Серік Шериязданов, сүңгуір-құтқарушы: «Менің басымда ондай оқиға болмайды» деп немкетті қарайтындар көп

Жаз мезгілі басталса, суға шомылу маусымы да ашылады. Алайда, жыл сайын судан келетін қауіп-қатер мен өлім-жітім азаймай отыр. Мәселен, 2020 жылы еліміз бойынша суға шомылу кезеңінде 198 адам суға кетсе, оның 58-і бала. Ал 2021 жылы республикадағы су айдындарында 312 адам суға батса, оның 109-ы кәмелет жасына толмаған бала. Nege.kz тілшісі Павлодар қаласындағы Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериаздановты әңгімеге тарқан еді.
– Серік Мүбаракұлы, әдетте көбі құтқарушы, өрт сөндіруші болуды бала кезден армандайды екен. Ал сіз сүңгуір болатыныңызды қай кезден білдіңіз?
– Бала кезімде қорғаныс саласына қатысты түрлі кино, деректі фильмдерді көріп өстік қой. Әсіресе, құтқарушы, сүңгуірлер жайында қызықты деректі фильмдер көп. Кейін жаңа технология дамып, интернет арқылы көре бастадық. Жалпы, осы тақырып аясында шетелдік режиссерлер небір мәліметке толы дүниелерді түсіріп жүр.
Азаматтық қорғаныс саласында 2009 жылдан бері жұмыс істеймін. Оған дейін жергілікті атқарушы органдарда қызмет атқардым. Ал 2017 жылдан бастап арнайы жедел құтқару жасағындамын. 2015 жылы Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы жоғары оқу орнын бітірдім. Мамандығым – Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау.
Жедел құтқару жасағында судың астында жұмыс істеуді, яғни сүңгуір мамандығын меңгердім. Жалпы, өзім Ертістің жағасындағы ауылда туып өскен соң, жүзуді бұрыннан білемін. Одан кейін альпенизмді, алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрендім. Үш жыл сүңгуір болдым. Қазір де шығамын. Қоғаммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеген соң психологияны да білуге тура келеді. Қазір сүңгуірші әрі Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары ретінде осы салаға жауап беремін.
– Павлодар қаласында қауіпті аймақтар көп пе?
– Ең үлкені – Ертіс өзені. Шығыс Қазақстан облысынан бастап Ресей федерациясына дейін және Павлодар облысының 720 шақырымдай жерін кесіп өтетін өзен. Бұдан басқа Баянауыл ауданында өзен-көл көп. Жасыбай, Сабындыкөл, Бірлік, т.б. Облыс бойынша 200-дей көл бар. Жыл сайын шамамен 30 шақты жағажай ашылса, онда міндетті түрде құтқарушылар қызмет атқарады. Ал рұқсат етілмеген жерлерде құтқарушылар болмайды. Көбінесе жұрт жаз кезінде рұқсат етілмеген жерлерде демалады. Сол себептен де суға кетіп қалу оқиғасы жиі кездеседі.
– Алдыңғы жылдармен салыстырғанда өлім-жітім азайды ма?
– Әртүрлі. Бір жылы азаяды, келесі жылы көбейіп кетеді. Мысалы, 2019 жылы Павлодар өңірінде 33 адам суға кетсе, оның 10-ы – бала. 2020 жылы 16 адам суға кетсе, оның үшеуі – бала, ал 2021 жылы 27 адам, 6-уы – бала. Оған ең алдымен ата-ана кінәлі. Өздері рұқсат етілмеген жерлерде шомылады, сөйте тұра балаларды қараусыз қалдырады. Тіпті, ішімдік ішіп, жанында бала барын да ұмытып кетеді. Рұқсат етілмеген жерлердің ой-шұңқыры көп. Оны біз де білмейміз. Сондай шұңқырға түскен бала шыға алмай қалады. Тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабының 1-тармағына сәйкес, ескерту берумен ғана шектеледі. Ал екінші рет ескерту алса, оған 2 АЕК көлемінде (5 834 теңге) айыппұл салады. Айыппұлды су полициясы салады. Ал сүңгуіршілер ескерту беріп, ақпаратт-насихат парақшаларды үлестіріп, түсіндіру жұмысын жүргізеді.
Балалармен байланысты қайғылы оқиға құтқарушыға өте ауыр тиеді. Құтқарушы да – әке. Оның да баласы бар. Әсіресе, суға кеткенде, жол апатына ұшыраса, көпқабатты тұрғын үйден құлап кетсе, жүрегіміз қарс айырылады. Сүңгуіршілерге де баланы іздеп, оны тауып ата-анасына табыстау – өте қиын. Екіншіден, халыққа түсіндіру жұмысын жүргізгенде кейбірі түсінеді, кейбірі мән бергісі келмейді. Тіпті, «Менің басымда ондай оқиға болмайды» деп жүрдім-бардым қарайды. Біз күн сайын қызметке кіріспестен бұрын «бүгінгі күніміз тыныш өтсе екен, ешкім суға кетпесе екен» деп тілейміз.
– Жедел көмек керек кезде сол маңайдан тез табыласыздар ма?
– Мәселе оқиғаның қай жерде тіркелгендігінде ғой. Мысалы, қаладағы жағажай болса, 1-2 минутта жетеміз. Ал қашықтау болса, әрі кетсе 5-7 минут. Сосын құтқарушылардың тез келуі ақпараттың дұрыс не бұрыс жеткізілуіне байланысты. Адамдар хабарласады да, нақты мекенжай айтпайды. Бірде бізге біреу телефон соғып «Өзен портында» суға батып кетуі оқиғасы болды» деді. Біздің сүңгуірлер дереу сол жаққа кетті. Ал оқиға өзен бекетінде болған. Ол мүлдем басқа жақта екен. Бәлкім бізге қоңырау шалған сырттан келгендер ме, қала қонақтары ма, білмеймін. Бірақ жергілікті тұрғындардың өзі де қате ақпарат жеткізеді. Мұндай кезде әр минут, әр секунд бағалы. Өйткені, судың астына кеткен адамды 5 минут ішінде таба алсақ, аман алып қалуға болады. Ал одан көбірек уақыт кетсе, ол да адамның физиологиясына байланысты. Егер ішімдік ішкен адам болса, әлсіреп, суда жүзуге қауқары болмауы мүмкін. Тіпті, ішіп отырып «анау аралға өтіп кетем» немесе Ертістің ана шетіне жүзіп өтем» деп күшіне қарамай бәстеседі. Одан кейін сіңірі тартылып қалады немесе қатты ағынға қарсы шыдас бермейді. Кейде сасқалақтап қалуы мүмкін.
– Судың астында қанша минут бола аласыз?
– Әрине, біз сүңгуір құралын киіп аламыз. Онымен қаншалықты ұзаққа жүру де адамның физиологиясына байланысты. Мысалы, өзім бір 12 келілік баллонмен 30-40 минуттай жүзіп, жүре аламын. Бұл ағынға, тереңдікке де байланысты. Адамның қалай демалуы да маңызды. Кейбір он жыл тәжірибесі бар мамандар баллондағы оттегіні бір сағатқа жеткізеді. Бірақ бітуге шақ қалғанда судан шығып үлгеру керек.
– Ал іздестіру шарасын қанша күн жүргізесіздер?
– Регламентті нормативтер бойынша 3 күн белсенді түрде іздейміз. Одан кейінгі жеті күн пассивті түрде жүзеге асады. Яғни, бақылау жүргізіп, судың бетін қараймыз. Себебі, өлі дене бірнеше күннен кейін су бетіне қалқып шығады. Балықшылармен сөйлесіп, сұраймыз. Судың ішіндегі ағаштарды сілкіп, қозғаймыз. Осылайша, норматив бойынша он күн іздейміз. Егер таба алмасақ, туыстары Төтенше жағдай департаментіне қайта өтініш жазады. Содан кейін ғана іздестіру жұмысы жалғасады.
– Жалпы, су астында адамды ұйыққа тартып алатын не нәрсе? Кейде «құтқарушылар өздері адамды судың астына тартып алады екен...» дегенді де естиміз.
– Көбінесе балдырлар аяққа оратылып қалады. Сосын адам судың бетіне шығуға қанша ұмтылса да, мүмкіндігі болмайды. Ал әлгіндей қауесетті талай естідік. «Сүңгуірлер аяғынан тартып алып, денені тығып қояды екен» дейтіндер де бар. Ойлаңызшы, одан бізге не пайда? Беталды өзіміз шаршаймыз. Мақсат – адамның денесін тезірек тауып беріп, туыстарына табыстау ғана. Олар да мәйітті құран оқытып, жерлегісі келеді. Сондай кезде өзіміз де қиналамыз. Тағы да қайталап айтамын, біз жоғалған адамды тегін іздейміз. Ешкімнен ешқашан ақша сұрамаймыз, алмаймыз. Бізге жалақыны үкімет төлеп отыр. Құтқарушы-сүңгуіршілер су бетінде және су астында құтқару жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, жағажайдың су астын тексеріп, қалдықтарды тазартып отырады.
