Референдум Референдум
6 Наурыз 16:58
...

Құмар ойынның тұзағы: Лудоманиядан қалай емделуге болады?

Құмар ойын
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Алғашында құмар ойын жай ғана көңіл көтерудің бір құралы болып көрінгенімен, уақыт өте келе адамның бүкіл өмірін күйрететін қауіпті әдетке айналуы мүмкін. Лудомания адамды қарызға батырып, отбасылардың берекесін кетіреді, тіпті ауыр психологиялық күйзеліске алып келетін тәуелділікке ұрындырады.

Референдум

Алматы, NEGE. «Sana Sezim» оңалту орталығының клиникалық психологы Динара Қожахметова Nege.kz порталына құмар ойынға тәуелділік мәселелеріне қатысты пікір білдірді.

Динара Қожахметова
Динара Қожахметова, Фото: жеке мұрағатынан

Құмар ойынға тәуелділік қалай пайда болады?

Адам өмірінде кездесетін түрлі қиындықтар кейде оны әртүрлі тәуелділіктерге итермелеуі мүмкін. Қиын кезеңдерде ішкі күйзелістен құтылу немесе проблемалардан уақытша болса да қашу үшін кейбір адамдар құмар ойындарға беріледі. Динара Қожахметованың айтуынша, мұның түп-төркіні көбіне адамның эмоциялық күйімен байланысты. Импульсивті мінез-құлыққа бейім жандар құмар ойынды көңіл күйін реттейтін құрал ретінде қабылдайды. Яғни, ойын арқылы олар өздерін жеңіл сезініп, уақытша болса да күйзелістен арылғысы келеді.

«Құмар ойын кезінде адам ағзасында адреналин бөлініп, мида дофамин деңгейі артады. Бұл ерекше ләззат сезімін тудырып, адамды ойынға қайта-қайта оралуға итермелейді. Уақыт өте келе дәл осы сезім тәуелділіктің қалыптасуына әкеледі», – дейді маман.

Сонымен қатар кейбіреулер құмар ойын арқылы тез табысқа жетіп, беделін көтеруге тырысады. Олар ойын арқылы қысқа уақытта ақша тауып, өміріндегі мәселелерін шешемін деп сенеді.

«Тағы бір маңызды фактор – иллюзиялық бақылау. Құмар ойынға тәуелді адамдар кез келген сәтте ойынды тоқтата аламын немесе ұтылмаймын деп ойлайды. Алайда уақыт өте келе олар сәттілікке шектен тыс сеніп, өз әрекеттерін бақылаудан шығарып алады», – дейді психолог.

Динара Қожахметованың айтуынша, бұл мәселеде әлеуметтік ортаның да ықпалы бар. Егер адамның достары, таныстары немесе әріптестері құмар ойын ойнаса, ол да сол ортаға еліктеп, қызығушылық танытуы мүмкін. Осылайша «басқалар ойнап жүр, мен де байқап көрейін» деген ой қалыптасады.

Сонымен қатар кейбір адамдар қаржылық қиындықтан шығудың оңай жолын іздеп, құмар ойындарға жүгінеді. Бұған қоса, түрлі сайттар мен онлайн платформалардағы мен мұндалаған жарнамалар да адамдарды ойынға тартатын маңызды факторлардың бірі болып отыр.

Маманның айтуынша, соңғы жылдары құмар ойындарға тәуелділік әсіресе жастар арасында жиі кездесіп жатыр. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, жастарды жеңіл әрі тез ақша табу иллюзиясы қызықтырады. Көпшілігі қысқа уақытта байып кетуге болады деп сенеді. Ал оқу немесе жұмыс арқылы мұндай табысқа жету ұзақ уақыт пен тәжірибені талап ететіндіктен, кейбір жастар тез табыс табудың жолы ретінде құмар ойындарға жүгінеді. Екіншіден, эмоционалдық себептер де маңызды рөл атқарады. Өмірдегі стресс, қорқыныш, жалғыздық сияқты сезімдерден қашу үшін кейбір жастар құмар ойындарды уақытша «дәрі» ретінде қабылдайды. Ойын барысында олар шынайы өмірдегі қиындықтарды ұмытып, виртуалды әлемге еніп кетеді.

«Лудомания адамның психикалық денсаулығына тікелей әсер етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық аурулар жіктемесіне (МКБ-10 және МКБ-11) сәйкес, құмар ойындарға тәуелділік психикалық аурулар қатарына жатады. Сондықтан бұл мәселе жай ғана әдет немесе уақытша қызығушылық емес, медициналық тұрғыдан қаралатын дерт болып саналады», – дейді Динара Қожахметова.

Құмар ойынға тәуелділікті қалай емдеуге болады?

Лудомания көбіне арнайы емдеу мекемелерінде, мемлекеттік наркологиялық орталықтарда немесе жеке клиникаларда емделеді. Мұндай орталықтарда тәуелділікке шалдыққан адамдарға тәулік бойы медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі.

Психологтың пікірінше, бұл дертті өз бетінше жеңу өте қиын. Себебі тәуелділік адамның психикасына әсер етіп, мидың жұмысын өзгертеді. Соның салдарынан адам ойынға деген құмарлығын бақылауда ұстай алмайды.

