17 Шілде 17:54
...

Перизат Қайрат диплом жасатудың «жолын» іздеген

Перизат Қайрат
Фото: инстаграмнан

Астана қаласында Перизат Қайраттың ісіне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сотта Перизат Қайраттың құрбысы Толғанай Боранқұлдан жауап алынды.

Астана, NEGE. Прокурордың айтуынша, айыпталушының телефонынан 2023 жылдың 18 мамырында құрбысына жазған хабарламасы табылған.

Онда П.Қайрат құрбысынан: «Қазақстандық дипломды жасатып алудың жолын тауып бере алатын таныстарың бар ма?» — деп сұраған.

«Иә, бұл хабарламаны ол маған жазды. Оны растаймын. Ұмытпасам, сол кезде ол бір министрдің көмекшісі қызметіне орналасуға ниетті еді. «Жолын тауып, жасап бере алатын» деген тіркесті мен басқа мағынада түсіндім. Ол тікелей сатып алуды меңзеген жоқ. Меніңше, ол сырттай оқып, диплом алып, мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуді көздеді», — деді Боранқұл.

Өз кезегінде Перизат Қайрат Қазақстанда жоғары білім туралы дипломы жоқ екенін, бірақ шетелдік дипломы бар екенін алға тартты. Айтуынша, ол тек сол дипломды Қазақстанда қалай заңдастыруға болатынын сұрастырған.

Оның бұл сөзін құрбысы да растады.

«Мен де шетелде оқыдым, менің де дипломым шетелдік. Оны Қазақстанда нострификациядан (тану рәсімі) өткіздім. Оны рәсімдеу жолын басымнан өткізген соң, ол менен қалай жасау керегін сұрады», – деді Толғанай Боранқұл.