24 Ақпан 14:11

«ТІЛІ ащы әйел ТАЯҚ жейді...» Баян түсірген «БАҚЫТ» фильміне киносыншы баға берді

Фото:
Режиссер Асқар Ұ

ЗАБАЕВ пен продюсер Баян МАҚСАТҚЫЗЫНЫҢ «Бақыт» фильмі Берлин 72-халықаралық кинофестивалінде Панорома секциясының бас жүлдесіне – «Көрермендер көзайымы» номинациясына ие болды.

Бірақ ел ішінде бұл фильмге қатысты пікір сан алуан. Әлеуметтік желіде біреулер «іш пыстыратын фильм» десе, енді бірі «барлық қазақ отбасын осылай суреттеп намысымызға тиді» деп отыр. Әйелдер қауымы бұл фильмнен кейін «отбасын құрғысы келмейтінін» айтқан.

Сондықтан көрермендер бейжай қарамаған «Бақыт» фильмі туралы мамандар не дейді? Киносыншы, Өнертану PhD докторы, профессор Гүлзат КӨБЕК «Бақыт» туралы, тұрмыстық-зорлық зомбылық және қазақ киносының бүгінгі бағдары жөнінде NEGE тілшісіне сұхбат берді.

Г.Көбек.

– Кейде бір туынды туралы көрермен мен киногерлердің пікірі кереғар шығып жатады. Кәсіби киносыншы ретінде «Бақыт» фильміне қандай баға берер едіңіз?

– Керісінше, фильм іш пыстырмайды. Динамикасы мықты. Драматургиясы көрермендердің ішкі эмоциясын арпалыс күйіне түсіреді.

Егер көрермендердің ішінде «бұл фильм менің намысыма тиді» деп санайтындары болса, демек тура осындай проблема оның жеке өмірінде бар деген сөз.  

Бұл фильм – автордың жеке трагедиясы. Дүниетанымы. Некелік өмірге деген қарым-қатынасы. Әйел – тұлға ретіндегі қоғамға айтқан жанайқайы. Ішкі бақытсыздығы.

Адамның психикасы күрделі жаратылған. Адамдар кейде бақытсыздығының себебін екінші адамнан көріп жатады. Алайда, бейсанадағы программаны түбегейлі зерттеп шықсаңыз, кез келген трагедияның нақты себептері айқындалады.

Тағдыр – математикалық есеппен құрылған. Әр қадамның өз себебі бар. Әр адамның өз тағдыр жолы бар. Тұрмыс құрмаған қыздардың бұл фильмнен үлгі алмауға да хақы бар.

Фото: ​Фильмнен кадрлар.

– Соңғы жылдары отбасылық зорлық-зомбылық туралы көп айтыла бастады. Фильм көтеріп отырған тақырыбы өзекті екені анық. Бұл фильм осы мәселені қаншалықты ашып көрсете алған?

– «Зорлық-зомбылық неге көп?» деген сұрақтың жауабын әркім өзінше тереңірек іздеп көрсе, сауатты қоғамға айналамыз. Отбасылық өмірде жанжал көп болса, оның әр мүшесі өздерінің ішкі әлемі туралы бір сәт ойланса болады.

Мейірімсіз ұрпақ өкілдерінің статистикасы артса, ол туралы әйелдер қауымы ойланса дұрыс болады. Балаға ананың жылуы жетпегеннен қатігез тұлғаға айналады. Ондай бала кейін жар түгілі өзін де сүйе алмайды. Қызғаншақ, өзіне деген сенімі аз болады.

Тілі ащы әйел таяқ жейді. Ер адам сөзі жетпеген сәтте ғана қол жұмсайды. Ішкі мәдениеті мен өресі төмен болып тұрса, демек отбасындағы тәрбиелік құндылықтарын зерделеп көру керек. Бәрібір, кез келген ер азамат анадан туады емес пе?

Әйелдерге көп нәрсе байланысты. Олардың ішкі әлемінің үйлесімділігі көп дүниені шеше алады. Бақытты ана ғана бақытты ұрпақ тәрбиелейді.

ХХІ ғасырда әйелдердің жүйкесі шаршады. Себебі, қоғамда баланы өзі туып, оны өзі асырайтын, жұмыспен отбасыны қатар алып жүру жауапкершілігін көтеретін әйелдер қауымы көбейді. Нарық та үлкен қысым.

