«Ақталуға негіз жоқ»: Министр қол астындағы полицейлерді сөкті
Ішкі істер министрі Шымкент қаласы полиция департаментінің жұмысын сынға алып, бірқатар басшыны қызметтен босатты
Астана.NEGE. Президенттің тапсырмасынан кейін Ержан Сәденов Шымкент қаласына барып, полиция департаментінің жұмысын кешенді түрде бағалады.
Кеңес барысында министр жеке құрамға қалалық полиция департаментінің жаңа басшысы Мұхтар Қожаевты таныстырды. Ол бұған дейін ІІМ тергеу департаментін басқарған.

Кеңесте қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, қылмысқа қарсы күресті жүйелеу және полиция қатарындағы тәртіпті қатаңдату негізгі міндет ретінде белгіленді. Министр қылмыстарға уақытылы әрекет етпеу, қызметтік тәртіптің әлсіреуі және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша нақты кемшіліктерді атап өтті.
«Тәртіп жоқ жерде нәтиже жоқ, сенім жоқ, бедел құлдырайды. Әрбір бұзушылық үшін барлық деңгейдегі басшылар мен кәсіби борышына опасыздық жасағандардың әрқайсысы жеке жауап береді», – деді Ержан Сәденов.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс ерекше бақылауға алынды. Министр тергеу-жедел бөлімшелеріне бұл істі толық әрі объективті тергеуді тапсырып, кінәлілердің барлығы заң аясында жауап беруі тиіс екенін қадап айтты.
Сонымен қатар ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бағыты сын тезіне алынды. Бұл саладағы жұмыстың әлсіздігі мен нақты нәтиженің жоқтығы үшін бейінді басқарманың басшысы мен оның бөлімдерінің бірінің жетекшісі қызметінен босатылды.
Бұдан бөлек, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту, есепте тұрған азаматтарға бақылауды арттыру, жол-көлік оқиғаларын азайту және полиция қызметіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізу міндеті қойылды.
Министрдің нұсқауымен Шымкент қаласының полиция бөлімшелерінде ІІМ-нің кешенді инспекторлық тексерісі басталып, арнайы комиссияға анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.