Дикий Арман синдромы: Бандиттер үстемдік құрған 90-жылдар қайта оралды ма?
Таяуда 90-жылдардағы ахуалға қайта тап болуымыз мүмкін. Ол кезде кілең ұрда-жық спортшылар күш біріктіріп, қылмыстық топ құрған-ды. Енді олардың түрі өзгеруі ғажап емес. Спортшылардың орнына, сақал өсіріп, дінді жамылғандар төбе көрсетуі ықтимал. Бұл туралы саясаттанушы Марат Шибұтов дабыл қақты.
Оның пікірінше, мұның басты себебі – елдегі экономикалық үлгінің өзгеруі. Бұрынғысы жұмыс істеуден қалса, жаңасы енді пайда болмақ. Яғни өліара кезең.
Сарапшының пікірінше, мұның әлеуметтік-экономикалық астары да бар.
«Жағдай күрделі – жоспарланған 190 миллион тонна мұнайдың орнына біз әлі 80-90 миллион тонна өндіріп келеміз. Ал халық саны 14 миллионнан 19 миллионға жетті. Шенеуніктердің, олигархтардың араны ашылып кеткені туралы сөз қозғағым да келмейді. Мұның кесірінен елімізде ақша азаяды. Ескі қарыздарымызды жаңа кредиттермен жауып жіберетіндей экономиканың өсімі жоқ», – дейді Марат Шибұтов.
Мұндай жағдайда жұрт қайтпек? Саясаттанушының айтуынша, біреулер бандит болады, біреулер секталарға барады. Бірі дінге берілсе, бірі жұртқа бақытты өмір уәде етіп, алаяқ атанады.
«Қазір алаяқтар қаптап кетті. Дін жыл өткен сайын қанат жайып барады. Қазір бандиттер шығып жатыр. Оның үстіне, қазіргі бандиттер – дін ұстанатын адамдар. Бұл өте қауіпті жайт – Дикий Арманның инстаграмын қарап, комментарийлерін оқыңыз. Мемлекет бұған ештеңе істей алмайды. Қаңтардағы мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылыс мүмкіндікті азайтты. Мемлекет әлі ес жия алмай тұр», – дейді саясаттанушы.
Экономист Мақсат Халық бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, әлеуметтік-экономикалық ахуалға, елдің тұрмысына, жұмыссыздықтың деңгейіне қарағанда, тоқсаныншы жылдардың лебі сезілетіні рас. Бұған қазіргі геосаяси жағдай ықпал етіп тұр.
«Ресейде қазірдің өзінде қара нарық бар. Ресми түрде рубль мен доллардың бағамында алшақтық көп. Көрші елдегі қара нарық бізге де үлкен қауіп туғызады. Қанша жерден еркін айналымда жүрміз десек те, рубль мен ресейлік тауарлар біздің нарықты басып қалды. Ішкі нарықты, отандық өндірісті қолдай алмай тұрған жайымыз бар. Мұның өзі – 90-жылдардың қайта оралуына жанама фактор», – дейді экономист.
Мақсат Халық жұмыссыздық деңгейінің ашық көрсетілмеуі үлкен мәселе екенін айтады.
«Тамара Дүйсенова ханым басқаратын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өзі нақты мәлімет бере алмай отыр. Өйткені, бізде жұмыссыздар саны өте көп. Халықты жұмыспен қамту орталықтары не істерін білмей дал. Қымбатшылықтың өзі көп азаматтардың тұрмысын нашарлатып жатыр. Кедей халықтың қатарын көбейтіп жіберді. Осы көрсеткіштер белгілі бір дәрежеде қылмыстың өршуіне түрткі болуы әбден мүмкін. Бүгінгі күннің өзінде соның көрінісі байқалады», – деп түйіндейді маман.
Кейбір сарапшылар элиталық топтар мен қылмыстық топтардың өзара жымдасуы ықтимал екенін айтады. Саясаттанушы Андрей Чеботаревтың айтуынша, ықпалды топтар қылмыс әлемін өз мақсатына пайдалануы әбден мүмкін.
«Қазір 90-жылдардағыдай ұйымдасқан қылмыстық топтар жоқ. Бірақ бір үрдістің құлағы қылтиып қалды. Мәселен, қазір кейбір ықпалды топтар саяси алаңнан кетіп жатыр. Меншік бөлінісі жүруде. Белгілі бір элиталық топтардың қылмыс әлемін пайдаланғанын Қаңтар оқиғасында анық көрдік. Кейбір қылмыстық топтардың белсенді әрекетке көшуін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, оларды элиталық топтар тағы да пайдалануы мүмкін. Билікке қысым көрсету мақсатында», - дейді саясаттанушы.
Андрей Чеботаревтың пікірінше, енді бір топтар өз бетінше өмір сүруі ықтимал.
«Олар бірдеңе етіп күн көруі керек. 90-жылдарға қайта ораламыз деп айта алмаймын. Бірақ осы үрдіс қылмыстық ортаға ықпал етуі мүмкін», - деп болжам жасайды сарапшы.
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед ұйымдасқан қылмыстық топтар қайта бас көтерген күннің өзінде, билік дер кезінде тосқауыл болатынын айтады.
«Барлық елдерде де қылмыс бар. Бұл – экономикалық үлгінің өзгеруіне байланысты дүние емес. Бізден де кедей мемлекеттер бар. Бірақ қылмыс көрсеткіші төмен. Ал бақуатты елдерде қылмыс көрсеткіші бізден әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде ұлттық ерекшеліктерді де ескерген жөн», - дейді Бөріхан Нұрмұхамед.