18 Қараша 10:56

Владимир Чепель: Мені ауылдағылар «сары бала» дейді

Фото:

Владимир Чепельге телефон шалдым. Тұтқаның арғы жағынан «Иә, тыңдап тұрмын, саламатсыз ба?!» деген жарқын дауысты естіп, қазақ тілінде шұрайлы, әуезді сөйлеп жатқан азаматқа іштей риза болдым.   «Қазақ тілі – менің екінші ана тілім» деп тұрса, қалайша сүйсінбейсің?! Бірақ Владимир айтпақшы, «Біз осы қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілін көрсек, неге таңырқаймыз?». Мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың міндеті емес пе?  

– Владимир, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Қазақ тілінде саңқылдап шыққан даусыңыздан ауылдың дарқан көңілді жұртының ыстық лебі сезілгендей...

– Алматы облысы, Ақсу ауданы Қапал ауылында туып-өстім. Ұлтым – орыс. Осы ауылда мектеп бітіріп, оқу орнын тәмамдап, бүгінде Қапал ауылдық округы әкім аппаратының бас маманымын. Алты жарым жыл болды. Еңбек жолымды туған ауылыма, еліме қызмет істеуден бастадым. Кішкентай кезімнен қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Сол себептен қазақ тілінің мәселесін көпшілік жерде, замандастарымның ортасында көтеріп жүремін. Әрқашан қазақ тілін үйренемін дегендерге көмек көрсетуге дайынмын.

Мені ауыл жұрты «сары бала» деп атайды. Әкімдікке жұмысқа тұрған соң, қабылдауыма келген ақсақалдар түріме қарап, тілдерін бұрап орысша сөйледі. Сосын сол тілде жауап бердім де, «Аталар, қиналып тұрсаңыздар, қазақша сөйлеспейміз бе?» дедім. Екеуі бір-бірін түртіп «Мына бала қазақ екен ғой. Соңғы орысша сөзімізді әрең еске түсірдік қой» деп күліп жатты.

– Қазақ тілін қалай және қайдан үйрендіңіз?

– Маған «Қазақ тілін қашаннан бері білесің?» деген сауалды жиі қояды. Бұл сұраққа өзім де жауап бере алмаймын. Мысалы, «мына тілді қай уақыттан білесің?» деген сұраққа әр адам жауап беруі мүмкін. Айталық, «ағылшын тілін 7-сыныптан бері білемін» немесе «француз тілін жоғары оқу орнында меңгердім» дейді. Әр азамат өз ана тілін ғана қай кезден білетінін айта алмайды екен. Мектепте орыс сыныбында, колледж бен жоғары оқу орнында да орысша оқыдым. Үйде де көбінесе орысша сөйлесеміз. Анам дүкенде істегендіктен шамалы біледі.

Біз тұратын көшеде үш-ақ орыс бала болды. Көрші қазақ балалармен футбол, асық ойнаймыз. Сөйтіп жүріп, 4-5 жасымнан бері қазақша еркін сөйлейтін болдым. Қазақ тілін көшеден үйрендім. Қазақ тілі де орыс тілі сияқты екінші ана тілім деп білемін. Кейін қазақ тіліндегі өлеңдерді, мақалаларды, әңгімелерді оқып, дамыттым. Ұлы ақын Абайдың өлеңдерін сүйіп оқимын. Әсіресе, Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» поэмасы жүрегіме жақын. Өзімді кішігірім қазақпын деп ойлаймын.

Қазір өз көшемдегі балаларды да сырттай бақылап жүремін. Данил деген орыс ұлтының баласы бар. Қазақ балаларымен ойнайды. Басында тек орысша ғана сөйлейтін. Соңғы кезде бір сөзі ғана орыс, қалғаны қазақ тілінде екенін байқап жүрмін. Сол балаға қарап балалық шағым еске түседі. Демек, адам кез келген тілді үйренгісі келсе, меңгеріп кетеді.

– Бүгінгі жеткен жетістігіңіз қазақ тілін білудің арқасы ма, әлде өз еңбекқорлығыңыздың нәтижесі ме?

– Маған көп адам «сен бүгінгі жетістікке қазақ тілінің арқасында қол жеткіздің ғой» деп айтады. Әлбетте, солай да шығар. Бірақ еңбегімнің де орасан ықпалы бар.

–​ Ал сізді Қазақстан халқы ассамблеямен не байланыстырады?

