25 Ақпан 09:04

«ТОЙЫМЫЗДЫ ерекше стильде жасаймыз» – Жанар ДҰҒАЛОВА қай жаққа келін болады?

Фото:

Жуырда Жанар ДҰҒАЛОВАНЫҢ басты рөлді сомдауымен «Умри или вспомини» деп аталатын жаңа фильм жарыққа шықты. Бұдан соң әнші көп күтпеген мәлімдеме жасап, күйеуге шығатынын айтты. Әншіге хабарласып, жаңа туындының жайы мен тойдың қамы турасында сұраған едік. 

– Кинотеатрларда көрсетіліп жатқан Ернар Нұрғалиевтің туындысына түсуге іріктеу арқылы келдіңіз бе?

– Жасыратыны жоқ, менен өзге тағы бір-екі актрисаны байқастады. Бірақ соңында режиссердің таңдауы менің шеберлігіме түсті.

– «Көрермен қандай баға берді?» деген сұрақ мазалап жүр ме?

– Әлеуметтік желі мен жекеме келіп түскен пікірлер легіне зер салсам, кино жұрттың көңілінен шыққан тәрізді. Бірақ жаңа жанр болған соң көрерменнің барлығы дерлік түсіне қоймас. Дегенмен,  жаңашылдықты қабылдай алатын  жастарға ұнап жатқан сыңайлы.

Киноны қалай қабылдау әркімнің талғамына байланысты дүние ғой. Бұл – Нұрғалиев таспалаған жаңа жанрдағы екінші фильм. Оның режиссерлік шеберлігін ескерсек, кейінгісі де сәтті шықты деп ойлаймын.

– Фильмде бірнеше саундтрек орындалады. Оның бірін өзіңіз шырқадыңыз ба?

– Жоқ, мен фильмге тек актриса ретінде ғана қатыстым. Оның үстіне ол кезде қосымша саундтрек жаздыруға уақытым да болмады.

Сіз бай-манапты жағалаған бойжеткенді сомдадыңыз. Арасында ашық сахналар да бар екен...

– Жалаңаш көріністерде мені дублер алмастырды. Сондықтан ол жерде менің ашық тәнім көрсетілмейді.

– Қаламақыңыз қомақты болған шығар?

– Жоқ, мойындауым керек, қаламақым өте аз болды. Ернар екеуміз жиырма жылдан бері ол кинода, мен сахнада бірге келе жатқандықтан, достық көңілмен қолдауға тырыстым.

– Көпшілікке сіз түскен киномен қатар алда өтер тойыңыз да қызық. Дайындық барысы қалай?

– Сырға салу рәсімі өтіп кетті. Үлкен тойды наурыз айына белгілегенбіз, бірақ жоспарға байланысты өзгеруі де мүмкін. Нақты уақытын айта алмаймын.

– Ал қыз ұзату тойы қашан болмақ?

– Оның қай уақытта болатынын әлі шешпедік. Шынымды айтсам, өз басым қыз ұзату тойын жасағанды қаламап едім. Заманауи тұрғыда екіжақты біріккен той жасасақ деген ойым болды. Бірақ, әке-шешем қолқалап қоймады. Сол кісілердің қалауы болғандықтан, бас тарта алмадым.

– Өнерде жүрген құрбыларыңыздың бірі қыз жолдас болатын шығар?

– Тойымыз заманауи стильде өтетін болғандықтан, «дружка» болмайды. Көп кісі қатысатын үлкен той жасаймыз деп  айта алмаймын. Етжақындардан тұратын шағын ортада өткіземіз. Әлбетте, әріптестерімнің ішінде жақын араласатын достарымды шақырамын.

Күйеужгіттің кім екенін жасырып жүрсіз. Сонымен, еліміздің қай өңіріне келін болмақсыз?

– Астанаға. Астанада таныстық, Астанада тұрмыс құрамыз.

– Тойдан соң жарыңыз «үйде отыр» деп талап қойса қайтесіз?

– Біз екеуара бұл мәселені шешіп алғанбыз. Ол – менің өнерімді бағалап, қолдап-қолпаштап отыратын адам. Сондықтан ондай талап қоймайтынына сенімдімін.

Оның үстіне мен өзгертуге тырысатын жаста емеспін ғой. Бізде ешкім ешкімді өзгертуге талпынбайды. Бір-бірімізді қалай бар, солай қабылдаймыз. Махаббаттың мәні де сонда болса керек. 

Тегтер: