкімі М.Сұлтанғазиев шетелдік инвестордан бірдеңе дәметіп жүр ме?..
-
Тақырыпқа орай: Қамсыз әкім. «СТАТИЛЕР ісі» Смайыловқа НЕГЕ сабақ болмады?
Бүгін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді. Президент бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралап, әкімдіктің мегаполистегі жол-көлік жүйесін дамыту жоспарымен танысты. Алдағы уақытта Мемлекет басшысы Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының құрылысын да көрсе, шетелдік инвесторларды тыңдаса, көп түйін шешілер еді.
Шетелдік инвестор, «IAMS» ЖШС бас директоры Рупал Наджхаван NEGE порталы арқылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдап, мемлекеттік органдар тарапынан қандай кедергілерге тап болып жатқанын айтты және Мемлекет басшысынан өзін қабылдауын сұрады.