16 Наурыз 10:23
...

Сейт Умерсанұлы: Қазақстандағы қырым татарлары қазақ тілін үйренуге күш салып жатыр

Фото:

Елімізде тұрып жатқан ұлт пен ұлыс өкілдерінің қай-қайсымен сөйлессең де, қазақ халқына деген алғысын жаудырады. Сол үшін арнайы Алғыс айту күнін де белгіленді. Алматыдағы  «Ватандаш» Қырым татарлары мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сейт Бабалиевтің айтуынша, Қазақстанда тұратын диаспора өкілдері алғысты бір күні ғана емес, күнде айтса да артық емес.

 Сейт Умерсанұлы, Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі туралы не айтасыз?

– Ассамблеяның мүшесі әрі Алматы қаласындағы Қырым татарлары мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасымын. Ассамблея құрылған кезде де күмәнді пікір болды. Оны құрудағы мақсат қандай? Әрине, елдегі 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақтың астында ұйыстырып отыру, қоғамды біріктіру оңай емес. Бізде диаспоралар тату-тәтті тұрады. Негізінен адамдар арасындағы түсініспеушілік пен кикілжің көбінесе саяси емес, тұрмыстық жағдайда болады.

ХХ ғасырдың басы қай халыққа да оңай болған жоқ. Сол кезде Қазақстанға қаншама елден басқа ұлт өкілдері келді. Соның ішінде 1944 жылы біздің халық та депортацияға ұшырады. Азғантай ұлттың ішінде, яғни Қазақстанда тұрған 260 мың адам ішінен 7 Кеңес одағаның батыры шықты. Оның біреуі екі мәрте батыр атағын алған.

30 жылдары ұжымдастыру кезінде 250 мың шаруа келді. Қаншама адам тың игеруге, өнеркәсіптік аймаққа келіп, орналасты. Содан осы мекенде түтінін түтетіп, сіңісіп кетті.

Жақында ғана Алғыс айту күні өтті. Бұл – Қазақ халқына алғыс айтуға арналған күн. Қиын-қыстау заманда сырттан келгендерге құшағын жайып, үйінен орын берген қазақ ұлтына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл күн өскелең ұрпақ үшін де маңызды. Бір-біріне деген құрметті, достықты нығайтатын күн. Ұлтаралық қатынас беки түсетін күн. Ассамблеяның кез келген мүшесімен сөйлессеңіз, оның бойында Қазақстанға деген патриот сезімі бар екеніне көз жеткізесіз. Әсіресе, ертерек келген аға буын өкілдерінің алғысы зор. 

.

 Сіздіңше, Ассамблеяның қызметіне өзгеріс енуі керек пе?

– Әу баста Қазақстан халқы ассамблеясын құрудағы мақсат – Қазақстан халқын біріктіру, біртұтас ету. Қазір де осы үдеден шығып келеді. Әр диаспораның мәдени орталығы жұмыс істейді. Онда олар өз ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілі мен мәдениетін дамытып қана қоймай, тәрбие жағын да бойға сіңіріп, қазақ тілін үйренеді.

 Қазақстанда қазір қанша қырым татары тұрып жатыр?

–  Жалпы, Қазақстанға шамамен 4 мың қырым татары келген. Соның 3 мыңдайы Алматы қаласына түскен. Қазір мұнда 1, 5 мыңдайы тұрады. Көбі 1989 жылы туған атамекенге оралуға рұқсат берілгенде кетіп қалды. Еліміздің басқа өңірлеріне қоныс тепкендері де бар. Әсіресе, Жамбыл, Түркістан облысында тұрақтап қалған. Олардың ішінде Қазақстанды туған еліндей көретін жаны жайсаң азаматтар баршылық.

– Сіздің де ата-бабаңыз Қазақстан жеріне ел басына күн туған заманда келген бе?  

– Менің жасым 66-да. Осында өмірге келдім. Аталарым қазақ топырағына келерде көп қиындыққа тап болған. Бір ай жүріп келгенде аман жетпегендері қаншама? Бірақ бәле-жала қашық болып, Қазақстанға келіп, ұрпағы – біз дүние есігін аштық. Сол үшін де Қазақстанға алғысым шексіз. Осы елде білім алып, отбасы құрдым. Ұрпақ сабақтастығы жалғасып жатыр.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары бірінен соң бірі ашылған мәдени орталықтардың есігінен алғаш аттаған кезіңіз есіңізде шығар...

– Тәуелсіздік алған жылдары барлық ұлт пен ұлыс өкілдеріне мәдени орталық ашу мүмкіндігі берілді. Бірақ біз орталықты кештеу, яғни 2009 жылы аштық. 2010 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі болдым. Сол уақыттан бері мәдени орталығымыз дамып келеді.

Арнайы жексенбілік мектепте қазақ тілін үйретеміз. Ұлттық тілде үйде де сөйлеседі. Түркітілдес болған соң, қазақ тілі мен татар тілі өте ұқсас. Өз басым мемлекеттік тіл – қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, жазбаша да білуін талап етемін.

Латын әліпбиін енгізсе, аздап қиындау соғатын шығар. Дегенмен де, қазақ тілін меңгеруде ешқандай мәселе жоқ. Барынша үйреніп жатырмыз. Өзіміз тұрып жатқан Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінде сөйлеу әрбір ұлт пен ұлыс өкілдерінің парызы һәм міндеті деп білемін.  

 Атақоныстағы қырым татарларының жай-күйі қандай?

– Қырым жайында білгіңіз келіп отыр ма? Қырымда орыс тілінен кейін, қырым татар тілі екінші мемлекеттік тіл саналады. Ертеде егеменді республика болды.

Тарихқа көз жүгіртсек, Қырым хандығы 1441 жылы құрылып, 1783 жылға дейін жасады. Одан кейін Ресейге қосылды. Әрине, халық тәуелсіз болғысы келеді. Қазір қырым татарларының көп бөлігі Түркияда өмір сүреді. Шамамен 6 млн халық сонда тұрады. АҚШ-та, Болгарияда, Румынияда да бар. Олармен де байланыс орнатып тұрамыз.

Жақында ғана Алматыға Түркиядағы қырым татарларының жетекшісі келіп, біздің жұмысымызды көріп қайтты. Танымал жазушы (атын анықтаймын) Абитирова мәдени орталығымызға атбасын бұрып, Қазақстандағы қырым татарларының өмірімен танысты.

Қазір біз Қырымнан алыс тұрсақ та, мәдениет, салт-дәстүр, тілді сақтауға барынша тырысамыз. Осы орталықтың аясында ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі құрылды. Халықаралық қатынас бөлімі жұмыс істейді. Бұл жұмыстың бәрі өз ағысымен жүріп жатыр.

 Ресей мен Украина арасындағы соғыс өрті басылмай тұр. Бұл жөнінде пікіріңіз қандай? 

– Біз бейбітшілікті қалаймыз. Біз кез келген соғысқа қарсымыз. Себебі, жазықсыз адамдар жапа шегеді, қаза табады. Тезірек келісімге келіп, қақтығысты тоқтату керек. Екі жақ өзара диалогқа ертерек баруы тиіс еді. Қырым татарлары Украинада да көп тұрады. Кеңес кезінде Қырымдағы халық тып-тыныш өмір сүріп жатқан. Одан кейін түсініксіз жайттар орын алды. Бәрінің көздегені – Қырым болды. Себебі, Қырым – жер планетасының інжу-маржаны. Бұл – қырым татарларының жері.

Қазақстан – бейбітсүйгіш мемлекет. Барлық елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Біздің артықшылығымыз осында. Тіпті Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы мәселеге де араласып, екі елді татуластыруға, бейбіт келісімге келуіне күш салып жатыр. Бұл – құптарлық жайт.

– Президенттің «Жаңа Қазақстан» құрамыз деген идеясы туралы не айтасыз?

– Ассамблеяны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алғалы бері, нақты қадамдар жүзеге асып жатыр. Арнайы бағдарлама жасақталуда. Мұның бәрі біз үшін маңызды.

Кейбіреулер «Ассамблея керек пе, жоқ па?» деген сұрақ қояды. Ассамблея институты жоқ елдерге қараңызшы. Әртүрлі этнос өкілдері арасында кикілжің мен қақтығыс жиі болып тұрады. АҚШ пен Францияда да солай. Бізге сол керек пе?! Сондықтан ассамблеяның қоғамдағы, ұлт пен ұлыс өкілдері арасындағы рөлі өте зор. Әр ұлт өз тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын жоғалтпай, дамытып отыруы үлкен мүмкіндік.

Ең маңыздысы – Қазақстанда бұрыннан тұратындар мен өмір ағымына енді ілесіп келе жатқан жастардың бойынан осы елге деген патриоттық рухты көремін. Өзім Қазақ аграрлық университетінде оқытушылық қызметті атқара жүріп, жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге басымдық беремін. Себебі, жастар – мемлекеттің ертеңгі тірегі.  

Тегтер: