2 Қараша 09:10
...

«Актер – театрдың патшасы» – Танымал актер Әділ Ахмет өнер туралы ойын айтты

Актер
Фото: ғаламтордан

Әділ Ахмет – болмысы бөлек актер. Астана жастар театрының негізін қалаушы әрі актері театр мен киноны қоса тізгіндеп келеді. Тұшымды сомдаған рөлдері арқылы көрермен көзайымына айналған өнер қайраткерін арзан шоулардан көре бермейміз. Аз сөйлеп, көп іс тындыруға тырысатын азаматпен тілшіміз тілдесті.

– Бабы келіссе де, бағы жанбаған біраз замандастарыңызға қарағанда сіз өзіңізді айы оңынан туған актер санайтын боларсыз? 

– Шынымды айтсам, осы уақытқа дейін өзімді ешкіммен салыстырып көрмеппін. Дегенмен, өнер жолында әркімнің жұлдызы әр уақытта жанады деп жатады. Сондықтан бұйырғаны болды.

– Бір сұхбатыңызда «директор театрдың басшысы болса, актер театрдың патшасы» деген екенсіз. Патшалыққа ойыстыңыз ба?

– Әрине, қазір басшылықты абыроймен табыстап, актер деген мәртебеге оралдым. Екі жыл басшылықта болғанда түсінгенім, жалпы театр ұжымы актер үшін қызмет жасайды екен. Мәселен, біреу саған грим жасаса, біреу киіміңді әдемілеп үтіктеп әкеледі, біреу жарық түсірсе, енді біреулер ойнайтын қойылымыңның билетін сатып, әлек болып жүреді. Сол сияқты басшылық та жарыққа шығар қойылымды депутат немесе әкім-қаралар да қалыс қалмай көрсін деп барын салады. Мұның бәрі айналып келгенде, актерді ел алдына абыроймен шығару үшін жасалатын тірлік. Осы жағынан алып қарағанда, актер театрың патшасы деп түйіндедім. Сондықтан сахнада өзіңді талапқа сай ұстамауға, айтар сөзіңді ұмытуға және жан-тәніңді беріп ойнамауға, көпшіліктің үмітін ақтамауға хақың жоқ.

түсірілім алаңы
Әділ Ахмет пен Нұржан Садыбеков. Фото: tengrinews.kz

– Жалпы басшылық қызметте жаныңыз қаламаған дүниені жасауға баратын кездер жиі болды ма?

– Алғаш басшылыққа барғанымда, «ойбай, төбеден төмпештейтіндер болады» деген сияқты түрлі әңгіме айтқандар болды. Бірақ өз басым әлдебіреу тарапынан жасалған қиянатты көрген емеспін. Мәжбүрлеу, бопсалау сияқты әрекеттермен мүлде бетпе-бет келмедім. Тек ковидтің тұсында қызметкерлерге вакцина салдырту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деген тапсырмалар түсті. Бірақ ол жалғыз біздің театр ғана емес, жалпақ жұрттың қамына байланысты барлық мекемеге жүктелген міндет болғаны белгілі.

– Театр мен киноның тізгінін тең ұстап жүрсіз. Қай рөліңізден соң өзіңізді жұлдыз сезіне бастадыңыз? 

– Мен өзімді жұлдыз сезінбеймін. Оның үстіне бірден танымал болған актерлер қатарынан емеспін ғой. Алғаш «Қымызхана» бағдарламасы арқылы көрермен алдына шықтым. Одан соң «Кек» фильміне екінші пландағы рөлді алып шықтым. Бұдан кейін түрік актерлерімен селбесе таспаланған «Астана – махаббатым менің» сериалында басты рөлдердің бірі бұйырып, өзіндік аудиториямды кеңейту мүмкіндігі туды. Осылайша, «Қара шаңырақ», «Парыз», «Сұңқар» сынды біртіндеп бірнеше туындыға түсу бұйырып, таныла түстім. Бірақ ойнаған рөлдерімнің ішінде шоқтығы биік болғаны «Анаға апарар жол» драмалық фильміндегі Ілиястың рөлі болды.

Ахмет
Ә.Ахметтың инстаграм парақшасынан

– Иә, «Анаға апарар жол» сіздің атағыңызды тәуір аспандатты. Ондағы образ үшін кімге ерекше алғыс айтасыз, режиссер Ақан Сатаевқа ма, әлде ұстазыңыз Нұрқанат Жақыпбайға ма?