– Ассамблеяның жергілікті филиалы жанынан ашылған тіл үйрету орталығында қазақ тілін үйренемін деген азаматтарға, жастарға көмек көрсетемін. Сондай-ақ, өзім ассамблеяның спикерімін. Осы жағынан ұйыммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеймін. Қазіргі жастар әлеуметтік желіде отырады. Көбі орысша ақпарат қарайды. Ірі қалалардағы жастар өзара орысша сөйлеседі. 2019 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» деген форум өтті. 50-ден астам ұлт өкілдері қатысты.

Осы ұсынысты сол жерде айттым. Өзімнің Фейсбуктегі парақшама қазақ тілін меңгеремін деп ниеттенген адамдарды форум қатысушылары қатарына қостық. Олардан қазақ тілін қалай үйреніп жүргенін сұрадық. Сосын әрі қарай дамытып, алып кетуге көмектесетін болдық. Тіпті, өзімнің телефон нөмірімді де жазып қойдым. Ең бастысы, ұялмай, қысылмай сөйлеуі керек.

Жалпы, адам баласы мәліметті естігенде, көзбен көргенде, жазғанда қабылдайды. Өз басым тілді естудің арқасында үйрендім. Осы жоба аясында үш-төрт баламен жұмыс істеп едік, қазір біздің деңгейімізге жетейін деп қалды.

– Соңғы кезде ассамблея тұрғысында түрлі пікір бар. Бұл ұйымның керегі жоқ дейтіндер де жетерлік. Сіздің ойыңыз қандай?

– Ассамблея аясындағы пікірдің бәрін естіп жүрмін. Сондай кезде өз ойымды жазуға тырысамын. Шынында да, қазір кейбір азаматтар «Қазақстан халқы ассамблеясы керек емес. Бұл ұйым не үшін қажет?» деп жатады. Бірақ мұндай пікірге қарсымын?

– Оған қандай аргументіңіз бар?

– Ең алдымен айтарым, Қазақстан халқы ассамблеясы жай ғана ұйым емес. Бәрімізге белгілі, елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Яғни, оның бәрін бір шаңырақтың астында жинап, бірге жұмыс істеу оңай емес. Әсіресе, қазіргі заманда бейбітшілікте өмір сүру қиынның қиыны. Тұрақтылық пен татулықта өмір сүріп жатқанымызға ассамблея да үлкен рөл атқарып келеді. Себебі, Қазақстанда конституцияға сәйкес, барлық азаматтарға тең мүмкіндік, бірдей жағдай жасалған. Кез келген ұлт өкілі қайда және қандай білім алғысы келсе, қай тілді үйреніп, қандай тілде ақпарат алам десе де, құқы бар. Осының бәріне жол көрсетіп, ықпал ететін – Қазақстан халқы ассамблеясы. Тіпті, кейбір мемлекеттерге қарасақ, олар да Қазақстанның осы моделі мен тәжірибесін алып жатыр. Бұл Қазақстан халқы ассамблеясының мемлекеттік деңгейде рөлі жоғары екенін көрсетеді.

–​ Сіздіңше, ассамблеяның негізгі атқаратын міндетіне не кіруі керек? 

– Бірінші, бүкіл ұлттарды санатқа бөлмей, бір шаңырақтың астында ұстап, тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізу. Яғни, бір отбасы ретінде өмір сүру керек.

Екінші, әр ұлтпен жеке жұмыс істеу керек. Өйткені, бұл «Әр ұлт өкілі қалай өмір сүріп жатыр?», «Немен күн көріп жүр?», «Қандай деңгейге жетті?» деген сауалдарға жауап іздеу үшін қажет. 2020-2021 жыл елімізге, ел халқына оңай тиген жоқ. Әлемді жайлаған коронавирус індеті бізді де айналып өтпеді. Бұл кезде де ассамблея шетте қалған жоқ. Қоғамдық ұйымның ұйымдастыруымен қаншама отбасына көмек көрсетілді. Әлі де халыққа қолұшын беру жұмысы жалғасып келеді. Яғни, ұлтқа, дінге қарамай, әрқашан да бір-біріне жәрдемдесу дәстүрге айналды.

– Елімізде барлық ұлт пен ұлыс өкілдері мызғымас татулықта өмір сүріп жатыр десек те, әр жерден кикілжің мен бүлік шығып қалады. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Алматы облысы, Панфилов ауданына қарасты Пенжім ауылында болған жағдай бойынша мынаны айтқым келеді. Иә, бәріміз бала болдық. Мектепте оқып жүріп, бір-бірімізбен төбелестік. Екі ұл баланың арасында өзара түсініспеушілік болған шығар. Баланың аты – бала ғой. Мұндай жағдай бәрімізде болды. Шын мәнінде, жер бетінде жаман ұлт жоқ, жаман адамдар ғана бар. Меніңше, даурығатындай, шулайтындай ештеңе болған жоқ. Әлеуметтік желіде менен «Ұлтаралық қақтығыс болды ма?», «Осы оқиғаға байланысты көзқарасыңыз қалай?» деп сұрағандар көп болды. Қайдағы ұлтаралық қақтығыс? Бұл – екі баланың төбелесі ғана. Ертеңгі күні осы екі бала ең жақын дос болып кетеді. Өз басымда болған жағдай.

Өкініштісі, ақпаратты халыққа әсірелеп жеткізетін адамдар көп. Ал жұрт мән-жайға қанықпай, тақырыптың ішін оқымай жатып даурығады. Оны келесі біреу әлеуметтік желіде бұрмалап жібереді. Бірақ не болып жатқанын ешкім анықтағысы да, білгісі де келмейді.

Былтыр Ұйғыр ауданына барып, ұлтаралық келісім бойынша жастар арасында жиналыс өткіздім. Көшеде телефонмен қазақша сөйлесіп тұрсам, жергілікті тұрғын жаныма келіп, «Біз жаққа алғаш рет келдіңіз бе?» деп бәйек болып жатыр. Өте қонақжай екен. Бұрыннан танитын адам сияқты. Айтып тұрмын ғой, ұлттың жаманы болмайды.

– «Ассамблея қазақ ұлтын басқа аз ұлттармен теңестіргісі келеді» деген пікір бар. Оған қалай қарайсыз?

– Меніңше, ассамблея әр ұлтты басқадан жоғары қоймайды. Барлық ұлт, барлық азаматтар бірдей. Бәріміз теңбіз. Қазақ тілінде еркін сөйлейміз. Кімге қандай көмек керек болса, белсенді түрде атсалысамыз. Бұл жерде мәселе – қазақ тілін білу не білмеуде емес. Өзге ұлт өкілдерінің ішінде де қаншама азамат қазақша білмейді. Тіпті, қазақ ұлтының өзінде де ана тілінде сөйлемейтіндері көп.

Қазір бізде бір тренд бар. Мәселен, өзге ұлт өкілінің қазақша сөйлеген бейнеролигін әлеуметтік желіге салса, «Паһ, шіркін, мына бала қалай қазақша еркін сөйлейді?!» деп таңырқап жатады. Неге таң қалады? Біз бұл түсініктен арылуымыз керек.

Біз – Қазақстан Республикасының азаматымыз. Осы елдің тілін, дінін, ділін, жерін құрметтейміз. Яғни, әр азамат мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі тиіс. Сондықтан «мынау өзге ұлт өкілі болса да, қазақ тілін біледі екен» деп таңқалуды қоюымыз керек.

– Ал, қазақ тілінде қойылған сауалға орысша жауап беріп жатқан шенеуніктерді көргенде қандай күйде боласыз?

– Біріншіден, «Қазақстанда тұрып, мемлекеттік тілді білмегені ұят емес пе?!» деймін. Екіншіден, мүмкін ол азамат шетелде оқып, тілді ұмытып қалған шығар. Үшіншіден, ана сүтімен бойға дарыған тілді қалай ұмытуға болады?» деген де қарсы пікір туындайды. Алайда, «қазақ тілін білмеймін» немесе «үйрене алмаймын» деген сылтау болмауы керек. Кез келген тілді жетік меңгеріп алуға болады. Кейбіреулер «Қазақ тілі – қиын тіл» дейді. Ешқандай қиындығы жоқ. Бәрі ниетке байланысты. Қазақ тілін білуге талаптанған әр азамат сөйлеп кетеді. Әрбір ұлт өкілі мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласына жиналысқа бардым. Көшеде қазақша жол сұрасам, қазақтардың өзі орысша жауап береді. Сосын «кешіріңіз, менің түрім орыс болса да, қазақша сұрап жатырмын. Маған неге орысша жауап беріп тұрсыз?» десем, бетіме қарап, ұялып, сосын артынан қазақша сөйлеуге тырысады. Біз қарапайым адамдардан бастап, биліктегі атқамінерлерге дейін мемлекеттік тілді білуін талап етуіміз керек.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: