5 Ақпан 13:35
...

«Қазы және Шыңғыс хан»: Келімбетов пен АҚШ-тың бұрынғы министрі не туралы хат алмасқан

Келімбетов
Фото: Nege.kz

Қаржыгер, сексуалдық қылмыстар үшін сотталған Джеффри Эпштейн ісіне қатысты жарияланған архив құжаттарында Қазақстан Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетов бірнеше рет аталады. Бұған дейін оның Эпштейнмен кездескені туралы ақпарат тараған еді. Енді сол материалдардың ішінде Келімбетовтің АҚШ-тың бұрынғы қаржы министрі Ларри Саммерспен жазысқан хаты да табылған.

Астана, NEGE. 2014 жылдың наурызында Саммерс Алматыға келіпті. Сапардан кейін тараптар бір-біріне алғыс хат жолдаған – бұл осындай кездесулер үшін қалыпты жағдай.

Келімбетов америкалық экономистке сапары үшін алғыс айтып, кездесудің алдағы ынтымақтастыққа пайдалы болғанын жазған.

«Біздің ашық әңгімеміз маған қатты ұнады, одан көп пайдалы ой түйдім. Қазақстанмен алғашқы таныстығыңыз сізге де жақсы әсер қалдырды деп үміттенемін. Вашингтондағы кездесуімізді асыға күтіп отырмыз. Кездесулерді ұйымдастыруға көмектесуге дайын екеніңіз үшін алғыс айтамын», – деп жазған Келімбетов.

Саммерс те келіссөздерді оң бағалап, Келімбетовтің жұмысына жоғары баға берген. Сонымен қатар ол әңгіменің негізгі тұстарын Вашингтондағы әріптестеріне жеткізетінін және инвестициялық мәселелерді Эпштейнмен бірге талқылайтынын жазған.

«Қазыдан дәм татып, әсем кілемді көріп, Шыңғыс хан туралы және жұмсақ күш жайлы әңгімелерден алған жылы әсерлерді есімде сақтап қаламын», – деп жазған Саммерс.

Айта кетейік, АҚШ Әділет министрлігі Джеффри Эпштейн ісіне қатысты жариялаған материалдардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев пен Өмірзақ Шөкеевтің есімдері де аталады.

Бұдан бөлек, Эпштейн өзінің адвокаты Рид Вайнгартенмен 2012 жылдың қаңтарында хат алмасқанда Қанат Саудабаев пен Роман Василенконың да есімдері аталған.

«Сонымен… Қазақстандағы байланыстарым – Қанат Саудабаев, кем дегенде ол бұрын сыртқы істер министрі болған… тағы бір адам – Роман Василенко (орыc)… оның қазіргі қызметі халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы… мен 18–21 қаңтар аралығында Лондонда боламын», – деп жазған Рид Вайнгартен.

Құжаттар арасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сотталған Кәрім Мәсімовтің есімі кездеседі.