– Екеуіне де алғысым шексіз. Себебі, Нұрқанат ағам өнердегі сүре жолымды қалымтастыруға септігін тигізді. Ұстазымның Өнер академиясында берген сүбелі білімі мен театрда жиған-терген тәжірибем өзіме жүктелген кейіпкерді алып шығуға арқау болды. Менің қабілет-қарымымды ашып көрсете білген Ақан ағаға да мың алғыс. Осы ретте талантымды танып, кинода ойнауыма себепкер болған фильмнің кастинг директоры Жайна Әбдиеваға да ризашылығымды білдіремін. Ол кезде үш кезеңді қамтыған іріктеу науқанына ел өңірінен көптеген актер бағын сынауға бел буды. Олардың арасында финалға дейін жеткендер арасында Аян Өтепберген, Еркебұлан Дайыров сынды өнерде өз қолтаңбасы қалыптасқан жігіттер де болды.

– Қазір қаптап кеткен комедиялардың афишасынан көз сүрінеді. Сіз үшін бұл қалыпты жағдай ма, әлде өнердегі өтпелі кезең бе? 

– Мұны өтпелі кезеңге балаймын. Себебі, Голливудтың да іргетасы бір күнде қаланбағаны анық. Мысалы, алғаш дыбыссыз фильмдер шығып Чарли Чаплиндер оның жұлдызына айналды. Одан соң дыбысты фильмдер шыққанда, өзге бейнелер таныла бастады. Осылайша, кино кезең-кезеңімен дами түсті. Біз де осындай саты бойынша көтеріліп келеміз. Абай Атамыз айтқандай, өнерге әркімнің таласы бар. Бірақ солардың арасындағы тәуіріне көзі қырағы көрермен өзі таңдау салады. Кімнің жүзден жүйрік боларын уақыт көрсетеді.

– Дегенмен, өзіңізге арзанқол комедияларға түсуге шақырту жиі түсе ме?

– Түрлі шақыртулар келеді. Түспесем де премьераларына қатысып, қолдау көрсетуге тырысамын. Ал сценарийі ұнап, оң жамбасыма келер туынды болса, онда ойнауға тырысамын. Мысалы, күні кеше жарық көрген «Кеттік, бәрін таста» комедиясында ойнадым. Бірақ онда белгілі бір кейіпкерді емес, өз-өзімді кейіптедім.

– Аға буын сахнаның қадағасыз қалғанын айтып жүр. Осы ретте өнердің қай бағытына цензура керек сияқты: эстрада, кино, әлде театр?

Өнер еркіндікті сүйетін кеңістік қой. Сондықтан оны қатаң цензураға салып, шектеп тастауға болмайды. Бірақ, шектен де шықпау керек. Мысалы, елдің болмысын теріс жағынан көрсетіп, тілімізді шұбарлайтын туындылар өскелең ұрпақты тура жолдан тайдырады. Кейде туындының ортасында көңілге қылау түсіретін дүние айтылып, ал түйіндейтін ойы дұрыс жолға жетелеп, алалығын ақтап алатын деңгейде болса, оның айыбы жоқ деп санаймын.

Актер
Фото: ғаламтордан

– Танымалдық қыздар арқылы келеді деген ойда жұбайыңыз ұзақ жыл отбасыңыз барын жасырын ұстауды жөн көріпті. Дегенмен, арада мазалаған қыз-қырқыннан қызғаныш болған шығар?

– Ондай жағай болып тұрады. Бірақ бәрін ақылға салуға тырысамыз.

– Қателеспесем, үш балаңыз бар екен. Қандай әкесіз?

– Әңгімені өнермен өрбіткеніміз жөн болар, себебі жеке өмірдің жайын айтқанды жөн көрмеймін.

– Кәнігі актер есебінде көрермен көзайымына айналса деген идеяңыз бар ма?

Халық мұрасына айналған «Батырлар жырына» фильмдер топтамасын түсірсе деген ойым бар. Бала күннен әжемнің аузынан Қобыланды, Алпамыс жырларын тыңдап өскенмін. Әлі күнге дейін ютубтан жыршылар айтатын халық поэзиясының жауһарларын тыңдаймын. Шіркін, олар драмадан бастап, экшн, фантастика сынды түрлі жанрға сұранып тұрған дайын сценарилер ғой! Технологияның дамыған заманында неге соларды таспалап, жалпақ жұртқа жеткізбеске деп ойлаймын. Бір жағынан өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде таптырмас туындылар болар еді.

– Азамат Сатыбалды «Қазақфильм» басшылығына келгенде біраз жұрт қарашаңыраққа қан жүгіреді деп ойлап еді. Бірақ олай болмады. Осы тұрғында не айтасыз? 

– Басы-қасында болмағаннан кейін ашып ештеңе айта алмаймын. Қалай болған күнде өнер ордасының жай-күйі бірте-бірте оңалады деп үміттенемін. Әр нәрсе өз уақытымен.