12 Сәуір 18:54

«Ескіні жамағанның есі кетеді». Жаңа Қазақстанның кадр саясатында осы мақал НЕГЕ әлі өзекті?

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Үш жыл болды, жаңа президентпен өмір сүріп жатырмыз. Президент  жаңарды. Өзі де жаңа тағайындаулар жасап жатыр. Бірақ...

Бірақ оның сенімді серіктестері, жаңа бастамаларын өміршең етуге тиіс командасы әлі де ескінің сарқыншағы секілді: онсыз да екінші президентке көзқарасы әрқилы қоғам оларды «жаңалыққа бастайтын жаңа кадрлар» деп қабылдап жатқан жоқ.

Неге? Меніңше, бұл феноменнің алты себебі бар.

Біріншіден, ел еңсесін әлі де езіп тұрған елбасы факторын жоққа шығармайық: ол көзден уақытша кетсе де, саяси өмірден кете қойған жоқ.

Ең бастысы – Назарбаев пен Тоқаевтың о бастағы, яғни 2019 жылдың басындағы өзара келісімінің мазмұны туралы екеуінен басқа ешкім де білмейді.

Менің пайымдауымша, ол уағдаластықта басқа маңызды шарттармен бірге келісілген кадр мәселесі өз орнын ойып алса керек. Яғни, өкіметте өз кадрларын сақтап қалу арқылы экс-президент жалпы билікке бақылауын жалғастырмақ әрі өзінен кейінгі жүйеде өз мүдделерін қорғап қалмақ. Кадрлардың тұңғыш президент институттарынан екінші президенттің қол астына үдере көшуін өз басым солай деп қабылдаймын.

Фото: ғаламтордан.

Және де ол көштің толастайтын түрі жоқ: Қаңтар қанды қырғынынан кейін Назарбаев қорына, оның кеңсесіне қатысты сын үдей түсіп, оған жыл сайын жұмсалатын қаржының қажеттігіне жұрт күмәнмен қарай бастаған тұста ол жақтағы кадрлардың да билік органдарынан жайлы орын іздей бастағанын көріп отырмыз.

Екіншіден, Тоқаевтың өзі президенттікке «елбасы саясатымен сабақтастықты» ту етіп келді. Ескі жүйенің бар жақсылығы мен жамандығын арқалаған оған ескі кадрлар да Назарбаевтан мұра боп қалды. Кадрлық революция жасап, бір күнде олардан құтылып, билік жүйесін түгелімен жаңарту да оңай шаруа емес, әрине.

Кезінде «Жаңа Қазақстан» форумы айтқан «люстрация» идеясы да жүзеге аспай қалды. Әрине, біз барша шенеуніктерді бір сәтте қуып, жаппай қызметке алуға тыйым жасауды айтқан жоқпыз: біз ел өміріндегі ең маңызды саяси шешімдерге тікелей қатысы бар кесірлі тұлғаларды меңзедік. Сол ұсынысымыз жартылай ғана жүзеге асып жатқан сияқты: елбасизмнің аса көрнекті қайраткерлерінің біразы биліктен аластатылғаны рас.

Бірақ, «ескінің ерен ерлері» әлі де билік басында отыр. Және де ол отставкалардың түпкі себебі саяси, идеялық келіспеушілік не алшақтық емес, тұрпайы түрдегі топаралық тартыс секілді көрінеді маған.

Үшіншіден, Тоқаевтың өзі де сол жүйенің жемісі: қаншама жыл осы ортадағы басшылармен, шешуші тұлғалармен тонның ішкі бауындай етене жақын араласты. Өмір бойына қалыптасқан өзінің ортасы – туған-туыс, құда-жекжат, жерлестер, әріптестер, дос-жаран, тамыр-танысы тағы бар. Олар да кадр саясатына өз ықпалын тигізетіні түсінікті. Рас, президент «туыстарым саяси қызметте болмайды» дегенді қадап айтты. Бірақ, өмірдің аты өмір, жоғарыда аталған «категориялар» да тыныш отырмай, өз кадрларын тықпалайтыны рас қой. Содан болар, «балақтағы биттер» әлі де басқа шығып жатыр.

Төртіншіден, 30 жылғы жүйенің кадр саясатындағы парақорлық, жершілдік, рушылдық, топшылдық секілді дерттерден құтыла қойған жоқпыз. Қазірдің өзінде ел ішінде президенттің не басқа ықпалды тұлғалардың атын жамылып, пысықайлық танытып жүргендер бар екенін құлағымыз шалып қалады.

Фото: ғаламтордан.

Халық айтса, қалт айтпайды: сол ескі аурулар Жаңа Қазақстанға да жұғып жатқан сияқты. Билік те тозған карта колодасынан ескі кадрларды шығарып, елді әбден шаршатты. «Қосалқы ойыншылардың орны» тым шектеулі деген сылтау-аңызды да санаға сіңіріп әбден әлек. Жетпіске жеткенше орнында тапжылмай отырып алатын шенеуніктер, әсіресе, өздерінен кейінгі жастарға обал жасайды-ақ!

