ШҚО-да жаңа оқу жылын 99 мың оқушы бастайды

1 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысындағы 347 мектепке 99 мыңға жуық бала барады. Оның ішінде 8664 оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қабылданды. Бұл туралы облыстық Білім басқармасы хабарлады.
Алматы, NEGE. Ұлттық «Келешек мектептері» жобасы аясында өңірде 3000 орындық 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның алтауы пайдалануға беріліп, жаңа оқу жылында есігін ашады. Сондай-ақ Зайсан қаласында Білім инфрақұрылымын қолдау қоры қаржысына, Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кентінде облыстық бюджет есебінен жаңа мектеп салынды.
Ал «1300 мектепті реновациялау» жобасы бойынша ШҚО-да 2027 жылға дейін 21 білім ошағын жаңарту жоспарланған. Биыл 5 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында: Шемонаиха ауданындағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп, Самар ауданындағы №1 Самар орта мектебі, Өскемендегі Л.Н. Гумилев атындағы №38 гимназия, Тарбағатай ауданындағы Қойған орта мектебі, Риддер қаласындағы №14 орта мектеп бар. Жыл соңына дейін ауылдар мен аудан орталықтарындағы 50 мектеп жаңғыртылады.
Сонымен қатар биыл облыс мектептерінде химия, физика, биология, STEM және робототехника бағытындағы 40 жаңа пән кабинеті жабдықталады. 103 мектепте 4,5 мың оқушыға арнайы тасымал ұйымдастырылған. Бұл мақсатта 127 автобус бөлінді.