Серік «Голованың» сергелдең тағдыры
Қылмыс әлемінде «Голова» деген лақап аты бар қазақстандық «заңдағы ұры» (вор в законе) туралы аз-кем әңгіме.
Зейнеттегісі бар, қазіргі қатардағысы бар, барлық полиция қызметкерлерінің пікірінше, Қазақстанда Серік «Головадан» басқа «заңдағы ұры» болмаған.
Серік Қалықұлы Жаманаев 1965 жылдың 21 қаңтарында Алматы облысы Жамбыл ауданы Фабричный ауылында дүниеге келген. Қазақ, орта білімді, ҚР азаматы, жұмыссыз, бойдақ. Қылмыс әлеміндегі дәрежесі – заңдағы ұры. Ол өзінің алғашқы түрме мерзімін 1982 жылы, Жамбыл аудандық халық сотының шешімімен «кісі мүлкін ұрлады» деген айып бойынша 3 жылға сотталып, отырып шыққан. Екінші рет 1986 жылы Қаскелең аудандық сотының шешімімен «қарулы шабуыл жасау және ауыр дене жарақатын салу» бабы бойынша 10 жылға жаза кесілген.
Серікті алғаш қылмыс әлеміне даярлаған оның сыбайлас досы 1952 жылы туылған Александр Клаузерді атайды. Ол екеуі Степногорскідегі ИК-90 түзеу колониясында бірге отырған екен. Дәл осы Клаузер оған қылмыс әлемінің пәлсапасы мен өзін-өзі қалай ұстау мәнерін, қылмыскерлердің түсінігін үйретіп қана қоймай, Серікті өз қатарларына тартуда қылмыскер серкелердің алдында басты кепіл болған деседі. Екінші мәрте түрмеге отырып шаққаннан соң, Серік «Голова» деген лақап атқа ие боп, «заңдағы ұры» дәрежесіне емтихан тапсыру үшін Мәскеуге барады. ҚР ІІМ дерегінше, кілең айтулы қылмыскерлер бас қосқан жиында Серік «Голованың» «ұры» болуға лайық тұлға деп әйгілі Михасьтың өзі қуаттап сөйлеген көрінеді. «Михась» деген лақап атпен қылмыс әлеміне ерекше танымал ресейлік бизнесмен, ешқашан ұйымдасқан қылмыс бабымен сотталмаған Сергей Анатольевич Михайлов деген авторитет аталады.
Сергей Анатольевич Михайлов (Михась)
Сол кездесуде Михасты қолдап ТМД елдерінің 40 авторитеті дауыс беріп, Серік «Голованы» «заңдағы ұры» етіп сайлайды. Сөйтіп, Серік Жаманаев 90 жылдардағы Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы тұңғыш «заңдағы ұры» болды. Оған дейін бірде-бір қазақстандық қылмыскер мұндай дәрежеге көтерілмеген еді. Мәскеуден қылмыстық мансаппен оралған «Голова» Алматы, Тараз, Шымкент шаһарларын бақылауға алып, өзі аса көзге түспей, Тараз қаласында тұрып жатады.
– Ішкі істер саласында 7 бөлім деген болатын, сырттай бақылау бөлімі. Сол бөлімнің аңду-бақылау ісіне арналған барлық жабдық орнатылған «Жигули» автокөлігін тапа-тал түсте Тараз қаласында белгісіз біреулер айдап кеткен. Қалалық ішкі істер басқармасының барлық мамандары жабыла іздегенімен, мәшине үшті-күйлі жоқ. Ол кезде мен облыстық қылмыстық іздестіру басқармасының басшысы едім, маған басшылық осы іспен айналысуға бұйрық берді, – дейді сол кездегі ең алымды ізкесуші әрі бұрынғы Тараз қалалық және облыстық Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары болған Жаңабек Қалдарбеков. – Содан, амалсыз Серікті өзіме шақыртып алып, сөйлесуіме тура келді. Оған бұның өте үлкен қылмыс екенін түсіндірдім. Қызметтік арнаулы көліктің ұрланғаны үшін Тараздағы барлық қылмыскерлер мен серкелерін тұтқындап, жауып тастайтынымызды айттым. Әрбір майда-шүйде тірлігі үшін талай бұзақының үстінен қылмыстық іс қозғап, тіпті, кейбірін қамауға себеп табамыз, енді біреулерінен есірткі де тауып аламыз деп қорқыттым. Ол кезде Серік есірткінің ханка деген түріне түрмеде жүріп-ақ жақсы отырған кезі-тұғын. «Голова» үндемеді, ләм-мим деместен кете барды. Бірақ бірнеше сағаттан кейін полицияның кезекші бөліміне белгісіз біреу телефон шалып, біздің көліктің қай жерде тұрғанын айтты. Жалпы, Серік «Голова» қызық жігіт болатын. Өзін жақсы ұстай біледі, полицияға да еш қиындық туғызбады және бізбен істес те болмады. Оның жігіттері «Голованың» көзге түспеуі үшін бар жағдайын жасап қоятын. Біз, әрине, ол арқылы көптеген істің ың-шыңсыз шешіліп жататынын біліп отырдық.
