8 Ақпан 17:45

Президентке құлаққағыс: Алматы облысы әкімінің аяғы жетпеген жерге Елші барды

Елші
Фото: АККА

Бүгін Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына (АККА) Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нагендра Прасад пен Алматы қаласындағы консулы арнайы келіп, нысан құрылысымен танысты. 

Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты ауруханаға елшінің арнайы келуінің себебі – жаңа аурухананың құрылысын мемлекеттік-жекеше әріптестік (ГЧП) негізде үнділік-америкалық компания «IAMS» ЖШС («International Academy of medicine and sciences») қаржыландырып отыр.

Елші жаңадан салынып жатқан аурухананың құрылысымен танысты. Қолдануға берілген, бірақ құзырлы орган әлі қабылдап алмаған инфекциялық корпустың жаңа ғимаратын көрді, АККА-да тағылымдамадан өтіп жатқан үнділік студенттермен кездесті, журналистермен сұхбаттасты.

Елші Нагендра Прасад Қазақстан мен Үндістан арасындағы қарым-қатынасқа жоғары баға берді. Екі ел арасындағы байланыс бұдан әрі де нығая түсетініне сенім білдірді.

Елші
Фото: АККА

– Үндістан мен Қазақстан арасындағы саяси-экономикалық, мәдени байланыс күннен-күнге нығайып келеді. Туризм саласында да ілгерілеу бар. Әсіресе, медициналық туризм саласындағы әріптестікті ауыз толтырып айтуға болады. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас бұдан әрі де дами беретініне сенемін, – деді аса мәртебелі елші.  

Міне, осылайша Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің табаны бірде-бір мәрте тимеген нысанға Үндістанның Қазақстандағы елшісі Нагендра Прасад арнайы келіп кетті. Әкімнің аяғы баспаған жерге елшінің барғанын естісе, Мемлекет басшысы әкімнің басынан сипай қояр ма екен?..

Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент онсыз да әкімдерге қарата қатқыл сөйледі. Президент айтқан сын ең алдымен Алматы облысының әкімі М.Сұлтанғазиевке бағытталғандай көрінді. Неге?

Өйткені біз бұған дейін «IAMS» ЖШС атқарушы директоры Рупал Наджхаванның Президент Қ.Тоқаевқа жолдаған үндеуін жариялап, шетелдік инвестордың әкімдік тарапынан қандай кедергілерге кездесіп жатқанын жеткізгенбіз.

Шетелдік инвестордың үндеуі Президентке жеткен сыңайлы. Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелдік инвесторлардың өңірлердегі проблемасына ерекше тоқталды.

– Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады.

Жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайды не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады. Соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегереді немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болады.

Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Жалпы, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек.

Президент
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мәселе штат санын көбейтіп, жұмыс тобын құрып, жаңа тұжырымдама жазуда емес. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәсілін өзгертетін нақты реформа. Соны дұрыс түсіну қажет.

Біз жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылаймыз. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береміз. Талап қатаң болады, – деді Президент.

Дәл осындай кедергілердің кесірінен шетелдік инвестор меморандумнан бас тартты. Ал Алматы облысының әкімдігі 30 млрд теңгеден астам шетелдік инвестициядан айырылып қалды. Бұл туралы NEGE егжей-тегжейлі жазды.

Егер әкімдік тарапынан қысастық бұдан әрі жалғаса беретін болса, шетелдік инвестор салынып жатқан аурухана құрылысын да тоқтатып, халықаралық сот арқылы бірнеше жылдық өтемақысын талап етуі әбден мүмкін. Солай болған жағдайда миллиардтаған шығынды кім төлейді? Әрине, президент айтқандай, бюджетке салмақ түседі. Бұл аз десеңіз, тағы бір халықаралық дауға шатыламыз. Осы бізге керек пе?

Облыс әкімінің әрекетсіздігін немен түсіндіруге болады? Жаңа аурухана елшілікке емес, ең алдымен әкімдікке қажет емес пе? Әлде Алматы облысының шенділері басқаша ойлай ма?

Премьер
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент айтқан мәселені жаңадан тағайындалған Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент әкімшілігінің жаңа басшысы Айбек Дәдебаев жедел бақылауға алмаса болмайды. Облыс әкімдігі деңгейінде шешілуге тиіс шаруаға енді елшінің араласқаны еліміз үшін абырой деймісіз.

Елші ақ кар, көк мұзда табаны тайғанап құрылыс нысанын аралап жүр. Ал әкім жылы кабинетте хатшысы әкеліп берген ыстық шәйді сораптап, әлі де әрекетсіз отыр. Қашанғы отырар екен?..