26 Сәуір 08:48
...

Ата Заңдағы ата. Жеке адамның аты НЕГЕ Конституцияға енгізілуі керек?

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Біздің билік қызық: көп-көрім бастаманы қолға алып, жұртты бір серпілтіп тастайды да, сол сәтте төбеңнен бір шелек мұздай суды төңкере салады! Бұл жолы да солай болғалы тұрған сияқты.

Алдымен, президенттен дәйексөз: «Конституцияға енгізілетін түзетулер Тәуелсіз Қазақстан тарихының келесі парағын ашады деп сенемін. Мұны Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды белес деуге болады».

Шынымен де алдын-ала айтылған анонстарға салсақ, Конституцияға біраз оң өзгеріс енгізілмек. Оның ішінде президенттің туыстарына, жер мен жер қойнауындағы байлықтарға, адам құқына қатысты новеллалар шынымен де бүкіл халық болып құптауға лайық.

Бірақ, кешегі бір ресми хабарлама «реформалар болады!», деп қуанғалы тұрған жұрттың көңілін су сепкендей басып тастады.

Енді Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобынан дәйексөз: «Тұңғыш Президенттің мәртебесі мәселесіне келетін болсақ, бізде бұл Конституция және конституциялық заңдармен реттеледі деп жазылған. Жұмыс тобы бұл мәртебені Конституцияның өзінде анықтау керек, бұл норманы нақтылайтын заңдарға емес, Конституцияның өзіне жүгіну керек деген қорытындыға келді... Яғни, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы. Яғни, бұл мәртебе анықталады. Бұл үлкен маңызға ие болады деп ойлаймын, өйткені еңбектер, білгілі объектив деректі бәріңіз көрдіңіздер, бүкіл әлем көріп отыр, ол Конституцияда бекітіледі».

Фото: ғаламтордан.

Осыған орай айтарым төмендегідей:

Өз басым елімізді 30 жыл бойына басыбайлы жеке басқарған Нұрсұлтан Назарбаевты осыншама жыл сынап келе жатқан адам ретінде бүгінде оны... аяймын. Қазақ елінің тұңғыш президенті саяси карьерасының дәл осылай, сәтсіз, көпшіліктің өкпе-ренішін, аяусыз сынына ұласып аяқталатыны оның үш ұйықтаса түсіне кірмеген болар!

Есімі тәуелсіз ел тарихында алтын әріппен жазылатындай қаншама мүмкіндіктер болды десеңізші! Аса білімді де еңбекқор халқы, Совет дәуірінде-ақ аяққа тұрған мықты экономикасы, бес Франция сыйып кететіндей жер аумағы, Менделеев таблицасының барлық дерлік элементтеріне бойына жинаған жер қойнауы бар мемлекетті гүл жайнатып жіберуге болатын еді ғой. Ол үшін әділ де халықшыл саясат ұстану керек еді.

Бірақ, өкінішке қарай, Нұрекең халықтық, мемлекеттік мүддені емес, жеке басы, отбасы және маңайының күйін күйттеп кетті. Содан барып, кеше ғана Тоқаевтың өзі мойындағандай құбыжық «суперпрезиденттік» жүйе орнатты. «Әй» дейтін әлеумет, «қой» дейтін қоғам жоқ, ол ойына келгенін істеді.

Фото: ғаламтордан.

Экономиканың сүбелі салаларын айналасындағыларға өз қолымен үлестіріп берді. Биліктен айырылғысы келмей, Конституция мен заңдарды тек өзі мүддесіне сай ғана мың құбылтып, быт-шытын шығарды. Өзіне қарсы шыққан саяси оппоненттерін аяусыз қудалады.

Тарихта осындай, екіұдай, мақтауынан гөрі даттауы көп атпен қалғалы отырған адамды Конституцияда бөлек, жеке-дара атаудың қажеті бар ма?

Сынықтан басқаның бәрі жұғады: ертеңгі күні басқа президенттердің де жандайшаптары осы іспеттес бастама көтеріп, олардың атын Ата Заңға енгізгісі кеп жатса, не істейміз? Уақыт өте біздің Конституция билікте болған президенттердің мартирологына (христиандарда – дін жолында азап көрген «әулиелердің тізімі») айналып кетпей ме?!

Философиялық тұрғыдан алсақ, кез келген тұлғаны шынайы бағасы өз заманының емес, болашақтың еншісінде: өз тұсындағылар қателесуі де, жағымпаздануы да, кей жағдайда түсінбей, қаралауы да мүмкін. Ал Уақыт – бәріне емші әрі ең қатал да әділ сыншы.

Объективті түрде айтсақ, Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген белгілі бір еңбегі де жоқ емес. Бірақ, біріншіден, оның бәрін Конституция секілді мың жылда бір өзгеруі тиіс құжатта жазу міндетті емес.

Екіншіден, Назарбаевтың кемшілігі мен қателіктері оның жақсылығын баяғыда-ақ, соның ішінде Жаңаөзен мен Қаңтар қанды қырғынан кейін жуып-шайып кетті емес пе?!

Мұндай «саяси реверансты» өз басым Назарбаев пен Тоқаевтың о баста, 2019 жылы жасаған өзара келісімінің жалғасы деп білемін. Мұның бәрі – өзінің ресми мәртебелерінен (Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, билік партиясының жетекшісі) айырылса да, бүгінгі билікке бейресми ықпал жасай алатынының бір көрінісі.

Осы тұста Тоқаев маған екі оттың ортасында қалған кейіпкерді көз алдыма елестетеді: бір жағынан – кезінде Назарбаевқа берген уәделері мен кепілдіктері, екіншісі – сол Назарбаев құрған жүйені түп-тамырымен жойып, Жаңа Қазақстан орнату идеясы.

Фото: elbasy.kz

Қарап отырсақ, бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, мүлдем қабыспайтын, ең бастысы, бір-біріне кедергі жасайтын дүниелер. Оны елбасизм жүйесінің салдарынан таяқ жеп жүрген Тоқаев түсінбейді емес, түсінеді: айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып, 30 жыл бойына шешілмей келген экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, саяси проблемалардың бәрі қордаланып, Тоқаевтың тұсында бұрқ етіп жарылып жатқан жоқ па? Керек десеңіз, кеше ғана барша қазақтың қабырғасын қайыстырған Қаңтар қанды қырғынының де бас себептері Назарбаев құрған жүйенің өне бойында емес пе?!

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, дәл осы бап болашақ конституциялық реформаның шырқын бұзып, сәнін кетіріп жіберетіндей.

Жұмысшы топ бұдан бұрын қабылданған заңдарға сілтеме жасап, соған сүйенеді. Айналайындар-ау, «Жаңа Қазақстанды құру деген, ең алдымен, ескі заңдардан құтылу» емес пе? Оның үстіне, Қаңтар қырғынынан кейін қоғамның сол кезде халқының жанында болмаған әрі отбасының мүшелері сол қырғынға тікелей қатысты болды деп жатқан Назарбаевқа деген көзқарасы бүгінде мүлдем басқа! Тіпті 30 жыл бойына жұмған аузын ашпағандар бүгінде көзсіз батырлық танытып, оны жерден алып, жерге салып жатқан жоқ па?!

Фото: ғаламтордан.

Мәселенің ұйымдық астары тағы бар. Шынымен де, Конституцияға өзгеріс енгізу – аса жауапты іс. Бірақ, сол ұсыныстарды дайындайтын топ қалай жасақталды? Оның құрамы плюралистік әрі түбегейлі реформаларды қалап отырған қоғамның көңіл-күйі мен таңдауына сәйкес келе ме?

Ата Заңды заман мен қоғам талаптарына сай етіп өзгерту тек қана заңгерлерлің ісі емес.

Жұмысшы тобының ұсыныстарын Парламент қарауы тиіс. Қазіргі депутаттар идеялық және саяси тұрғыдан толық мәнінде легитимді, халықтың көзқарасын білдіре алады деп кім айта алады?

Сол себепті, Қазақстан демократиялық күштері 90-жылдардан талап етіп келе жатқан Конституциялық жиын шақырылып, ұсыныстар сонда талқыланғаны жөн. Ол жиынға елдегі барлық саяси күштердің өкілдері енсе, ондағы талқылау ашық әрі бүкпесіз өтсе, оның шешімі мейлінше дұрыс болып, халық оны бірауыздан қолдар еді.

Сондай демократиялық жолмен өзгерген Ата Заңның да беделі биік, мерейі үстем болар еді.

Тегтер: