«Одақ төрағасы айта береді!» – Белгілі сатирик Ермахан Шайхыұлы
Жазушылар одағы тағайындаған «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығына қатысты әлеуметтік желіде «Үш кітап шығарып, «Алаш» сыйлығын ала алмадым. Сөйтсем, Одақ кітапқа қарамайды екен. Мәселе – география мен биографияда!» деп пікір жазған сатирик-жазушы Ермахан Шайхыұлы NEGE тілшісіне сұхбат берді.
– Ермахан Шайхыұлы, «Алаш» әдеби сыйлығына қатысты ренішіңізді жазған екенсіз. Сол жайында өз аузыңыздан естісек...
– Негізі былай ғой. 12 жылдан бері сатирик-жазушы Ғаббас Қабышұлы Жазушылар одағының осы сыйлығына мені ұсынып келеді. Сол ұсыныс-хатта: «Әзіл-сықақ ауылымыздың абызы болған Темкең, Темірбек Қожекеев, ауылға азан мен ақшам арасында «келіп-кетіп» жүретін жастарға қараудан жалықпаушы еді. Жай ғана қарап қоймай, қайсысы кім екенін, не жазып, қай газет-журналға шығарғанын айтып, бағалап отыратын. Сырттай сыншы Темкеңді әзіл немесе сықақ әңгіме-өлеңдерімен қуантқандар көп ұзамай оның мақала кейіпкеріне айналатын. Сол кейіпкерлердің бірі – бүгінде өзі де үлкен-кіші қаламдастарын ақ мылтығының қарауылына іліп, алақайлап әңгіме шертіп жүрген Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ», – деп жазылған.
Бұл ұсынысты Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулет төраға болып тұрған кезде де берген. Ғаббас аға енді хатшылыққа жалпылама арнайы хат жазып жіберемін дейді. «Кезінде Ұлықбек те тыңдамады. Енді Мерекемен де сөйлеспеймін. Бәріне ортақ хат жолдаймын» деп ренжіп отыр ол кісі. Осы сыйлыққа бүгін өткізе салып, «алмай қалдым» десем, бірсәрі. Сатираның сардары Ғаббас Қабышұлы 12 жылдан бері ұсынып келді ғой. Бірақ берген жоқ.
– Демек, «еңбегім бағаланбай жатыр» дейсіз бе?
– Бір жылда 3 кітап шығарып отырмын ғой. Біреуі балаларға арналған жаңылтпаштардан тұрады. Енді біреуі Түркияда халықаралық кітап көрмесіне орай түрік тіліне аударылып, жарық көрді. Түріктер құрметтеп шығарған кітапты Қазақстан керек те қылып отырған жоқ. Елеп-ескеріп отырған жоқ. Соған күйініп кетесің.
Ал үшінші – «Сатира туралы сөз» кітабымның тұсауын Ұлттық кітапханада қазақ қаламгерлерінің қатысуымен кестік. Сол жерде бәрі жақсы пікірін айтты. Енді осы кітапқа бермеген сыйлықты кімге береді? Трайбализм деген сол! «Ермахан әлі 60-қа келген жоқ қой» деп айтады екен. Егер мен 60-қа келмесем, сыйлық алғандардың ішінде 40-қа, 50-ге толмағандар неғып жүр? Жасқа қарайтын болса, көшеден 60, 80, 90 жасқа толғандарды әкеп бере берсін! Қанша жерден сатирик болсам да, бәлеқор адам емеспін. Бірақ осындай ақылға қонымсыз әңгіме айтады. Бұл жолы осылай айтуыма мәжбүрлеп отыр.
– Сонда биыл нешінші рет ұсындыңыз?
– Жыл сайын тапсырып жүрмін. Не Нұрлан Оразалин ескермеді, не Ұлықбек Есдәулет елемеді. Өздерінің адамдарына береді. Рулас, жүздес, жерлеске келгенде ешқандай талапқа қарамайды. Былтыр сатира кеңесінің төрағасы ретінде баяндама жасап, ренішімді білдірдім. «Сатира кеңесінің төрағасымын. Сол төрағамен сыйлық берер кезде ақылдасу керек шығар. «Сатирадан кім бар? Ұсынайық» деген сияқты сұрау салмай ма? Онда кеңестің не керегі бар, жауып тастасын», – дедім.
Бізде олай ұсынбайды, ақылдаспайды. Осы жолы да, былтыр да, алдыңғы жылы да ешкім бұл жайында сұраған емес. Сатира кеңесінде төраға болғаныма – 6 жыл. Кеңес төрағаларының бір жиыны болғанын естіген жоқпын. Бәрін өздері шеше береді. Кітап шығаратын қаламгерлердің де өз тізімі бар. Солар ғана жыл сайын кітабын шығарып жатады. Марапаттың да өз тізімі бар. Тек соларға ғана береді. Орден, медальды да өздері бөліп-бөліп алады.
– Алайда, қаламгерлерге қарата айтылатын «Кітапты сыйлық үшін жазасыздар ма?» деген сыни пікірге не дейсіз?