– Жалақыңызға көңіліңіз тола ма?
– Шыны керек, аз. Кейбіреулер бізді 500-600 мың теңге алады деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары ретінде қолға алатын жалақым – 170-180 мың теңге. Кейде қолымды бір сілтеп, кетіп қалғым келеді. Бірақ үйреніп қалған жұмыс болған соң, алға ұмтыла бересің. Одан бөлек талай жыл бірге қызмет атқарған әріптестерді қимаймын. Сондықтан осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін.
– Жедел іздестіру жұмысы барысында сүңгуіршілердің де суға батып кететін оқиға тіркеле ме?
– Болады. Былтыр Алматы облысында іздестіру жұмысы кезінде қайық аударылып кетіп, 15 жыл тәжірибесі бар сүңгуірші суға батып кетті. Су мен өрт – тілсіз жау. Бұл жерде ешкім сақтандырылмаған ғой. Құдайға шүкір, өз басымда жеке өміріме қауіп төнген оқиға болған жоқ. Сүңгуіршілерде жиі болады. Көбінесе су астында жүрген кезде балдырларға оралып қалады.
– Сүңгуірлер жаз маусымынан басқа уақытта немен айналысады? Әлде, мамандар бесаспап па?
– Мәселен, қыстыңгүні де әуесқой балықшылар суға батып кетеді. Олар тек сүңгуір ғана емес, басқа да жұмыстарды қосалқы атқарады. Олардың қатарында альпинистер де бар. Қыста жол апатына ұшыраған адамдарды, боранда қалып қойған көліктер мен жолаушыларды құтқарады. Тәулік бойы жұмыс істейді. Көктем жақындағанда су тасқынына дайындаламыз. Одан қала берді жаңадан келген жас құтқарушыларды үйретеміз.
Біздің құтқарушыларға дамылдайтын уақыт жоқ. Қазір әсіресе, көпқабатты үйлерден абайсызда құлап кету, қасақана суицид жасау оқиғалары жиілеп кетті. Қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамайды және терезе жуып тұрғанда байқамай құлап кетеді, тіпті баланы үйде жалғыз қалдыратындар да көп. Павлодар қаласында 11 мамыр күні түскі сағат 2 жарымда 112-ге «9-қабаттан қыз құлап кетті» деген хабарлама түсті. Ол тіс емханасының шатырына түскен. Құтқарушылар жедел жетіп, альпинизм құралдарын қолданудың нәтижесінже қызды төбеден түсіріп, жедел жәрдем көмегіне табыстады. Ата-аналарға қатаң ескерту ретінде айта кеткім келеді, балаларды жалғыз қалдырмау керек. Отбасында кішкентай балалар болса, терезеге темір тор қою қажет.
– Бір тәуліктің қалай өтіп кеткенін білмей де қалатын шығарсыздар...
– Таңғы 9-да келеміз, ауысымды қабылдап, кейінгі ауысымға тапсырамыз. Олар өткен тәулікте қандай оқиға болды, не жұмыс атқарылды, есеп береді. Сосын басшы ретінде қабылдап алатын ауысымға қауіпсіздік жөнінде нұсқау кеңесін жүргіземін. Топтың бас маманы құрал-жабдықты қабылдап алып, қауіпсіздік қағазына қол қояды. Егер сол күні ешқандай қоңырау түспесе, бірінші жарты күндікте іздестіру, құтқару жұмыстары және регламент бойынша теория сабағын өткіземіз. Ал түстен кейін тәжірибе жұмыстары жүргізіледі. Күнде солай. Мұндай кезде мамандар жұмыс барысында істен шыққан құтқару құралын жөндеп, қалпына келтіреді.
– Құтқарушы болу қиын ба? Мамандарды кандай талаптармен жұмысқа аласыздар? Мекемеде қанша адам жұмыс істейді?
– Қазір Павлодар облысы бойынша штатта 91 құтқарушы жұмыс істейді. Әр саланың, әр мамандықтың өз қиындығы бар. Бәрі де тәжірибе арқылы келеді. Бізге жұмысқа қабылданатын маман заң бойынша 18 жастан асуы керек. Спорт жағынан шебер, яғни физикалық тұрғыдан шымыр әрі ширақ болуы тиіс. Сондай-ақ, әскери борышын өтеп келген болуы тиіс. Ең бастысы, денсаулығында ақау болмағаны абзал. Мысалы, сүңгуірлер міндетті түрде лор (құлақ және мұрын тексеретін) дәрігерінен тексеруден өтуі қажет. Психологиялық тесттен сүрінбей өтсе, құба-құп.