Лудомания – ұзақ уақыт бақылауды қажет ететін дерт. Сондықтан емделіп, оңалтудан өткеннен кейін де адам белгілі бір ережелерді сақтап, тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуі тиіс. Егер осы талаптар орындалмаса, тәуелділіктің қайта пайда болу қаупі жоғары болады.

«Лудоманияның отбасылық қатынастарға тигізетін зияны орасан зор. Бұл ауру бүтін бір отбасыны психологиялық соққыға ұшыратады. Мысалы, тәуелді адамның қарыздары отбасының қаржылық жағдайын төмендетеді. Көп жағдайда отбасы мүшелері осы қарыздарды өтеуге мәжбүр болады», – дейді психолог.

Динара Қожахметованың айтуынша, лудоманияға шалдыққан адамның тәуелділігі бірінші ставкадан-ақ көріне бастайды. Құмар ойындарға көп бәс тігу ауруды асқындырады, ал оны өздігінен жеңу мүмкін емес. Сондықтан, маманның айтуынша, міндетті түрде кешенді медициналық және психологиялық көмек қажет.

Емдеу барысында наркологтар, психотерапевттер және психологтар бірігіп жұмыс істейді. Бір немесе екі айлық емдеу жеткіліксіз, көбіне процесс жеті айдан тоғыз айға дейін созылады.

Психологтың пікірінше, лудомания – күрделі тәуелділік, оны тек жақындардың қолдауы арқылы жеңу мүмкін емес. Сондықтан алғашқы сәттен-ақ дабыл қағу өте маңызды.

«Тәуелді адамның бірінші ставкасын жасаған сәтінен бастап тәуелділік процесі басталады. Мысалы, миындағы дофаминдік жүйе қозады, нейрондық байланыстар өзгереді, адам ойынға қайта-қайта ұмтылуға бейім болады. Бұл процесс наркоманиядағы «ломка» сияқты айқын физикалық белгілер тудырмаса да, эмоционалды тұрақсыздыққа, көңіл-күйдің өзгергіштігіне және ішкі шиеленістерге әкеледі», – дейді психолог.

Психолог Динара Қожахметова лудоманияға шалдыққан адамға көмектесу үшін атқарылатын маңызды қадамдарды атап өтті.

  1.  Маманның көмегіне жүгіну – психиатр, психолог немесе психотерапевттен кеңес алу.
  2. Емдеу орталығына жолдау – қажет болған жағдайда стационар немесе амбулаториялық оңалту орталығына жатқызу; тәуелді адам мамандардың бақылауында болып, кешенді ем алады.
  3.  Манипуляцияға жол бермеу – тәуелді адам басқаларға эмоционалды немесе қаржылық қысым көрсетуі мүмкін.
  4.  Психологиялық қолдау көрсету – көңіл-күйін бақылау, сенімді қарым-қатынас орнату, қиындықта қалдырмау.

Тәуелділіктен емделген адам қайтадан ойынға оралмауы үшін не істеуі керек?

«Тәуелді адамды қайтадан ойынға барудан сақтау үшін оңалту орталығында алған тәжірибе мен мамандардың нұсқауларын орындау өте маңызды», – дейді Динара Қожахметова.

Емделгеннен кейін психологиялық кеңестер мен нұсқаулықтар беріледі. Мысалы, смартфонды шектеу (тек кнопкалы телефонды пайдалану ұсынылады), себебі смартфонға кірген кезде онлайн-казиноларға немесе ойын шақыруларға қайта тәуелділік пайда болуы мүмкін. Бұл шектеу кейде бірнеше айдан бір жылға дейін сақталады.

Бұрын құмар ойынды бірге ойнаған достарымен байланыс қысқа мерзімге шектеледі, кейде басқа қалаға көшу ұсынылады, себебі бұрынғы ортаға оралу тәуелділікті қайта тудыруы мүмкін. Сондай-ақ казино мен ойын клубтары сияқты орындарға бармаған жөн.

«Бұл шектеулер алғашқы кезеңде төзімділікті арттыруға бағытталған. Уақыт өте келе адам өз-өзін бақылауды үйренеді, бірақ өмір бойы анонимдік топтарға қатысу маңызды. Әлемдік тәжірибеде қолданылатын «Он екі қадамдық бағдарлама» – тәуелділіктен сауығудың тиімді жолы. Бағдарлама бойынша адам өз қарыздарын, тәуелділіктің себептерін және өткен қателіктерін анықтайды, эмоционалды және қаржылық жоспар құрады, өз-өзін бақылауды үйренеді және қайта ойынға барудан сақтанады», – дейді психолог.

Егер бағдарлама тоқтатылса, тәуелділікке қайта түсу қаупі жоғары болады. Сондықтан тұрақты қолдау көрсету, белгіленген шектеулерді сақтау және психологтар мен психотерапевттердің нұсқауларын орындау аса маңызды.

Контекст

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде 2024 жылы елімізде заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы күреске арналған 2024–2026 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары қабылданды. Сонымен қатар 2024 жылдан бастап елде мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салатын заң өз күшіне енді. Аталған заңға сәйкес мемлекеттік, әскери, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ бюджеттік мекемелердің басшылары құмар ойын ойнап, бәс тігу құқығынан айырылады. Егер олар бұл талапты бұзса, қызметінен және атқарып отырған лауазымынан босатылады.

Бұдан бөлек, борышкерлердің бірыңғай тізімінде тіркелген қарызы бар азаматтарға да құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге рұқсат етілмейді.

Референдум