8 Ақпан 15:06

Бағлан ӘБДІРАЙЫМОВТЫҢ киносын көрсетуге КІМ кедергі жасап отыр?

Фото:

Бағлан Әбдірайымовтың «Ақ пен қара» кітабының желісі бойынша түсірген ZERO фильмін кинотеатрлардан көруге барған жұртқа кедергі жасалып жатыр екен.

NEGE тілшісі мұның себебін білмекке автордың өзіне хабарласты.

– Бағлан, сіз түсірген фильмді кинотеатрлар әлдебір себептермен соңына дейін көрсетпей жатыр екен. Мұның себебі неде?

– Ол рас. Мәселен, астаналық көрермендер Кino.kz сайтынан билет сатып алған екен. Сатылымға шыққан билеттер толық өтіп, көпшілік жапа-тармағай киноға барған. Бірақ жиналған  жұртқа «техникалық ақаулық орын алды» деп, орынына басқа кино көруді ұсынған.

Одан соң қателеспесем, Атырау қаласында да бір кинотеатрға барған көпшілікке «киноны көрсетпейміз» деген. Әлгі жерге барған көрермендер наразы болып, «видео түсіріп, желіге таратамыз» деген соң ғана көрсеткен.

Өңірдегі тағы бір кинотеатрда «электр жарығы сөніп қалды» деп, 44-минутта фильмді тоқтатып тастапты. Кино көрсету жағынан осындай түсінбейтін жағдайлар болып жатыр.

Фото: ғаламтордан

– Бұл казино қожайындары тарапынан қасақана жасалып жатқан әрекет деп ойламайсыз ба?

– Кино түсіргендерден сұрасам, ешқайсысы мұндай жағдайды бастан өткермегенін айтты. Ал көзіммен көріп, қолыммен ұстап алмаған соң, бәзбіреудің қысастығы деп нық айта алмаймын. Бұл жағдай мені күйзеліске салды. Кімге кедергі болдым екен деп те ойландым.

Бұл – саяси тақырыпты қаузайтын, не болмаса құмар ойынды қыздырып отырғандардың жұмысына кедергі келтіретіндей фильм емес. Бар болғаны өзімнің бастан  өткергенімді, тығырықтан қалай шыққанымды көрсеттім. Көпшілік азарттың соңы азап екенін ұғынсын деген тілекпен ғана таспалаған едім.

– Желідегі соңғы бір жазбаңызда «Әнімді айтып жүре беруім керек еді» деп күйініпсіз. Соған қарағанда, бір себеп бар сияқты ғой...

– Бір кездері «пират» деген дүние құрдымға кеткен еді. «Мен ұрлық жасағанда ай жарық болыпты» деген сияқты, мен кино түсіргенде солардың қайдан пайда бола қалғанына таңмын.

Кинотеатрдан қалта телефонға түсіріп алып, телеграм каналдар мен ютуб арналарға жүктеп, сатып жатқандар бар екен. Осындай 47 заңсыздықтың куәсі болдық.

Бірін жаптырсаң, келесісі шығады. Дегенмен, адал еңбекті бағалап, сапалы дүниені ғана көретін жанашыр жандар көп. Мен соларға сенім артамын.

Фото: ғаламтордан

– «Фильмді қарыз алып түсірдім» деген едіңіз. Мынадай жағдайдан соң кассалық түсім шығынды ақтай ма?

– Киноның көрсетіле бастағанына он күннен асты, қазір шыққан шығынның жартысын жапты десем болар. Енді алдағы он күнде көрушілер саны азайып кетсе, шығын толық ақталмай қалуы әбден  мүмкін. Осы жағы уайым болып тұр.

Ал көру статистикасы жағынан айтар болсам, үлкен экранға шығып жатқан өзге де отандық немесе шетелдік кинолардан анағұрлым жоғары тұр. Егер комедия түсіргенімде, осы күні шығынымды жауып, пайда түсіре бастаған болар ма едім. Бірақ, мен көпшілік сабақ алсын деген ниетпен белді бекем буып, қоғамдық драма таспаладым. Сондықтан жобамның шығыны шаш етектен болды.

Қонаев қаласында он бір күн қатарынан түсірілім жұмыстары өтті. Осы уақыт аралығында қаламақыдан тыс жобаға қатысқан 300 адамды бірдей тамақтандыруымызға тура келді. Оның үстіне түсірілім жұмыстары дайын казинода өтпеді. Жалға арнайы ғимарат алып, оның ішіне электр жарығын орнатып, жылу беріп, ішін адамға толтырдық. Өздеріңіз білетіндей, мұның бәрі қыруар қаражатқа келіп тіреледі.

Фото: ғаламтордан

– Отандық киноөндірістің қыр-сырын біраз меңгеріп қалдыңыз. Тағы да фильм түсіресіз бе?

– Қазіргі кедергілерден сүрінбей өтсем, тағы бір фильм түсірсем деймін. Өйткені біздің қоғамда проблема өте көп. Мысалы, саяси мінбер мен өтіп жатқан түрлі митингтерде айтылып жатқан мәселелерді бір жарым сағаттық киноға сыйғызып, қоғамға түсінікті тілмен жеткізуге болады.

«Пайда ойлама, ар ойла» деген ғой Абай атамыз. Егер бүгінгі кино түсіруге ден қойған замандастарым ұлттық құндылық пен ата дәстүрден аттамай, тереңінен ой тастайтын дүниелер ұсынса, қоғамды өзгертуге болады. Себебі, кино да – идеология.

Бүгінгі таңда жанымды жегідей жеп жүрген бір мәселе бар. Ендігі кезекте соны түсірсем деймін.

– Ол қандай дүние?

– Ол да қазақтың жүрегін ауыртып жүрген жағдайдың бірі. Бірақ әзірге ашып айтпай, құпия қалдырайын. Жоспарым жүзеге асып жатса, көре жатарсыздар.

Тегтер: