17 Мамыр 17:17

«Судьяға буллинг жасағандар дегеніне жетті» – Танымал адвокат Ерлан Ғазымжановтың толық сұхбаты

Адвокат
Фото: Фото: ғаламтордан

Қоғамда резонанс туғызған экс-шенеунік Бишімбаевқа қатысты сот процесі арқылы жұрт қорғаушыларды да танып қалды. Соның ішінде ең көп көзге түсіп, судья тарапынан бірнеше рет ескерту алған адвокат Ерлан Ғазымжанов NEGE тілшісіне сұхбат берді.

– Қоғамды дүрліктірген Бишімбаевқа қатысты сот процесі мәресіне жетіп, үкім бойынша оған 24 жыл жаза тағайындалды. Сіздіңше, бұл шешім әділ ме?

– Әрине, бұл үкімге келіскен жоқпыз. Қандай жағдай болсын, бұл шешімге қарсы екенімізді білдіріп, апелляциялық шағым түсіреміз. Себебі, судья елеулі процессуалдық заң бұзушылыққа жол берді.

Ал үкімге қатысты біз, яғни оның қорғаушылары Бишімбаевты айғақтардың болмауына байланысты «азаптау» бабы бойынша ақталуы керек деп есептейміз. Неге десеңіз, бұл сот процесі кезінде дәлелденген жоқ. Яғни, сотталушы адам өлтіргені үшін емес, абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған ауыр дене жарақатын келтіргені үшін кінәлі деп танылуы тиіс. Бұл Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі.

Оқи отырыңыз: Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ: «Әйелімді ұрған емеспін» десем, бәрі күледі ғой...

Бұл бап бойынша 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бишімбаевтың адвокаты ретінде оған 8-12 жыл аралығында жаза тағайындалу керек деп санаймын. Егер осы қылмыстық іс бойынша алда-жалда үкім өзгеріп, істі жаңадан қарауға жіберсе, сол кезде сотта осы аралықтағы жазаны таңдауға мүмкіндік болады.

Апелляциялық, кассациялық шағым үкімге өзгеріс енгізуі мүмкін бе?

– Біздегі сот жүйесін білетін маман ретінде айтайын, апелляциялық немесе кассациялық шағым әдетте көп жағдайда бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгерте бермейді. Алайда, менің тәжірибемде Жоғарғы сот арқылы үкімді өзгерткен жағдайлар болды. Бірақ бұл үкімдерді соттың өзі алқабилердің қатысуынсыз шығарды. Ал тағы сол тәжірибемде алқабилердің пікірі ескерілген үкім сол күйі өзгеріссіз қалды.

Біз сот жүйесінде алқабилер сотының әрбір ұсақ-түйек мәселеге шүйлігіп, үкімді өз еркімен бұзатынын немесе айыпталушының жазасын жеңілдетуге тырысатынын білеміз. Мәселен, сотталушының жазасын жеңілдету керек болса да, жоғары сатыда тұрған органдар үкімді өзгертуге дайын емес.

– Соған қарамастан заң аясында ұсынылған мүмкіндіктен аянып қалмаймыз дейсіз ғой...

– Әрине. Апелляциялық шағым түсіретініміздің өзі үміт береді. Себебі, сот барысында болған заңбұзушылықтар ұсақ-түйек емес.

– Ал Бишімбаевтың өзі сот үкімімен келіскен сияқты ма, қалай?

– Меніңше, осы жайтты көп адам дұрыс түсінбеген сияқты. Жұрт сот үкімі оқылғаннан кейін судья «Үкіммен келісесіз бе, жоқ па?» деп сұрады деп ойлады. Шын мәнінде, олай емес. Судья сотталушылардан олай сұрамайды, сұраған да жоқ. Егер сотталушы келіспесе де, үкім кезінде емес, апелляциялық шағым түсіргенде айтады. Кез келген судья шешімді оқыған соң үкімнің мәнін түсіндіруге міндетті. Содан кейін ғана «Үкім туралы түсінікті ме?» деп сұрайды. Сол кезде сотталушы дұрыс түсінбей немесе естімей қалса «мына жері түсініксіз» деп қайта сұрауы мүмкін.

Сот
Фото: ғаламтордан

– Бишімбаевты қорғау туралы ұсыныс оның отбасынан түсті ме? Жалпы, сіз әу баста кімді қорғайтыныңызды және өз тарапыңызға түрлі қаралау пікірдің қарша борайтынын біле тұра келістіңіз ғой, солай ма?

– Мен бұл іске сот процесі басталып кеткеннен кейін ғана кірістім. Бұл кезде алдын ала тыңдалым өтіп кеткен еді. Оған дейін ештеңеге қатысым болмады. Заңдық тұрғыда көмек көрсету туралы келісімшарт бойынша мұның бәрі адвокат құпиясы саналады. Сондықтан мұны ашып айта алмаймын. Себебі, менің клиентім оның жария болғанын қаламайтын шығар. Сол себептен маған ұсыныс кімнен түскенін де, келісімшарт қалай жасалғаны туралы да айта алмаймын.

– Заңгер ретінде қаншама адамды арашалап жүрсіз ғой. Дегенмен, экс-шенеунік Бишімбаевты қорғау арқылы сізді және әріптестеріңізді әлеуметтік желіде келемежге айналдырғандар көп болды. Оның бір парасын өзіңіз де көрген шығарсыз?

– Иә, біз оның бәрін көрдік. Бізді осындай мазақ ету, қорлау, жала жабу, келемежге айналдыру, тіпті Бишімбаевты қорғаудан бас тартуды талап еткен қорқыту-үркітулерден шынымен де қорықты деп ойлайсыз ба?

Бұл біз сияқты кәсіби біліктілігі жоғары адвокаттарға өз клиентін қорғаудан бас тартуға мәжбүрлей алмайды. Біз заңсыз жаза алудың дұрыс еместігін түсінеміз. «Бишімбаевты қорғаудан барлық адвокат бас тартуы керек» деп талап еткен адамдардың өзі қорғаушылардан қорқатынын көрсетті. Олар шындықты жасырып қала ма деп қорқады. Дәл солар Бишімбаевтың заңсыз сотталғанын қалайды. Егер адам заңсыз үкім кесуді қолдаса, онда ол дұрыс пиғылды емес, әдепсіз, намыссыз адам деген сөз. Бұл оның сотталушыға қатысты ойының таза еместігін көрсетеді. Мұндай адам әділ сот болғанын қаламайды.

Сондай-ақ, бізге жасағандай жала жабу, мазақ ету, келемеждеу судьяның атына да көптеп түсті. Яғни, судья, қорғаушылар айтарлықтай буллингке ұшырады. Білуімше, жәбірленуші тараптың қорғаушылары мұндай буллингке түскен жоқ. Әлгіндей адамдар судьяны істі айыптаушы көзқараспен қарауға мәжбүрлемек болды. Меніңше, олар дегеніне, көздегеніне жетті деп ойлаймын. Полиция судьяның арызы бойынша іс қозғаса да, ешкімді анықтай алмағанын көріп отырмыз. Тіпті, іздеуге де тырыспады. Себебі, полиция үшін осы сот процесінің қорқыныш пен үрей жағдайында өткені тиімді.

Әлеуметтік желідегі негатив комментарийлерді де оқыдым. Бірақ оның бәрін көбінесе әлеуметтік желі пайдаланушысын имитациялайтын электрондық бағдарлама жазады. Яғни, жасанды интеллекттің көмегімен жасалған жасанды бот автоматты түрде жағымсыз пікірлер қалдырып, таратады. Сол парақшаға кіріп көрсеңіз, ол адамның не аты, не тегі жазылмаған. Сол себептен де кім екенін анықтау мүмкін емес. Бұлар – қолдан уақытша ашылған жасанды аккаунт. Меніңше, қарапайым жұрттың бәрі осындай жасанды боттар бар екенін, олардың жасанды қоғамдық пікір тудыра алатынын біле бермейді. Кез келген дүниеге тез сенгіш адамдар боттарды кәдімгі адам екен деп қабылдап, пікірін бөлісіп, реакциясын білдіріп отырады.

Бишімбаев
Фото: ғаламтордан

– «Біз тек өз жұмысымызды ғана атқардық» дейсіз бе?

– Әрине. Бізді мазаққа айналдырғаны әділетсіздік дер едім. Белгілі бір жағдайда ыңғайсыздық тудырды. Бірақ бәрібір бұл сотта белсенділігіміздің төмендеуіне ешқандай да әсер ете алмады немесе Бишімбаевты қорғаудан қорқып, бас тартқан жоқпыз. Мұндай әдіс білікті қорғаушылардың жұмысына кері әсер ете қоймайды.

– Дегенмен, бұған дейін сізді адвокат ретінде көпшілік біле бермеді. Қазір осы атышулы сот процесі арқылы танымалдылығыңыз артты деп ойлайсыз ба?

– Иә, шынында солай. Біз бірден танымал боп кеттік. Әлеуметтік желіде жекеме жазып, жағымды пікір білдіріп, сәттілік тілеп жатқандар көп. Көшеде кетіп бара жатсам, бәрі танитын болды. Дүкенге кірсем де, адамдардың өзі жаныма кеп амандасып кетеді. Тіпті, «дұрыс қорғап жатырсыз немесе дұрыс емес» деп өз пікірін айтатындары бар. Көбінесе бірге суретке түсуге өтініш білдіреді. Негізі барлық адам әрқашан мейірім тұрғысынан қарайды. Сондықтан да халық тарапынан өзіме деген агрессия байқамадым. Керісінше, танымал адам сияқты қарсы алып, қабылдап жатты. Бірақ өзімді соншалық танымал тұлға ретінде санамаймын. Меніңше, бұл танымалдылық та ұзаққа созылмайды. Бұл да өтеді, тез-ақ ұмытылады. Біз тек өз жұмысымызды істедік. Біздің орнымызда басқа кез келген адвокат болуы мүмкін.

– Жалпы, халықтың құқықтық сауаты мен мәдениеті қай деңгейде? Мұны көтеруге тікелей эфирде өткен алғашқы сот процесі септігін тигізе алды ма?

– Әлемнің кез келген мемлекетінде қылмыстық заңнаманы, құқық саласын түсінетін де, түсінбейтін де азаматтар бар. Бәлкім, ол адам басқа саланы жетік білуі мүмкін. Алайда, «біздің халық сауатсыз» немесе керісінше, «бәрі сауатты» деуге болмайды. Қазақстан халқының құқықтық мәдениеті бірте-бірте көтерілсе екен деймін. Сот процесін тікелей эфирде онлайн көрсетудің нәтижесінде адамдар да сот қалай өтеді, айыптау деген не, қалай қорғауға немесе қорғануға болады, судья, прокурор, адвокат өзін қалай ұстауы керек, тағысын тағы көкейдегі сауалдарына жауап іздейді, көбірек түсіне бастайды. Бұл жағынан пайдасы бар. Десек те, сот процесінің онлайн көрсетілуінің жақсы да, жаман да тұсы бар.

Мәселен, тікелей эфир кезінде қандай да бір процессуалды мәселе туындайды. Айталық, қылмыстық іс өндірісінің принципі бойынша кезектегі түсініктеме берген куәгер өзінің алдындағы куәгердің түсініктемесін білмеуі керек. Алайда, онлайн көрсетілім кезінде алдыңғы куәгер айғақтарының құпиялығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл мәселені шешу жолын қарастыру керек деп ойлаймын.

Сондай-ақ, онлайн көрсетілім жүргізу үшін мемлекет боттарды, бот фермаларын белсенді түрде қолданатын және сотқа әсер ететіндей жасанды қоғамдық пікір тудыруға тырысатын PR агенттігін бақылауға алуы керек. Егер осыны қадағалап, дұрыс пиғылда пікір білдіруін реттесе, қарапайым адамдарды сот өндірісінің бір тарабына қарсы қойып, өшпенділік пен жеккөрушілікті болдырмауды қамтамасыз етсе, онда сот процесін еш кедергісіз онлайн көрсетуге болады. Бірақ мына жағдайда негативті тараптың шектен шыққаны көрінді. Себебі, біздегі PR агенттіктер білгенін істеп отыр. Бұл сәйкесінше, әділ үкім шығаруға кедергі келтіреді.

Сот
Фото: ғаламтордан

– Сот процесі барысында судья тарапынан ең көп ескерту сізге бағытталған сияқты. Жарыссөзде де келіспеушілігіңізді айтып қалдыңыз. Бұл қорғаушы үшін қалыпты жайт па?

– Осы салада он жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұл – әдеттегі қалыпты жұмыс барысы. Сіз маған қатысты жеке шешімді меңзеп түрған боларсыз? Өз басым сот процесінде заң бұзушылыққа жол берген жоқпын. Сондықтан бұдан маған және менің қызметіме келіп-кетер мәселе жоқ. Судья да кәдімгі адам. Оның үстіне – әйел. Ол тараптың бірін қабылдауы немесе екінші тарапқа біршама назар аудартуы мүмкін. Сол үшін де адвокаттар судьяның қашанда барлық тарапқа тең қарау керектігіне байланысты көзқарасын айтып отырады. Мұның өзі шешім қабылдауға әсер етеді. Біз қандай жағдайда да қарсылығымызды білдіреміз. Ал судья қабылдай ма, жоқ па, өз жұмысы. Меніңше, осы істе судья қорғаушы тарапқа өте көп ескерту жасады да, айыптаушы тарапынан болған заңсыздықтарға көз жұмып қарады. Бұл – менің ойым. Қателесуім де мүмкін.

– Кейбір қорғаушылар сот барысында судьяның жіберген қателіктерін сынға алып жатты. Сіз не дейсіз?

– Бұл сұрақты әзірге жауапсыз қалдыра тұрайын...

Прокурор Айжан Аймағанова сотталушыны мерзімінен бұрын босату үшін жәбірленуші тараптың келісімі қажет екенін айтса, үйлестіруші судья Алма Есімова шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы материалды қарастыру кезінде «жәбірленушілердің пікірі ескерілетінін» айтты. Алайда, заңда жәбірленуші тараптың міндетті келісімі туралы айтылмағанын ескерсек, Аймағанова қателескен болып шықты ма?

– Иә, прокурор заңды жетік білмейді. Ол тек Абай шығармашылығын жақсы біледі. Қылмыстық кодекстің 72-бабына сәйкес, заң Бишімбаевты мерзімінің үштен екі бөлігін өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қарастырады. Сонымен қатар, мерзімінің екіден бір бөлігін өтеген соң өтініш білдіретін мүмкіндігі бар.