Референдум Референдум
6 Наурыз 16:04
...

Еліміздің дамуында әйелдер қауымының рөлі орасан зор – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада қазақстандық қыз-келіншектерді құттықтап, сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорда.

Референдум

Астана, NEGE. Салтанатты шарада Мемлекет басшысы әйелдер қауымының ел дамуындағы рөліне тоқталып өтті.

«Әйел – ұлттың жан-дүниесі десек, артық айтқандық емес. Олар – шабыттың қайнар бұлағы, шығармашылық музасы, әдемілік эталоны. Әлемдегі сұлулықтың бәрі әйел бейнесімен астасады.

Еліміздің дамуында әйелдер қауымының рөлі орасан зор. Кез келген жұмыста, мектепте, университетте, кәсіпорында, медициналық мекемеде, әскери бөлімде және басқа орталарда болсын, әдетте әйелдер айрықша еңбексүйгіштігімен, асқан жауапкершілігімен үлгі көрсетеді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы қыз-келіншектер «нәзік жанды» деп аталғанымен, қиын сәттерде ерік-жігері мұқалмай, табанды мінезі мен төзімділігі, шешімталдығы арқасында ерлікке парапар іс атқаратынын атап өтті.

Әйелдер
Ақорда

«Адамзаттың көркем жаратылысы саналатын айымдарымыз нәзіктігіне қарамастан көп міндетті, тіпті әйелдерге тән емес ауыртпалықты мойымай көтеріп жүр. Бірақ мойындауымыз керек, қаншама қиындыққа, кедергіге, жауапкершілікке, кейде ер-азаматтардың олқылығынан болатын келеңсіздіктерге тап болса да, әйел әрқашан ақыл мен ажардың айнасы болып қала береді. Әйелдердің басты құпиясы да, әу бастағы табиғи болмысы да осында.

Олар қаласа, күнделікті күйбең тірлікті мерекеге айналдыра алады, жадау көңіліңе жарқын сәуле түсіреді, мүмкін еместі мүмкін қылады, тіпті, соғысты да тоқтатып, бейбіт өмір орнатады. Ұлттың болашағы әйелдерге байланысты десек қателеспейміз», – дейді ол.

Президент қазақ қызының тағдырының ешқашан кедір-бұдырсыз болмағанын баса айтты.

«Оған тарих куә. "Қыздың жолы жіңішке", "Қызға қырық үйден тыйым" деген түсініктер халық санасына әбден сіңіп кеткен. Себебі біз – қыз баланың абыройын ел болашағының кепілі деп санайтын елміз.

Әйелдің табиғаты ерекше, жаны нәзік болса да, болмысы мықты деп айтуға толық негіз бар. Әйелдердің адалдығы, ұқыптылығы, еңбекқорлығы, ал керек болса, батырлығы мен қайсарлығы бәрімізге белгілі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, әйелдің осындай ерекше болмысының арқасында қоғамда адами құндылықтар қалыптасып, елімізде сенім мен келісім, өзара тілеулестік рухы орнайды.

Референдум