Бесіншіден, президенттің кадр саясатының шамадан тыс «дипломаттандырылуы» дендеп барады. Әрине, әркім көз көргенін, білгенін қатарына тартады, соларға сенім артады. Көп жыл бойына сыртқы істермен айналысқан Тоқаевтың да сол сала мамандарына үміт артатыны түсінікті. Бірақ, сыртқы істер мен ішкі істер – бір-біріне қабыса бермейтін, бөлек әлем емес пе? Дипломат қауымының өз психологиясы, жылдар бойына қалыптасып қалған тәртібі мен дағдысы бар. Ондай қасиеттер біздің бүгінгі таңда қайнап тұрған ішкі тірлігімізге сай келе бермейді: Жаңа Қазақстан құруда білім мен біліктілікпен қатар, дипломаттарға тән емес мінез бен ашықтық, кей кезде компромистерді жоққа шығарып, ел-жұртқа жақпайтын қиын да шу туғызатын шешімдер қабылдау қажет боп жатады.

Бәлкім, түбегейлі реформалар жүзеге аспай жатқанының бір себебі Тоқаев пен оның командасының тым дипломатшыл, тым сақ болғанынан шығар? Бейнелеп айтсам, ішкі саясат елшілерден гөрі, елшілдерге зәру!

Алтыншы жайттың адамгершілік пен адалдыққа қатысты тұсы бар. Қарап отырсаңыз, аяқ астынан «жаңарып» шыққан ескі кадрлардың көбі кешегі күні Назарбаевқа іштей де, сырттай да ант бергендер. Саяси конъюнктура күрт құбылып, олардың бәрі «тоқаевшыл» боп шыға келді. Кеше ғана өздері пұттай табынған Назарбаевты жерден алып, жерге салып жатқанда, олардың үні шықпай қалды: біреуі де оны қолдап, дауыс көтермеді. Керісінше, сыншылар хорына белсене қосылып кетті. Ал ертеңгі күні, жағдай өзгеріп, үшінші президент келе қалса, олар Тоқаевқа, оның курсына адал боп қала ала ма?

Ақорда. Фото: sputnik.kz

Сондықтан да, қандай жақсы болса да, бір тұлғаның маңайына емес, Отанға, мемлекетке, ұлтқа қызмет ету идеясы төңірегінде топтасқан кадрлар армиясы керек!

Ол үшін не істемек керек? Меніңше, реформаларды жүзеге асырудағы табандылық пен батылдық кадр саясатындағы жаңашылдық пен жаңғырудан басталуы тиіс.

Ең басты мәселе мынада: 30 жыл бойына осы құбыжық жүйені құруға азды-көпті өз үлесін қосқан кадрлар өткен мен бүгінге объективті де әділ баға бере алмайды. Және де Тоқаев жариялаған құндылықтар оларға жат болуы да ғажап емес, өйткені моральдық-психологиялық жағынан ескі жүйе жайлы да ыңғайлы. Сондықтан олар өзгерістерге іштей қарсы болып, әрқилы амал-әрекеттерге барып, жақсы бастамаларға саботаж жасауы әбден мүмкін. Құйтырқы интрига, әзәзілдік пен қастық жасау жағынан «ескі гвардияның» алпыс екі айласы бар.

Ел ішінде 30 жыл бойына ескі жүйеге қарсы шығып, шынайы реформаларды насихаттап, революциялық емес, эволюциялық өзгерістерді ұсынып келе жатқан күштер мен тұлғалар бар: президенттің өзі олардың ертеректе айтқан бағалары мен талаптарын жаңғыртып жатыр. Олар азаматтық қоғамда өз тірліктерін жасап, елде болып жатқан оқиғаларға өз үнін қосып жүр.

Олар биліксіз де өз күнін өздері көре алады. Бірақ олардың қолдауынсыз билікке қиын болады.  

Әрине, кез келген адам басшы бола алмайды: ауызбен орақ орып, қолымен қосаяқ соғатындар да аз емес. Билікті сынау арқылы лайк жинау бір бөлек те, біліктілік танытып, өткір сынмен бірге нақты ұсыныс айтып, айналасын жұмылдырып, нақты нәтижеге қол жеткізе алу – мүлдем бөлек шаруа.

Бірақ, өмірдің өзі көрсетіп жатқандай, қоғам өмірінің әр саласына қатысты орынды ой айта алатын да, қолынан іс келетін де азаматтар баршылық. Олар, әсіресе, ауыл-аймақта көп. Көбісі кезінде балама пікір айтып, жүйеге қарсы шығамын деп, таяқ та жеген.

Өкінішке қарай, олар әлі де басқару ісінен тыс қалып отыр. Реформа жасау ісіне неге сол табиғи да тегеурінді күшті қатыстырмасқа?!

Егер де президент Тоқаев қазіргі Қазақстан қоғамының өне бойындағы осы жасапмаз күшті мемлекетті басқару ісіне жұмылдырып, өз жағына шығара алса, ортақ іс те нәтижелі болар еді.

Фото: Reuters

Әрине, шенеуніктердің бәрін тайлы-тұяғымен жұмыстан қуып, орындарына жаңа адам алу керек деп орынсыз популизмге салынбайық. Бірақ, президент тарапынан «мен реформала жасауда қоғамға, оның өкілдеріне сүйенемін» деген сигнал болуы да керек шығар. Саяси басшылық қызметтерге, шешуші орындарға шын мәнінде жаңашыл, ескінің былығынан тұла бойы ада әрі Жаңа Қазақстан идеясын Тоқаевқа дейін де қолдап жүрген азаматтарды тарту президент тарапынан мықты қадам болар еді.

Ең бастысы, ондай шешуші қадам президенттің айтқан сөзінен қайтпайтынын білдіріп, оның бастамасына осы күнге дейін күмәнмен қарап жүрген көп адамды райынан қайтарар еді.

Ал ел сеніміне ие бола алмаған кез келген реформа – тұл!

Тегтер: