Референдум Референдум
6 Наурыз 14:21
...

«Қаржы жандармериясы»: Смайылов аудиторлық палатаның ықпалын күшейтетін қаулы шығарды

ЖАП
Фото: Жоғарғы аудиторлық палата

Енді Жоғары аудиторлық палата үкіметтік құрылымдардың ішкі аудит қызметтері жасаған есептердің күшін кез келген сәтте жоя алады.

Референдум

Астана, NEGE. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов 2026 жылғы 20 ақпанда мемлекеттік аудит жүйесіне өзгеріс енгізетін қаулыға қол қойды. Бұл қаулы іс жүзінде министрліктер жүргізетін тексерістерге сенімсіздік режимін енгізеді, деп жазады Exclusive.kz.

Басылымның жазуынша, құжаттағы негізгі жаңалық – ішкі аудит қызметтерінің тиімділік аудиті бойынша берген қорытындыларын толыққанды бақылау мәртебесінен айыру. Енді оларды тек «қажет болған жағдайда ғана» пайдалануға рұқсат етіледі, оның өзінде ведомстволық аудиторлар палата алдында өздерінің «объективтілігі мен кәсібилігін» дәлелдеп беруге тиіс.

«Іс жүзінде Қазақстандағы мемлекеттік аудит жүйесі "таза" (ЖАП) және "күмәнді" (қалғандарының бәрі) болып екіге бөлінгендей. Жақында ғана бүкіл үкімет аппаратының жұмысын үйлестірген Смайылов енді үкімет жүргізетін ішкі бақылау автоматты түрде сенімге лайық емес екенін ресми түрде мойындап отыр. Бұл – парадигманың түбегейлі өзгеруі: бұрын ішкі аудит қызметтерінің есептері бірыңғай жүйенің элементі саналса, енді олар жоғарыдан тексеруді қажет ететін "алдын ала жазбалар" деңгейіне түсірілді», – деп атап өтеді мақала авторы.

Автордың пайымдауынша, қысқа мерзімді перспективада бұл аппарат ішіндегі турбуленттіліктің күрт өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін және мұны «құрылымның үстінен тағы бір құрылым құрудың» классикалық мысалы ретінде қарастырады.

«Бұрынғы бақылау архитектурасында Қаржы министрлігінің комитеттері жасаған сәйкестік аудиті де-факто "негізгі ақиқат" мәртебесіне ие болды, ол дәлелді себептерсіз қайта қаралмайтын. Смайылов енгізген жаңа ережелер енді міндетті сүзгіні – Жоғарғы аудиторлық палата тарапынан берілетін арнайы "сапаны бақылау қорытындысын" талап етеді. Негізінде, бұл Қаржы министрлігінің бюджет процестерін түсіндірудегі институционалдық монополиясының әлсіреуін білдіреді», – делінген мақалада.

Қаржы министрлігі беделдік тәуекелдерді ішкі есеп деңгейінде тоқтата алатын болса, енді Жоғарғы аудиторлық палата өзіне «сараптамалық вето» құқығын қалдырып отыр. «Жоғарғы аудиторлық палатаның түпкілікті «қаржы жандармериясына» айналуының куәсі болып отырмыз» деген басылым авторының болжауынша, енді кез келген ведомстволық құжат жарамсыз деп танылуы мүмкін. Бұл формалды түрде «тексерілген» нысандарға қайтадан тексеру жүргізуге, яғни іс жүзінде жазалаушы сипаттағы аудиттер бастауға заңды жол ашуы мүмкін.

Референдум