Серік Жаманаев шынында да өте сақ әрі кез-келген ісі мен сөзін мұқият есептеп істейтін қылмыскер еді. Оны қолға түсірмек болған барлық операциялар сәтсіз аяқталып жататын. Оның тобына тыңшы кіргізу де аса қауіпті әрекет еді. Алайда, «аңдыған жау алмай қоймас» деп, күндердің күнінде Серікті полиция қызметкерлері әйтеуір бір сүріндірді.
2002 жылы белгісіз бір «бандиттер» Ұзынағаш ауылының маңындағы бір кірпіш зауытқа баса-көктей кіріп, зауыт қожайынына қоқан-лоққы көрсетеді. Зауыт қожайыны әлгілерге өзінің бизнесін Серік «Голованың» өзі бақылап, жан баласына тиіскізбейтін «крышасы» екенін айтады. Аса танылмаған бандиттер «сені де, «крышаңды» да қосақтап қойып, бізге жұмыс істеткіземіз» деген секілді доқ көрсеткен. Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдердің де қылмыстық әлемінде өз орыны бар «Голова» үшін мұндай басыну тосын соққы болды. Әр іске бармас бұрын, алды-ала мұқият зерттеп алып қана кірісетін Серік пен оның жігіттері дәл осы жолы белгісіз бандиттермен кездесуге ес-түссіз ұмтылған-ды.
Бандиттік кездесуге асығып бара жатқан кезінде, Серік Голова мен оның жігіттерін Алматы-Ұзынағаш тас жолында «Сұңқар» арнайы жасағы тоқтатады. Терезелері тұмшаланған көліктегілер есігін ашпай отырып алған. Амал жоқ, сұңқарлықтар көлік есіктерін бұзып, ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық мүшесін тұтқындайды. Көліктің артқы орындығында Серік отырған, оның орындығының астынан оқшантай толы оғы бар Калашников автоматы, Голованың шұлығынан 3 грамм героин табылды. Бұл оқиға жөнінде сол кезде бүкіл БАҚ шулатып тұрып ақпарат берген еді...
Голова Қостанай түрмесіне қамалады. «Авторитетті түрмеде сындырып тастапты» деген желсөз гу ете қалды. Тіпті, түрме қызметінен де «Серік Голова қылмыстық өмірден бас тартыпты» ресми хабар шықты. Тіпті, қылмыстық топтың өкілдеріне өзін Серік «Головамын» деп таныстырған бір сотталушының түрме еденін жуып жүрген видеожазбасы да таратылған. Бұл дегеніңіз, қылмыс әлемінің серкелері үшін ең жаман кемсіту еді.
Бұдан өзге, қылмыс әлемінің ең атақты авторитетінің өміріне әсер еткен өзге де оқиға бар көрінеді. Ол жөнінде маған Ішкі істер саласында түрлі жауапты қызметтерді атқарған, зейнет демалысындағы полиция полковнигі Талғат Ақшалов айтып берді.
– 2001 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша аулында Тәжікстан азаматы Назар Муродов дегеннің ірі агрофирмасы болды. Оның 40 мың гектар жері, егістігі бар еді. Ол отбасымен емес, өзінің бес көмекшісімен бірге жерүйде тұратын. Спорттың ядро лақтыру түрінен әлем чемпионы болғаннан кейін, денесі ірі жігіт-тұғын. Бір күні түнде оның үйіне бірнеше жігіт баса-көктей кіріп, барлығын жақсылап сабап тастаған. Әлгілердің төлқұжаттарын алып, Назардың кім екенін анықтаған соң, оның қол-аяғын байлап, аузын тұмшалап, мәшиненің артқы багажына салып әкетіп қалады. Сол күні кешкісін Тайынша мен Көкшетау арасындағы тасжолмен құйғытып кетіп бара жатқан БМВ, Мерседес және джип көліктерін жол полициясы байқап қалған екен, алайда, жоғалған Муродовты табу оңайға соқпайды. Тәжікстаннан Муродовтың інісі Олим Муродов Тайыншаға келіп, ағасын іздеу үшін полиция қызметкерлеріне көмектескен. Бірақ, нәтиже жоқ.
2002 жылдың сәуір айында, ол кезде мен Ішкі істер министрлігінің криминалдық полициясында жұмыс істейтін едім, әріптесім екеумізді осы істі анықтауға жұмсады. Полицейлердің арасында «опер сәттілігі» деген ұғым бар, бізге де сондай сәттілік серік болды. Тайынша ауылында тұратын бір бойжеткен қылмыс болған күні күдікті көліктердің бірінің мемлекеттік нөмірін есте сақтап қалған екен. Анықтай келе, ол мәшиненің ақмолалық қылмыскерлерге тиесілі көлік екенін білдік. Ол кезде шағын қала болғандықтан, біз әрбір қылмыскерді жазбай танитын едік. Біз көп ұзамай, маусым айында қылмысты ашып, Муродовтың өлі денесін Көкшетаудың жанындағы Воробьевка ауылы маңынан таптық. Жыл аяғына дейін осы қылмысқа қатысы бар он жігітті түгел қолға түсірдік.
Табылған мәйітті анықтау кезінде Олим Муродов кеп, қатысты. Ол кейін өзіне жергілікті жігіттердің ағасының өліміне «Сайгон» деген солтүстікқазақстандық авторитеттің қатысы бар екенін жеткізгенін айтты. Олим Ресейдегі «заңдағы ұры» Дед Хасанға хабарласып, ағасының өліміне жергілікті авторитеттің қатысы барын айтқан. Дед Хасан мәселені анықтайтынын айтып, бір хабар күтуін ескерткен. Арада бір сағат өтпей, Дед Хасаннан хабар жетіп.., артынша Сайгонның өзі сөйлесіп, Олимді кездесуге шақырады. Анықталғанындай, Сайгонның бұл іске еш қатысы болмай шыққан.
Дед Хасанның не қатысы барын анықтауға кірістік. Сөйтсек, Назар мен Олимнің Тәжік соғысына қатысып, дала командирі болған туған ағалары болған екен. Оны соғыс кезінде өлтіріп, денесін өртеп жіберген деседі. Ал, шынтуайтында ағайынды Муродовтар агробизнесті көзалдар етіп, негізі есірткі тасымалдаумен айналысқан.
Ағайындылардың есірткі бизнесін Серік «Голова» білген. Неге бұл «бизнестен» жергілікті қылмыстық бірлестікке салық төлетіп отырмасқа деген мәселені көтереді. Кейін Астананың Еуразия базары маңында қылмыстық топ өкілдері кездескенде осы әңгіме қозғалып, ағайынды есірткітасымалдаушылардың әрқайсысынан 10 мың доллар алып отыруға шешім қабылданады. Бұл істі біржақты етіп тындыруға қарағандылық «Америкалықтар» қылмыстық тобының он жігіті құлшына мойындарына алады. Олардың ішінде сол кезде танымал болған Темірхан Қалиев деген криминалитет бар еді.
Бандылық топ Көкшетау маңындағы саяжайдан бір үйді жалға алып, ол жерге Назар Муродовты алып келеді. Аяқ-қолы матаулы, аузы тұмшалаулы Муродовты әбден сабап, көп сомада ақша талап етеді. Муродов басын изеп, олардың талабына келіскен. «Үлкен шаруаны» тындырғандарына масаттанып, қылмыскерлер арақ ішеді де, ұйықтап қалады. Азанда тұрған кезде олар аузы бекітіліп, мұрыны қанға толған Муродовтың тұншығып өлгенін көреді. Қателік жіберіп қойғанын түсінген олар, жан-жаққа қаша бастайды. Екі жігіт мәйітті мәшинеге тиеп, орманға алып барады. Ол жақта кездейсоқ орманшымен жолығысып қалады. Екі жігіттің бірі орманшымен әңгімелесіп жатқанда, екіншісі оны полиция қызметкері екен деп қашып кетеді. Жаңағы жігіт бір өзі Муродовтың өлі денесін бір шұңқырға тастап, бетін қураған бұтақтармен жасырып тастайды...
Кейінірек осы қылмыстық іс бойынша сот болып, оған Олим де қатысты. Сол жерде ағасының өліміне қатысты кісілерді көріп, әуелгі әңгіменің Серік «Головадан» басталғанын білді. Соттан кейін Олим Дед Хасанға тағы да хабарласқан көрінеді. Дед Хасан Серікті қылмыс әлемінің «заңды ұрылары» қатысатын жиылысқа шақырады. Дәл сол күні «Голова» алматылық ұйымдасқан қылмыспен күрес полициясының жігіттеріне қолға түседі. Тағы да шұлығынан героин табылған. Сөйтіп, бірнеше жылды арқалап, сотталып кете барды. Әрине, түрмедегі адамға бостандықта жүрген қылмыскерлердің қолы жетпейді. Сол себепті Серік «Голованы» «заңдағы ұры» дәрежесінен төмендетіп тастаған болуы керек...
Қазақстандағы қылмыс әлемінің авторитеті Серік «Голова» жайлы әңгіменің ұзын-ырғасы осындай. Рас, кейінірек «Голова» ұры дәрежесін жоғалтпапты деген әңгіме де шыққан. Алайда, бұл сөздің рас-өтірігін ішкі істер саласының ардагерлері де, бүгінгі қызметкерлері де не растамай, не жоққа шығармай отыр. Ол оқиғадан кейін Жаманаевты босатты, кейін тағы да түрмеге түсті, қазір елдің айтуынша, ол бостандықта көрінеді. Қалай десек те, Серік «Голова» өзінің қылмыс әлеміне танымал болмай тұрып, осы жолды, осы тағдырды өзі таңдады ғой...
Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола» кітабынан.