Үйінің берекесін ұстап тұра алмаған әйелден қоғамға келер пайда аз. Отбасын асырай алмаған еркектен мемлекетке тиер пайда жоқ. Ер азаматтарға отбасындағы өз позициясы мен қоғамдағы беделін күшейтуі керек. Әйелдер осы мақсатқа ықпалдасса игі.

Қазақы отбасыларда «ұл тумадың» деп ұратын еркектер бар. Бұл – үлкен психологиялық комплекс. Жыныс – Жаратушыдан таңдалады. Оған әйел заты кінәлі емес. Ата-ана үшін барлық бала жынысына қарамай бірдей болуы керек. Фильмде ащы шындық бар.

– Кино – ең алдымен өнер туындысы. Осы тұрғыдан «Бақыт» фильміне қандай талдау жасар едіңіз? Жақсы жағы мен кемшіліктеріне тоқталып өтсеңіз...

– Фильмде өзекті мәселелер қамтылған. Бетперде шешілген. Анайы формада ашылған. Кез келген туынды – бұл сол фильмнің авторының  өресін ашып береді. Оның жан дүниесінің бір бөлшегі. Сол үшін фильмнің мазмұнындағы керағар әрекеттерге тек автордың өзі жауапты.  

Кино бүгінгі таңда өнер ретінде емес, әртүрлі әлеуметтік мәселелерді шешудің саяси құралына айналғандай. Соған қарағанда, жалпы жер шарында адамзаттың ішкі конфликтілері көбейіп кеткен симптомдарын аңғарамыз. Бейне бір тығырықтан шығар жолын таппағандай қысым байқалады. Әсіресе, авторлық фильмдерде.

Бұл фильмде драматургия сәтті шыққан. Жалықтырмайды. Көрерменді тығырыққа тірейді. Бақыт формуласын іздеу – басты мотив. Оқиға шытырман. Актерлердың ойыны мықты. Бұл қуантады. Шынайы. Жасандылық жоқ. Бірақ, фильмде қатігездік көп.  

– Әлемдік кино өнерінде соңғы кезде фантастика, экшн, фэнтези және триллерлер алдыңғы орынға шығып келе жатқандай. Ал қазақ киносындағы үрдіс қандай? Әлемдік кино мен қазақ киносының айырмашылығы туралы айтып берсеңіз.

– Біз әлемдік кинематографпен етене байланыста дамып келеміз. Әлеуметтік желі арқылы қазір барлық шекара ашық. Әлемдік кино өнерінің ең мықты туындыларын үйде отырып-ақ ютубтан көретін мүмкіндігіміз бар.

Режиссерлеріміз халықаралық кинофестивальдерге де белсене қатысып тұрады. Тәжірибе алмасу процесі бар. Барлық жанр қамтылып жатыр деп айта алмаймын. Дәл бүгінгі уақытта экранда қандай дүниелер жарық көріп жатыр – бұл біздің еліміздің өнердегі шығармашылық тұлғалардың нақты нәтижесі. Рухани деңгейінің өресі. Мәдениеті. Бұл – нақты факт.

Киногерлердің әлі терең ізденгенін, талантты тұлғалардың көп болғанын қалаймыз.

 – Жалпы, соңғы жылдары ТМД елдері арасында қазақ киносы туралы жақсы пікір қалыптасып келеді. Әлеуметтік желілерде қазақ киносы туралы жылы лебізді жиі еститін болдық. Өзімізге де ұнайтын қазақ кинолары пайда болды. Қазақ киносында жаңа буын режиссерлары қалыптасты деп айтуға бола ма?

– Жаңа буын қашан да қалыптасады. Әр буынның өз жаңалығы мен айтар үні болады. Киногерлердің позициясы айқын, өнердегі өз миссияларына адал болса, алынбайтын белес болмайды.

Көрші елдердің фильмдеріне түсуге шақырту алып жатқан актерлеріміз да бар. Халықаралық кинофестивальдерде еркін ойлайтын, философиялық тұжырым жасай алатын деңгейдегі режиссерлеріміз де аз емес.

Отандық прокаттың кестесін өз өнімдерімен толтыруға тырысып жатқан авторлар да бар. Олардың тек қаржы табумен шектелмей, аудиторияға салмақты ой айтуға үйренгенін қалаймыз.

Әлемде рухани тазару процесі – тек өнер адамдары арқылы ғана жүзеге асады. Олар өз миссиясына адал болған сәттен бастап қана рухани жаңғыру процесі жақсы нәтиже беретін болады.

– Әңгімеңізге рахмет!  

Тегтер: