«Көзге ұрып тұр»: Қарағандылықтар қаланың тарихи келбетін өзгертуге қарсы
Қарағанды қаласының тұрғындары кәсіпкерлердің Юрий Гагарин атындағы алаң аумағында орналасқан кейбір ғимараттардың қасбетін өзгерту арқылы бірыңғай стильді бұзып жатқанын айтып дабыл қағуда.
Астана, NEGE. Кәсіпкерлердің өз талғамына қарай ғимараттардың қасбетін өзгертуі қаланың тарихи бөлігіндегі архитектуралық бірыңғай стильді бұзады, деп есептейді журналист Айнұр Балакешова.
Оның айтуынша, Гагарин атындағы алаң – қаладағы жай ғана аудан емес, бұл облыс орталығының тарихи бөлігі. Мұнда орналасқан сары және қызғылт сары түстегі үйлер бірыңғай архитектуралық ансамбль құрып тұр. Үйлердің қасбеті бір стильде безендірілген.
«Алайда соңғы бірнеше жылда кәсіпкерлер алаңның стилі мен бірегейлігін жоюда. Өзіндік ерекшелігі жоғалып барады. Алаңның орталығында, ең көрнекі жерде орналасқан Ерубаев көшесіндегі ғимараттың иесі әйнек пайдаланып, нысанды сұр түспен безендірді. Меншік иесі ретінде нысанға қатысты кез келген шешім қабылдауға құқылы. Алайда, әсіресе, Гагарин алаңындағы ғимарат иелеріне нысандардың сыртқы келбетін қалауынша өзгертуге жол беруге болмайды деп ойлаймын», – дейді ол.
Бұл мәселеге Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пікір білдіріп, журналист пен тұрғындардың сынымен келісетінін жеткізді.
«Талғамға талас жоқ. "Көзге ұрып тұр" дегенге келсек, бұл жағынан келісуге болады», – деді өңір басшысы.
Бұл ретте журналист Италия немесе Санкт-Петербург сияқты қалаларды мысалға келтіреді. Оның айтуынша, аталған қалаларда әкімдіктер мен жылжымайтын мүлік иелері ғимараттардың сыртқы көрінісіне қатысты жалпы белгіленген, тарихи қалыптасқан талаптарды қатаң сақтайды.