«ЖАРЫМ – өнерлі жан»: Күнсұлу ТҰРҒЫНБЕК тұрмысқа шыққан азамат кім?
Қазақ театры сахнасында Күнсұлудың сыңғыр қаққан жарқын күлкісі мен дауысына сүйсінбеген көрермен жоқ шығар. Ал қазақ дубляжында қалыптасқан қолтаңбасы өз алдына бір бөлек әңгіме. Теңін тауып, жуырда тұрмысқа шыққан актрисаға көптің көкейінде жүрген біраз сауалды қойған едік.
– Сіздің сыңғырлаған үніңізді сахна төрінен көп ести бермейтін болдық. Бұл жүргізушілік өнерге құштар жастардың арта түскенін білдіре ме, әлде шақырған жердің бәрін бірдей бара беруді жөн көрмейсіз бе?
– Әлбетте, біріншіден, шақырған жердің бәріне бірдей желпілдеп бара бергенді ұнатпаймын. Оның үстіне қазір көбіне жастарды шақырады.
Ашығын айтқанда, біз жасы өткен жүргізуші саналамыз. «Әр жастың өзіндік құндылығы бар» деген. Сондықтан әркім өзінің орынын білу керек деп ойлаймын.
Дегенмен, ештеңеден қалыс қалдым деп айта алмаймын. Талай концерттік кештермен қатар, отандық телеарналарда жүргізушісі де болдым.
– Білуімше, сіздің ән салатын да өнеріңіз бар. Оған нақышында орындайтын романстарыңыз куә. Үлкен сахнаға шықсаңыз, біраз әріптесіңізді шаң қаптыратын сияқтысыз...
– Мен сахнада жеке дара әнші ретінде танылмасам да, спекакльдерде ән салуға тура келетін кездер болады. Оның үстіне жуырда тұрмысқа шығып, отбасылы болдым. Бір ошақтың түтінін түтеткеннің орынына, жұртпен жағаласып, әншілікке ұмытылғаным жөн болмас.
Біз отбасымызда шариғат жолымен жүреміз. Егер ол кісі рұқсат беріп жатса, қазіргі заманда әншілігіңді таныту қиындық тудырмайтынын өзіңіз де жақсы білесіз. Десе де, әнші болуға құлшынып отырғам жоқ. Себебі, қазір маған ән салудан гөрі асыл жар, аяулы ана болу маңыздырақ.
– Жарыңызды жақынырақ таныстыра кетсеңіз.
– Атын атамай-ақ қояйын. Бірақ ол кісі өнерден алшақ емес. Әрі ақын әрі сазгер. Спорт саласын да жақсы біледі. Былайша айтқанда, бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған азамат. Сондықтан жарымды қамқорым ғана емес, өнердегі сыншым десем де болады.
– Кейінгі кезде сіздің қасыңыздан сүйкімді қызды көріп жүрміз. Ол кім?
– Ол менің қызым. Бірақ, оны қалай бауырыма басқанымды жұртқа жар салудың қажеті жоқ. Бізді Алланың өзі табыстырды.
– Бір кездері шағын ортада, еркін стильде әдемі кеш беруді әдетке айналдырған едіңіз. Сол күнді күтіп жүрген жандарды қуанту жоспарда жоқ па?
– Негізі, менің қызым да әнші. Өлеңді де тамаша оқиды. Алда отбасылық үлкен кеш берсек дейміз. Сол кезде бұйырса, жұбайым мен қызымды көрерменге таныстырамын.
– «Күнсұлудың көгілдір экраннан гөрі, театрда ойнаған рөлдері анағұрлым жанды келеді» дейтіндер бар. Келісесіз бе?
– Бұрын қандай да бір жетістікке қол жеткізе алмай қалсам, іштей күйінуші едім. Қазір өмірдің құндылығы атақ пен абыройда емес екенін ұғындым. Сол себепті сын мен мінді ренжімей қабылдауға тырысамын.
Бір жағынан көпшіліктің ауызына қақпақ қоя алмаймын ғой. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Дегенмен, театрды бәрінен жоғары қоятыным рас. Осыны кейбір көрермен іштей сезінгендіктен, осылай дейтін болар. Егер шынымен ортаңқол актриса болсам, әлемді мойындатқан мықты режиссерден ұсыныс алмас едім...
– Ол режиссер кім?
– Оны уақыты келгенде біле жартарсыздар, әзірге құпия қалсын. Бірақ, шақырту түсті екен деп, буынып-түйініп отырғаным жоқ. Әзірге ойланып жүрмін.
– Театрға кіріп келе жатқанда, не шығып бара жатқанда сәлем салады екенсіз. Сахнаны ермегіне айналдырып, өнерге хобби ретінде қарайтындарға көзқарасыңыз қандай?
– Жалпы, біреудің өнеріне баға беруге қақым жоқ. Жер ана бәрімізге жетеді. Әркімнің өзінің алар орыны мен несібесі бар. Десе де, арзан атаққа құмарлардың барын жоққа шығармаймын. Сахнаны тек табыстың немесе күнкөрістің көзіне айналдырғысы келген жанның өнері өміршең болмайды.
– Қазір жас режиссерлер қатары артып келеді. Осы ретте қазақ театрларына соны леп келіп жатыр деп айтуға бола ма?
– Әрине, заман ағымына сай театр сахнасында өзгеріс көп. Келіп жатқан жаңа толқын да жетерлік. Өздеріңіз білетіндей, жуырда біздің Әуезов театрында халықаралық фестиваль өтті. Түрлі спектакльдер ұсынылып, талантты режиссерлер мен жас актерлерді тани түстік. Бірақ, олардың еңбегі мен өнерін бір-бірінен бөле-жара қарамаймын. Тиісті бағасын көзі қырағы көрермен мен сыншылар береді.
– Сізді көрермен дубляждың шебері ретінде де таниды. Қазіргі қазақ дубляжы қандай деңгейде?
– Бір кездері дубляждан бас алмай жұмыс істегенім рас. Қазір ондай белсенді емеспін. Бірақ сөйлеу техникам мұқалмас үшін дыбыс жазу студияларына барып тұрамын. Астанада түрлі кәсіби студиялар ашылып, бұл саланың аясы кеңіп жатыр.
Жалпы дубляж тұрғысынан айтайын десем, қазір мүлде кино көрмеймін.
Бір айтатыным – өнерде болсын, өзге салада болсын, қазақ қыздары мен келіншектерінің бойынан инабаттылық пен тазалықты көргім келеді.
– Ал қаракөздеріміздің шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығып жатқанына қалай қарайсыз?
– Әрине, қыздарымыздың ата-анасының қолынан ұзатылып, қазақ азаматтарының жары болып, салиқалы ұрпақ әкелгені қай қоғамда да жарасымды көрінеді. Дегенмен, ішкі жан қалауы солай болғандықтан, өзге ұлтты таңдағаны үшін біреуге мін тағудан аулақпын. Отбасы тәрбиесінде жүгенсіздіктің бар екенін де жоққа шығармаймын. Кейде жігері құмдай тозған азаматтар көбейген соң да қазақ қызы осылай өзге ұлттың жетегінде кетіп жатыр ма деп ойлаймын. Себебі, парақшама көп замандастарым тұрмыстық-зомбылықтың құрбаны болып жатқанын жиі жазады. Осының салдарынан елімізде ажырасу көп. Бұл – жүрек ауыртатын мәселе.
– Балалар үйіне жиі барып тұрасыз ба?
– Бұрынғыдай жиі барамын деп айта алмаймын. Бірақ, сәті түскенде арнайы барып, бүлдіршіндерімнің маңдайынан иіскеп тұрамын.