28 Мамыр 14:03
...

«Жастардың сөзге шорқақтығы алаңдатады» – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Қанапия

Актер
Фото: ғаламтордан

Белгілі дубляж актері Азамат Қанапия «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді. «Асау жүрек», «Көкжалдар мекені», «Көшпенділер», «Сұлтан Сүлейман», «Алғашқылар дәуірі», «Көліктер-2» және тағы басқа фильмдер мен сериалдарды, мультфильмдерді дыбыстап, дубляж жасаған маманға тілшіміз хабарласты.

– Азамат, марапатыңыз құтты болсын! Еңбектің еленгені ерекше стимул бере ме екен? 

– Қуанышымды бөлісіп жатқан барлық ағайын-туыс, дос-жаран, әріптес, достарыма алғыс айтамын. Бір жапырақ қағаз бен төсбелі ештеңе шешпегенімен, еңбегінңің еленгені көңілге қуат сыйлайды екен. Демек, істеген ісім өнімін беріп жатыр екен деп пайымдайсың.

– Жалпы көрерменді қоңыр даусыңызбен қуантып жүргеніңізге қанша жыл болды?

– Бұл салада жүргеніме 24 жыл, ал әскери парад жүргізіп жүргеніме 20 жыл болды.

Актер
Фото: NEGE

 Сізді жұрт «Көшпенділер» фильмінің басында оқылатын дикторлық мәтін арқылы етене таныды ғой...

– «Алтай мен Атыраудың арасындағы ұланғайыр атырап – көшпенді қазақ жұртының бағзыдан бері келе жатқан ата қонысы». Әрбір әншінің бір әнмен танылатыны сияқты бұл фильмдегі осы жолдар менің де жұлдызымды жақты. Онда 86 адам іріктеуге түсіп, соның ішінде менің дауысымды таңдап алған еді. Ол кезде 26 жаста болған екенмін. Дегенмен, оған дейін де талай мәтін оқып жүрдім ғой.

– Қазақ дубляжында бәсеке қалыптаса бастады ма, қалай?

– Біз жатық сөйлеп, қазақ дубляжының мектебін қалыптастырған Байділда Қалтаев, Мұхтар Бақ­ты­гереев, Атагелді Ысмайылов, Фарида Шәріпова сынды қайраткерлердің ізін жалғаушылармыз ғой. Енді бізге қарап, осы салаға ден қойған жастардың бары қуантады. Бұл өз алдына бәсеке қалыптастырады, ал бәсекенің сапаны арттырары анық.

Қоғамдық ортада даусыңызды естіген жұрт елең ете қалатын болар?

– Әрине, көп жерде танып, амандасып, фотоға түсіп жатады.

Уилл Смитті дыбыстадыңыз, әлемдік жұлдыздардан тағы кімді қазақша сөйлеткіңіз келеді?

– Танымал туындылардың бәрін қазақша сөйлетсек, елдегі кинотеатрлардың барлығы дерлік қазақша сайрап тұрса екен деген арман ғой менікі. Қазір алыс-жақын шетелдік туындылардан бастап, қырғыз фильмдерін қазақшалап, көрерменге ұсынып жатырмыз.

Қ
Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Бұрын диалект сөздермен алыссақ, қазір оған желінің тілі қосылды. Тіл тазалығы жолында қандай жұмыстар атқарған жөн? 

– Өскелең ұрпақтың сөзге шорқақтығы алаңдатады. Мектеп қабырғасында емтихандарды ауызша тапсырып, диктант, мазмұндама жазуды қайта жандандырса игі болар еді. Қол жазып, ауыз сөйлемегеннен кейін ойды жеткізу қиынға соғады. Арнайы курс пен түрлі тақырыпта тренингер өткізіп жүрмін. Сонда байқағаным, балаларда сөйлеу техникасы қалыптаспаған. Кітапты бірден оқып кете алмайды, оқыса да түсінгенін, яғни ойын жеткізе алмай кібіртіктеп жатады. Бұл алаңдататын мәселе.

Дыбыс жазар алдында дауыс әуезді шығу үшін жұмыртқа ішіп жатады. Сіз қандай әдіс қолданасыз?

– Таңертең ерте тұрып, арнайы жаттығулар жасаймын.

Тамақты ауыртып алмау үшін суық су ішпейтін шығарсыз?

– Әлбетте, жылы су ішемін. Суық судан бөлек шемішке шағу, майлы тамақ жеу де дауысқа әсер етеді. Мен дауыс күтіміне қатты мән беремін.

Мансап қалыптастыруда дауыстың алатын орыны бар ма?

– Әрине, барған жеріңізде нық әрі сенімді сөйлеп тұрсаңыз, сізге деген сенім артады. Мәселен, кез келген жиын-тойда сөзі мәйекті, үні анық адамды «сен сөйле» десіп алға шығарады ғой. Сол сияқты тіл тазалығының күнделікті тіршілікте алатын орыны ерекше.