– Соны түсіндіріп айтып отырмын ғой. Осы уақытқа дейін жазып та келдім, жазып та жүрмін. Әрине, сыйлық үшін емес. 16 кітабым жарық көрді. Бірақ сыйлықты бергендерге неғып айтпайды осы пікірді? Солардың ішінде жылына 3 кітап шығарған қаламгер бар ма екен? Бар болса, олардыкін алтынмен аптап, күміспен қаптап қойып па? Менің кітаптарым қор болса, неге Түркия түрік тіліне аударып, шығарып, тұсауын кесті?
Егер алған адамның бәрі жылына 4-5 кітап шығарса түсінемін. Солай болса, үндемеймін, керісінше «өте лайықты екен» деймін. Мәселе – маған қиянаттың көкесін көрсетіп отырғанында. Одаққа жазушы, кітап керек емес пе? Өзім 5-6 жылдан бері Жазушылар одағында Сатира кеңесінің төрағасы ретінде қызмет атқарып келемін. Жазушылар одағына қабылдау комиссиясының мүшесімін. Бәрі – қоғамдық жұмыс. Ол үшін айлық алмаймыз. Тым болмаса, осындайда елеп-ескерсе болмай ма?
–Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов өз жауабында: «Мәселе – география мен биографияда десе, «Алаш» сыйлығын алған 21 қаламгер де Атыраудан болса айтсын!», – деді.
– Айта береді! Онда неге бір жылда 3 кітап шығарған адамның еңбегін елеп-ескермейді? 21 қаламгерді қалай бағалапты? Кітапқа қарай ма, әлде жүз бен руға немесе жасына қарай ма? Негізі бұл сыйлық былтыр шыққан кітаптарға берілуі тиіс. Бірақ 2024 жылы шыққан кітапты неге кіргізген? Биыл шыққан кітап келесі жылы бағалануы керек. Міне, қиянаттың көкесі!
Редакциядан: Сатирик-жазушы Ғаббас Қабышұлының Жазушылар одағының бұрынғы төрағасы Ұлықбек Есдәулетке «Алаш» халықаралық сыйлығына Ермахан Шайхыны ұсынған хатын сұхбатқа қоса жариялауды жөн көрдік.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет мырзаға!
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына әбден лайық!
Әзіл-сықақ ауылымыздың абызы болған Темкең, Темірбек Қожекеев, ауылға азан мен ақшам арасында «келіп-кетіп» жүретін жастарға қараудан жалықпаушы еді. Жай ғана қарап қоймай, қайсысы кім екенін, не жазып, қай гәзет-журналға шығарғанын айтып, бағалап отыратын. Сырттай сыншы Темкеңді әзіл немесе сықақ әңгіме-өлеңдерімен қуантқандар көп ұзамай оның мақала кейіпкеріне айналатын. Сол кейіпкерлердің бірі – бүгінде өзі де үлкен-кіші қаламдастарын ақ мылтығының қарауылына іліп, алақайлап әңгіме шертіп жүрген Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ.
Әлбетте, әңгіме шертуші дәрежесіне жету үшін өз әңгімең өзгенің – оқырмандардың айызын қандыратын болуы керек. Бұл талап жағынан аяңдап келгенде Ермаханның әңгімелері шаппай бәйге алар сәйгүліктей екеніне көз жеткізіп жүрмін. Жеке-жеке үкі таққым келмейді. «Үйірімен үш тоғыз» болып, қазағымыздың күлкі қорына жоғары сапа белгісімен қосылып жатыр.
Ал бөле-жара атарым: Ермахан 2004 жылдан бері «Айқын» газетінің «Жатыпатар» атты бетінде: «Құдай жатқанға берсін» деп шынтақтап жатыр.«Бес батпан беттің бастығы» деген бес қадақ лауазымы бар. «О, пәлі, гәзет редакторының орынбасары қызметін пайдаланып, тұтас бір бетті «жекешелендіріп» алғаны ма?!» деп баспалап қарасам: ол бетті үлкен-кіші кәсіптестері апта сайын ұжымдаса күлісіп тұратын отауға айналдырған екен!
Ол ол ма, Ермахан «Ағынан жарылсақ...» деп бармақ елі кітап шығарып, онда бүгінгі кәрі-жас сатириктердің қазақы күлкі хақындағы ой-пікірлерін жинап, ортаға салыпты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде сатирадан дәріс бере жүріп, «Қазіргі қазақ сатирасы» атты көмекші оқу құралын шығарғаны тағы бар. Күні кеше жарық көрген «Атақты айтқыштар» атты жинағы да ауыз толтырып айтарлықтай дүние. Сол еңбегіне сүйініп, қазақ сатирасының ендігі Бас қамқоршысы осы біздің Ермахан болады деп іштей қарар қабылдап, оны Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын беру мәселесімен шұғылданатын алқасына: – Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ – абыройлы сыйлыққа әбден лайық сатирик! – деп қол қойып жолдадым, міне!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, қарт жазушы, сатирик, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.