Нарқыз ТАМАБАЙ Әуезов театрынан НЕГЕ кетті?
Өнерде өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруға талпынған жастардың арасында Нарқыз Тамабай да бар. Театрмен қатар түрлі телехикаяда төбе көрсетіп жүрген арудың Әуезов театрынан кеткені біраз көрерменнің көңілін күпті етті. Өнердің парқы мен нарқын бала жастан түйсініп өскен талантты қыз тілшімізге сұхбат берді.
– Кез келген әртіс өнерге аға буын өкілдеріне еліктеу арқылы келеді ғой. Өзің кімге еліктедің?
– Менің әкем Елтай ТАМАБАЙҰЛЫ көп жылдар бойы Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында режиссер болып жұмыс істеп келеді. Кейінгі жылдары шәкірт тәрбиелеп жүр. Анам да кәсіби актриса болған. Солардың жанында жүріп, өнерге бала жастан құмар болып өстім. Сондықтан актрисалық шеберлігім алдымен ата-анам арқылы шыңдалды десем болады. Сөйтіп, бойжеткенде әке-шешемнің ізімен мен де өзімді өнер жолынан таптым.
– Әуезов театрының сахнасында өнер көрсетуге екінің бірінің қолы жете бермейді. Қара шаңырақтан неге кеттің?
– Әуезов театрында екі жыл жұмыс істедім. Осы уақыт ішінде ол жердегі аға буын өкілдерінен көп нәрсе үйрендім.
Бірақ, шетелден білім алып келсем деген ниетім болып, ұзақ сапарға аттану қажет болғандықтан, құжаттарымды қайтып алуыма тура келді.
Қазір соған байланысты бар уақытымды білімімді шыңдауға арнап жүрмін. Егер арманыма қол жеткізсем, болашақта қара шаңыраққа қайтып оралуым әбден мүмкін. Оны енді уақыт көрсетеді.
– Жуырда «Жас сахна» театрында сахналанған KEKIS қойылымында байшыкештің ерке қызын сомдадың. Бұған дейін салмақты рөлдерде ойнап келгендіктен, көрермен қалай қабылдады?
– Әрине, спектакльде ер азаматтардың алдында бұраңдап билейтін бикештің рөлі болғандықтан қатты тартыншақтадым. Режиссердің маған сенім артып, табыстаған бейнесі солай болған соң, образды ашу мақсатында қазіргі қыздардың қылығын көрсетуге тырыстым. Бірақ, соңынан тамашалауға келген жандардың құттықтап, ыстық лебіздерін білдіргеніне қарағанда, рөлім сәтті шыққан тәрізді.
– Десе де күйеуін қолбалаға айналдырған жас келіншекті келісті кейіптедің. Қойылым қазіргі қоғамның айнасы екенін ескерсек, жігітті жағдайы мен мансабына еліту арқылы тұрмысқа шығатын замандас құрбыларыңа қалай қарайсың?
– Енді ол әркімнің өз таңдауы ғой. Бірақ, бұрынғылар «тең – теңімен, тезек –қабымен» деп текке айтпаса керек. Меніңше, қызда тұрмысқа шығар алдында есептен гөрі, талап болған жөн бе деймін...
– Ал өзің болашақ жарыңа қандай талап қоясың?
– Мәселе, қалтасының қалыңдығында емес. Алдына мақсат қоя білетін амбициясы бар азамат болса, арманына өз күшімен-ақ қол жеткізеді. Бастысы – жүрегі жылылыққа толы қайырымды жан болғанын қалаймын.
Негізі өзім үйде жалғыз қыз болғандықтан, еркелеп өстім. Сондықтан болашақ жарымның бойынан әкемде бар қасиеттерді көргім келеді.
– Өнер адамы болуы шарт па?
– Жоқ, өзге саладан болғаны дұрыс па деймін. Бірақ, өнерімді бір кісідей түсініп, жолымды кес-кестемей, керісінше, қолдау білдіріп отыратын жан болса деген тілегім бар.
– Біраз телехикаяларға түстің. «Инелік» сериалындағы көпті сүйсінткен Еңліктің рөліне қалай келдің?
– Ол сериалға екі ай бойы іріктеу жүрді. Содан кастинг бітуге екі-үш күн қалғанда мені шақыртты. Ол кезде Ақтөбеде ет жақындарымның жанында болған едім. Сөйтіп, аяқасты алыстан ат артып Алматыға келуіме тура келді. Келгеніме орай кастингтен өтіп, рөлді ойнайтын болып бекітілдім. Одан соң Текеліге екі айға түсірілім алаңына аттандық.
– Жасы бар, жасамысы бар, өнердегі әріптестеріңнің инстаграмнан түспейтінін ескерсек, сенің әлеуметтік желіге әуес еместігің таңданыс тудырады...
– Жылына 3-4 ай барлық әлеуметтік желіні өшіріп, үзіліс алатын әдетім бар. Әрбір отырған-тұрғаным мен ішкен-жегенімді жұртқа жариялап, уақытымды текке өткізгім келмейді. Қазіргі арзан ақпарат адамдардың уақытын ұрлауда. Жастық шағымды желінің жетегінде кетірмей, оқып, ізденіп, танып-білуге арнағым келеді. Сондықтан көбіне кітап оқимын. Қазіргі кезде тоқыма тоқуды қолға алдым. Арасында гитара тартып, өзімді жан-жақты дамытуға тырысып жүрмін.
– Біздің қоғамда «әртіс жеңіл жүрісті келеді» деген түсінік бар. Бұған не дейсің?
– Иә, ежелден «әйелің әртіс болмасын» деген қасаң қағиданың қалыптасқаны рас. Бірақ, бұлайша ойлау – әр адамның өзіндік парасат пайымына байланысты.
Бір жағынан өнерде жүрген адамның өзін ұстауына да қатысы бар. Бір кісінің ағат қылығына қарап, өзгеге күйе жағу – әсте дұрыс емес.
Өзіме ешқандай көлденең көк атты соқтығып көрмепті.
– Өнерде бағыт-бағдар беретін кім?
– Ол – әкем. Маған қандайда бір рөлге ұсыныс түссе, оның сценариін міндетті түрде өзі оқып шығады. Егер әкем рұқсатын берсе ғана түсуге келісемін. Сондықтан әкемнің шешімінсіз қалт баспауға тырысамын. Ешқандай ата-ана баласының болашағы жаман болсын демейді. Үлкендерді тыңдағаннан кеміп қалмаймыз. Бұл – біздің отбасымыздағы басты қағида.
– Қазір комедия жанрында шығып жатқан кинолар көп. Ондай туындыларға түскің келмей ме?
– Негізі ұсыныстар түскен, бірақ мен бас тарттым. Мансап жолындағы қадамымды театрдан бастаған соң ба, көбіне салмақты рөлдерді ойнағанды ұнатамын.
Соңғы жылдары жеңіл-желпі, ешқандай мағынасы жоқ комедиялардың қаптап кеткені рас. Киногерлер не ұсынса, халық әлбетте соны тұтынады. Бірақ мұны пайданып, не болса соны көрсету өнерге жасаған қастандық сияқты көрінеді.
Бір жағынан комедия керек те шығар. Себебі, қазір адамдардың басында проблема көп. Қолы қалт еткенде бір-екі сағат кинотеатрға барғанда бір сәт бар мәселесін ұмытқысы келеді.