11 Ақпан 08:54
...

«Қайрат НҰРТАСТЫҢ бөлесі»: Қобызшы Ақерке ТӘЖІБАЕВА бөлесіне қалай болысқанын айтты

Фото:

Жұрттың дені табысы қомақты эстрадаға таңдау салып жатқанда, көнеден қалған қылқобыздың тілін үйренуге  тырысқан Ақерке ТӘЖІБАЕВА – бүгінде ұлт мақтанышына айналған қыздардың бірі. 

Әлемнің түрлі елінде өнер көрсеткен қобызшы Қорқыттың түбі қазаққа тиесілі екенін дәлелдеді. Тілшімізге сұхбат берген Ақеркенің ұлттық құндылық жайлы айтары да аз емес екен.

«Қобызымды арқалап, 57 елдің сахнасында өнер көрсетттім»

– Ақерке, бала тәрбиесімен үйде отырған соң сахнаны сағынып қалған боларсыз?

– Бір жақсысы менің жұбайым өнерімді түсінеді әрі әрқашан қолдау көрсетіп отырады. Екі қызымды дүниеге әкелгенде де аяқасты шақырған концерттер мен алыс-жақын қаларлардағы  шығармашылық сапарларға қалдырмай жіберіп тұрды. Ондай кездерде балаларды әжесіне қалдырып кетуіме тура келеді. Бірақ барған жерімде бес күннен артық аялдамауға тырысамын.

Ал өзіміздің Астанадағы кештерге қатысатын болсам, ағайын-туысқа қолқа саламын. Енді қолым жеңілдер деп ойлаймын, себебі күні кеше ғана кенже қызымды балабақшаға бердім.

– Үлкен қызыңызды модель ретінде көріп жүрміз. Арасында оны да жетелеп, біраз жерге шапқылауыңызға тура келетін шығар?

– Иә, қызым отандық киім брендтерінің өнімін насихаттаумен айналысады. Бірнеше дүкеннің жарнамалық роликтері мен көшедегі баннерлеріне түсті.

Ал екінші қызым өзім секілді өнерге жақын. Тұсауын да ырымдап Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА мен Димаштың анасы Света АЙТБАЕВАҒА кестірдім.

Тұсаукесерде өзі де микрофонды таңдап алған. Қазір бір жас сегіз айлық болса да ән айтып, естіген әуендерін дереу жаттап алады.  

– Бұрын тыңдарман қобызға көне аспап ретінде қарайтын еді. Қазір бұл көзқарас өзгерді ме?

– Үлкендер көбіне Қорқыттан қалған көне аспап деп қарайды. Ал жастарымыз ұлт аспаптардың бірі ретінде қабылдайды.

Мен алғаш сахнаға шыққанымда қобыз туралы ақпарат өте аз еді. 1999 жылы «Азия дауысы» фестивалінде қобызда орындалатын күйлерді  эстрадамен үйлестіріп ұсынған едім. Содан бері жастардың қызығушылығы ояна  бастағандай көрінеді.

– Осы тәжірибеңізді көп адам құп көрмеген еді...

– Әрине, жасыратыны жоқ, алғашында аға буын өкілдерінен көп сөгіс естідім. Қазір қандай жиын-той болсын домбыра, жетіген, қобыз атаулыны эстраданың сүйемелдеуімен тартады. Ашығын айтқанда, мұндай үрдіс қалыпты жағдайға айналды.

Қазір шүкір, жастардың қызығушылығы артып, қобызшылар саны өсіп келеді. Орындаушылық шеберлік те жаңа деңгейге көтерілді. Уақыт өткен сайын бұл аспаптың техникалық тұрғыда орындау шеберлігі дамып жатыр. Кезінде біздің ұстаздарымыз он шақты күймен ғана шектелсе, қазір түрлі классикалық туындыларды да қылқобызға салушылар көбейді.

– Осыған орай сізді түрлі кештерге шақырту көбейе түскен болар?

– Әрине. Қобызшылардың ішінде шетелге көбірек шығып, қобызды жиі насихаттап жүргендіктен, маған шақырту көп түседі.

Құдайға шүкір, қобызымды арқалап, 57 елдің сахнасында өнер көрсетіппін. Бірақ, жаңашылдыққа салдым екен деп эстраданың жетегінде кетіп қалмауға тырысамын.

Шетел сахнасына шыққанда өз ұлтымызға тән ерекшелікті көрсету мақсатында ұлттық киімерімізді киіп, дала композиторлары Қорқыттан бастап, Ықылас Дүкенұлы, бергісі Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаев сынды қобызшылардың нұсқауындағы күйлерді нақышында орындауға тырысамын.

Біз өзге жұртты ата-бабамыз қалдырған түпнұсқа туындылармен ғана таң қалдыра аламыз. Көне аспаптарды келер ұрпақтың рухани игілігіне айналдыру мақсатымыз болуға тиіс.

«Кавер орындау музыкадағы жоғары деңгейді көрсетпейді»

– Десе де түрлі танымал әндерге кавер жасап, оларға заманауи форматта бейнежазбалар ұсынып жүрсіз ғой...

– Бұған дейін шетелге шыққан сайын өзіме арналып жазылған шығармаларды орындап, оларға түрлі бейнежазба таспалап, желіге жүктеп жүретінмін. Бірақ, қаралым жағы көңіл көншітпеді. Сосын әлем елдерінің танымал туындыларын қобызға салып көрсем қалай болады деген ой келді. Сөйтіп, ағылшын Камила КАБЕЛОНЫҢ  Havana мен француз орындаушысы Мирей МАТЬЕНІҢ Pardonne moi ce caprice d'enfant әнін қобызға салғанымда, әлеуметтік желіден жүктеп алушылар мен қараушылар саны арта түсті.

Әсіресе, Фейсбукте түрлі елден көрермендер пікір жазып, қалаберді музыкалық сайттың әкімгерлері жекеге жазып, алғыс айтумен болды.

Бір өкініштісі – біздің жастар отандық композиторлардың шығармаларын біле бермегендіктен, аса қызығушылық танытпайды. Ал шетелдің танымал әндері мен әуендерін орындасаң, елітіп шыға келеді. Сондықтан осылайша қобызға деген жастардың қызығушылығн арттырғым келді.

– Қазір әлемдік музыкалық туындыларды көне аспаптарға салу әдетке айналды. Осының салдарынан ұлттық құндылытар тасада қалып қойып жатқан жоқ па?

– Сөзіңіз орынды. Себебі, қазір симфониялық оркестр мен халық аспаптар оркестрлері арасында кеш беру әдетке айналды. Бірақ солардың бастан-аяқ шетелдік кинотуындылардың саундтректерін орындап, өзіміздің ұлттық құндылықтарды қалыс қалдырып жатқаны менің де жүрегіме батады.

Бұл маркетингтік айла мен пайданың жолы шығар, бірақ арасында өзіміздің таланттардың шығармаларын да насихаттау керек қой. Кавер орындау музыкадағы жоғары деңгейді көрсетпейді.

Мәселен, түрік сериалдарының әуенін орындайтын кеш өтті. Барған жұрт бастан-аяқ түріктің әуендерін тыңдап қайтты. Концертке қатысқан халық аспаптар оркестрі Тәттімбет пен Құрманғазының күйлерін орындамаса да, бертінгі Ермұрат ҮСЕНОВ, Кенжебек КҮМІСБЕКОВ, Нұрғиса ТІЛЕНДИЕВ, Ахмет ЖҰБАНОВ, Еркеғали РАХМАДИЕВ, Айтқали ЖАЙЫМОВ, Қаршыға АХМЕДИЯРОВ, Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА сынды заманауи композиторлардың жазғандарын ұсыну керек еді.

– Қазақконцерт мекемесінде қызмет атқарасыз. Біраз жыл бұрын осындай өнер ошағындағы аға-әпкелеріңіз жалақының жұмырға жұғымсыз екенін айтып жүретін еді. Қазір жағдай оңалды деуге келе ме?

– Бұл жалғыз Қазақконцерт емес, оркестрлер мен ансамбльдерге де қатысты шешімін таппай келе жатқан мәселе ғой. Қазір дәстүрлі өнерге ден қойған күміс көмей әншілер баршылық. Бірақ олардың жалақысы төмен. Жастардың дәстүрлі өнерге үрке қарап, блогерлік сынды жеңіл кәсіпке құмартып жатқаны да осыдан болар. Егер ұстаздар мен дәрігерлердің және музыканттардың жалақысын арттырмаса, бұл салаға қызығушылық танытушылар сейіліп кете ме деп қорқамын. Қарыны аш бала қайдан сырнай тартсын.

«Қайраттың танымал әндерін алғаш сахнаға мен алып шықтым»

– Бұрын сізді көбіне Қайрат Нұртастың бөлесі деп танитын еді. Қазір ше?

– Екеуіміз өз алдымызға жеке тұлғамыз ғой. Мәселен, Қайрат інім эстрадалық бағыттағы әнші болса, мен – дәстүрлі өнердің өкілімін. Бірақ неге екенін, кейбір ортада мені «Қайрат Нұртастың бөлесі» деп таныстырып жатады.

– Айтпақшы, Қайраттың орындауындағы «Алматының түндері-ай» әні кейбір ортада дау тудырды. Біреулер «әнді алғаш сахнаға алып шыққан Қайрат, ал Ақерке оған кавер жасады» десе, ендібіреулер керісінше айтады. Дұрысын өз аузыңыздан естісек.

– 2009 жылы «Мәңгілік қобыз сарыны» атты концертімді өткіздім. Сол кезде Самат РЫСПАНБЕТОВТІҢ авторлығымен домбыра мен қобызды үйлестіріп, «Алматы түні» күйін орындап шықтық. Түпнұсқасы сол Самат замандасымның маған арнайы қылқобызға арнап жазған шығармасы болатын. Сөйтіп, бұл композицияға Гүлзира  (Айдарбекова – ред.) әпкем қызығушылық танытып жүрді.

Бірде: «Сөз жазғызып, Қайратқа орындатсам қалай болады?», – деді. Әрине келісімімді бердім. Сөйтіп, ақын Құрманай Бақтиярқызына сөзін жазғызып, әнді Қайраттың бір концертінде  қобыздың сүйемелдеуімен екеуіміз орындайтын болып келістік. Бірақ, соңында жоспар өзгеріп, өнердегі бауырым туындыны өзге әріптесімен бірлесе дуэт түрінде шырқап шықты. Бұдан соң ән Алматының әнұранына айналып кете барды.

Тек бұл ғана емес, Қайраттың орындауындағы «Астана» атты әннің әуенін де алғаш мен сахнаға алып шыққан едім. Кейіннен Рыспанбетовтің қылқобызға арналған ол туындысына да арнайы сөз жазғызып, орындады.

– Қандай да бір атағыңыз бар ма? Қашанғы «Қайраттың бөлесі» атанып жүре бересіз?

– Жас кезімде «Мәдениет үздігі» атанғым келетін, бірақ уақыт өте келе атақ-даңқтан бұрын, жақсы адам, жақсы маман болып қалыптасу қажет екенін  ұғындым. Десе де халықаралық фестивальдерге қатысқанда міндетті түрде атағыңды сұрайтыны бар. Ондай сәтте атағымның жоқтығынан тосылып қалатыным жасырын емес. Әйтпесе, атаққа зәру емеспін. Уақыты келгенде біз де бір куәлік пен төсбелгіге ие болармыз. Бірақ, өз басым атақтың соңына түсіп, көрінген есікті қаққым келмейді.

Менің ойымша берілген атақ – кез келген адамның өз саласында профессионалды түрде дамуына, тынбай еңбек етуіне, жан-жақты өсуіне жігер беретін күш.

– Қазіргі таңда қобызбен бата беріп, дем салушылар қатары көбейді. Бұған сенуге бола ма?

– Негізі қобыз Қорқыт атамыздан келе жатқан бақсылықтың атрибуты саналады ғой. Ал Ықылас ДҮКЕНҰЛЫ сол бақсылардың қолынан алып, оған лайықтап әуен жазып, халыққа аспап ретінде ұсынған. Осы жағынан алғанда қобыз жүйке ауруларын емдеуге қандайда бір септігін тигізуі мүмкін деп топшылаймын. Себебі, үні адам дауысына ұқсайтын болғандықтан, жанға рухани азық береді. Адам миына әсер ететін пайдасы барын да ғалымдардың зертегені мәлім.

Тіпті, еліміздің солтүстік аймағындағы бір қалада қобыз-терапиямен емдейтін арнайы орталық барын да естіген едім.  Ал, ел арасында  қобызбен емдейтіндердің жайын, оның қаншалықты пайдасы барын ашып айта алмаймын. Бәлкім, бизнестің көзіне айналдырған да болар. Бірақ қобыз – қасиетті аспап, ал қасиетті дүниені пайданың көзіне айналдырған құптайтын әрекет емес.

Тегтер: