Ресей-Украина соғысы: Ауған және екі шешен соғысындағы жалпы шығыннан асып түсті

Украина мен Ресей арасындағы соғыс жергілікті халықты титықтатып жіберді. Ұзақ уақытқа созылған қақтығыс жайында Киев тұрғыны, Шығыс Азия бойынша сарапшы Наталия Бутырская әңгімелейді.
«Украина Ресей агрессиясынан қорғайтын трамплинге айналды»
– Ресейдің Украинаға қарсы соғысы ұзаққа созылды. Ресей билігінің жеңіске оңай қол жеткіземіз деген ойы жүзеге аспады. Олардың әскері украин әскеріне жойқын соққы жасап, бейбіт халық жапа шекті. Алайда, Украина соғыс алаңында егемендігін сақтап қалу жолында күресіп қана қоймай, батыс мемлекеттерінен қолдау күтті. Кейбір батыс сарапшылары әуелгіде украин әскерінің Ресейге қарсы тұра алатынына күмәнмен қараса да, кейін талай дүниеге көзі жеткен сияқты. Бірақ Ресей мен Украина арасындағы соғыс ұзақ кезеңге аяқ басты...
Германиядағы АҚШ әскери-әуе күштерінің «Рамштайн» әуе базасында 40 елдің қорғаныс министрлерінің кездесуі болды. Бір қызығы, Германия – Ресейге қарсы санкциялар мен Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз ету туралы шешімдер қабылдауға ұзақ уақыт кедергі келтірген елдердің бірі. Қоғамдық пікір Германия үкіметінің әрекетіне айтарлықтай әсер етті және ол Украинаның пайдасына шешілуде.
Тағы бір мысал, украиндардың Польша-Беларусь шекарасында жүк көліктерінің қозғалысына тосқауыл қоюы, бұл Украинадағы соғысқа байланысты Еуропа үкіметтерін Ресей және Беларусьпен көлік байланысын тоқтатуға мәжбүр етті.
АҚШ Украинаға көмектесу төңірегінде серіктес елдер мен одақтастарды біріктіре алды. Ресейдің әскери агрессиясы басталғаннан бері алғаш рет АҚШ пен оның одақтастары Ресейге қатысты стратегиясын өзгертті және Ресей Федерациясын бұдан былай соғыс жүргізе алмайтындай етіп әлсіретуді ұзақ мерзімді мақсат деп жариялады. Батыс елдері Ресейдің өз қауіпсіздігіне қатер төндіретінін түсінді. Ал Украина қазір оларды Ресей агрессиясынан қорғайтын трамплинге айналды.
Екі ел арасындағы келіссөздер процесі тоқтап қалды. Ресей армиясының Буча, Ирпин, Бородянкада жасаған қиянатынан кейін украин қоғамында диалогқа сұраныс жоқ. Қорқытып-үркіту, бейбіт тұрғындарға қатыгездік көрсету, тұрғын үйлерді, инфрақұрылым нысандарын атқылау тактикасы украин халқын тек Ресейге қарсы күреске жұмылдырды.
«Зеленский Путинге сенбейді»
– Владимир Зеленский Украинаның аумақтық шығындармен келіспейтінін және олар үшін соңына дейін күресетінін мәлімдеді. Оның үстіне Мәскеумен жасалған келісімдерге, Ресейдің болашақта, тіпті бейбіт келісім болған жағдайда да Украинаға шабуыл жасамайтынына сенімсіздік танытты. Украина билігін НАТО-ға балама ретінде ел қауіпсіздігіне кепілдік беру нұсқаларын іздеуге итермелейді.
Коллаж: focus.ua
Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы Кремльдің тек әскери жоспарлау тұрғысынан ғана емес, украиндар мен орыстар арасындағы қарым-қатынасқа орасан зор зиянын тигізген терең стратегиялық қателік болды. Олардың түсінігі бойынша, Украинадағы төңкерістер – АҚШ-тың ықпалы мен олар рухтандырған «түрлі-түсті төңкерістердің» нәтижесі. Алайда, Украинадағы төңкерістерге, ең алдымен, украин қоғамының Кеңес одағының мұрагерлігінен азат болу талабы және еркін демократиялық мемлекет құруға деген ұмтылысы себеп.
Украина қоғамы тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде айтарлықтай өзгеріске түсіп, ресейлік мәдени-тарихи мұрадан біржола қол үзуге әрекет жасады. Қырымның аннексиялануы және Донбасстың оккупациялануы украиндар мен ресейліктердің қарым-қатынасындағы елеулі сызатқа айналды.
Ресейлік үгіт-насихат пен Украинадағы ресейшіл саясаткерлер украин қоғамындағы тіл, мәдениет және дінге байланысты келіспеушіліктерді ұзақ уақыт бойы өршітіп келеді. Ресей бұл факторды Виктор Янукович қашып кеткеннен кейін пайдаланып, Қырым мен Донбасстың бір бөлігін иемденіп, орыстілді халықтың құқығын бұзу мәселелерін тасада жасырып қалды. Сегіз жыл ішінде Ресей басып алған аумақтарда экономикалық өркендеу болған жоқ, керісінше, Украинаның маңызды өнеркәсіптік аймағының кедейленуіне әкелді.
Отыз жыл ішінде Украинада өз болашағын еуропалық құндылықтармен және еуропалық өмір сүру деңгейімен тығыз байланыстыратын жас ұрпақ пайда болды. Бұған қарқынды білім беру, ғылыми және мәдени алмасу, украиндықтардың Еуропа елдеріне еңбек миграциясы ықпал етуде. Мойындау керек, бұл жағынан Ресей украин жастары үшін тартымдылығын жоғалтты және тек оккупацияланған аумақтарда тұратын халықтың бір бөлігі үшін көші-қон және білім ордасына айналды.
«7,7 миллион украин мәжбүрлі мигранттарға айналды»
– Ресейдің қазіргі агрессиясы украин және орыс халықтары арасында өркениеттік алауыздық тудырды. Сегіз жылға созылған соғыс Украина үкіметін Ресейге адал ете алмады. Мемлекеттік басқаруда тәжірибесі жоқ Владимир Зеленскийдің билікке келуі де Кремльдің Украинадағы саяси процестерге көбірек ықпал ету мүмкіндігіне ие болу үмітін ақтай алмады.
Ресей Украинаны күштеп өзінің ықпал ету аймағына қайтаруды ұйғарса да, бірақ елдің саяси және әскери басшылығын құлдырата алмады. Керісінше, Ресей армиясын, техника мен адам күшін күтпеген үлкен шығынға әкелді.
Әскери сарапшылардың пікірінше, Украинадағы соғыстың бірінші айындағы Ресей армиясының әскери шығыны Ауған соғысының он жылындағы Кеңес Одағының шығынынан немесе екі шешен соғысындағы жалпы шығыннан асып түсті.
Бірінші аптада Украинаның әскери комиссариаттарына 100 мың ерікті тіркелді. Бұл бүкіл ел бойынша тез арада аумақтық қорғаныс бөлімшелерін құруға мүмкіндік берді. Территориялық қорғаныс күштері мен жергілікті тұрғындар, мысалы, Сумы облысының партизандары өз территориясын орыс әскерлерінен азат етті. Сондай-ақ, Киевте қаланы сақтап қалуға және қалаға кірген диверсиялық-барлау топтарын жоюға қол жеткізді.
Сонымен қатар тылда белсенді волонтерлік қозғалыс жүріп жатыр. Ол соғыс аймағында немесе басып алынған аумақтарда тұратын әскерилер мен бейбіт тұрғындарға көмектеседі. Соғыс кезінде шамамен 7,7 миллион украин мәжбүрлі мигранттарға айналды.
5 миллион әйел, балалар мен қарттар Украина аумағын тастап кетуге мәжбүр болды. Бірақ украиндық босқындар өздерінің тұратын елдерінде Украинаны қолдау толқынын ұйымдастыра алған ықпалды күшке айналды. Кейбір штаттарда Украинаны қолдау шаралары Ресейдің ақпараттық ықпалына қарсы тұруға және жергілікті үкіметтерге ықпал етуге көмектесті. Соғыстың әр күні адам шығынына әкелді. Украинаның Буча, Ирпен, Бородиянка, Мариуполь және басқа да қалаларында бейбіт тұрғындарға, соның ішінде әйелдер мен балаларға қарсы көрсеткен қатыгездік деңгейі Ресейдің басып-жаншу үшін кез келген әдісті қолданып жатқанын көрсетеді.
«Ресей Украинадан біржола айырылып қалды»
– Ресейдің Украинаны тез басып алу жоспары іске аспай қалғанын ескере отырып, ол Донецк және Луганск облыстарының шекарасына жетуге, сонымен қатар Украинаның оңтүстігін мойындалмаған Приднестровьемен байланыстыру мүмкіндігімен басып алуға тырысты.
Батыстың қатаң санкцияларынан кейін ресейлік элита үлкен байлықтан айырылды. Ресей Федерациясы халықаралық тұрғыдан оқшауланды. Орыс агрессиясы Ресей мемлекетінің терең империялық амбициясын көрсетті. Украин халқының көз алдында Ресей енді қасақана өлтіруші, тонаушы ел ретінде қалатын болды.
Босып кеткен украиндықтардың үйлерінен ұрланған тұрмыстық техника, жиһаз, киім-кешек, тіпті ит қоралары тиелген әскери көліктердің фотосуреттері Ресейдің бүгінгі әл-ауқаты мен армиясының ұлылығы туралы мифті жойды.
Әскери сарапшылардың ешқайсысы соғыстың қанша уақытқа созылатынын болжауға асықпайды. АҚШ-тың жалға беру туралы заңы Украина армиясының елеулі әскери қолдау алатынын көрсетеді, бұл Украинаның жеңіске жету мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Қалай десек те, Украина армиясы ұрыс даласында өз жерінде бейбітшілікке қол жеткізуге барын салады. Дегенмен, қазірдің өзінде Ресей стратегиялық жеңіліске ұшырады деуге болады. Себебі, бұлар украиндықтардың достығы мен сенімін мәңгілікке жойды. Осылайша, Ресей Украинадан біржола айырылып қалды.