«Өзі ішпейді, намаз оқитын жігіт...» – Байжановтың адвокаты үкімге қатысты пікірін айтты
Кеше Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Бишімбаев пен Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды.
Бұл істе күдікті деп танылған Бақытжан Байжановқа ҚК-нің 432-бабы – аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу бабы бойынша 4 жыл жаза тағайындалды. Үкім оқылған соң Қ.Бишімбаев ештеңе деген жоқ, ал Байжанов бұл шешіммен келіспейтінін айтып қалды.
NEGE тілшісі Б.Байжановтың қорғаушысы Ғазиз ЫНТЫҚБАЕВҚА бірқатар сұрақтар қойды.
– Ғазиз Жомартұлы, кеше Бишімбаев пен Байжановқа қатысты үкім оқылды. Сіздің қорғауыңыздағы Байжановқа берген 4 жылға қатысты біреулер «көп» деді, енді біреулер «тиісті жазасын алды» деді. Сіз не дейсіз?
– Біз бұл үкіммен келіспейміз. Неге десеңіз, Байжановтың әрекетінде ешқандай да қылмыстың құрамы жоқ. Бұл туралы дәлелді егжей-тегжейлі сотқа да ұсындық.
Қазір ғана изоляторға барып, Бақытжан Байжановпен кездесіп келе жатырмын. Бізде апелляциялық шағым түсіруге 15 тәулік уақыт бар. Келесі аптаның аяғына дейін міндетті түрде шағым береміз. Одан кейін Астана қалалық соты қарайды. Содан кейін ғана үкім күшіне енеді.
– Қалай ойлайсыз, үкім өзгере ме?
– Бұл заңда қарастырылған тәртіп қой. Кез келген жағдайда апелляциялық шағым түсіруге құқылымыз. Шағымды басқа судья қарайды. Үш судьядан тұратын алқа басқа шешім шығарады деп үміттенемін. Апелляция бергеннен зиян жоқ, керісінше, бұл да бір мүмкіндік. Сот үкімі күшінде қалғанның өзінде Байжанов 4 жыл отырады немесе отырмайды деп айта алмаймын. Себебі, заңда қарастырылған өзіндік тәртібі мен уақыты бар. Айталық, жазаны жеңіл түрге ауыстыру бар. Бұл кезде сотталушы жазаның үштен бірін өтеу керек. Ал шартты түрде мерзімінен бұрын босату тәртібінде 4 жылдың жартысын өтеу қажет.
– Шартты түрде мерзімінен бұрын босау үшін Нүкенова отбасының рұқсаты керек бола ма?
– Бұл туралы қазір айта алмаймын. Себебі, бұл мәселеге жеткен жоқпыз. Біз алдымен апелляциялық шағым түсіріп алайық. Үкім күшіне енген кезде мәселені қарастыра бастаймыз.
– Сіздер қандай шешім күткен едіңіздер?
– Тек қана бір шешім күттік. Ол – ақтау. Себебі, заң жүзінде Байжанов барлық әрекетін қылмыс болғанын білмей жасаған. Яғни, бейнефайлдарды өшірту, телефонын үйге апару әрекеті күндізгі сағат 14:30-да аяқталады. Ал Салтанат Нүкенованың қайтыс болған уақыты сараптама мәліметіне сәйкес, бас миының жарақатын алғаннан кейінгі сегіз сағатта, сағат 15:00 мен 18:00-дің арасы. Демек, Байжанов өзінің әрекетін жасаған кезде Нүкенова әлі тірі еді. Сол себепті заңдық тұрғыда қылмыс құрамы жоқ.
Тақырыпқа орай: Байжанов кінәсін НЕГЕ мойындамады? – Адвокаттың сұхбаты
Қылмыс құрамы қай кезде болады? Адам өлгеннен кейін ғана қылмыс аяқталды деп есептеледі. Бұл маңызды мән-жайды судья, прокурор, қорғаушылар біледі, ал қарапайым адамдар түсіне бермейді. Яғни, қылмыстық іс біткен жоқ, әлі өлім тіркелген жоқ, сондай-ақ Байжанов мұның болатынын да бейхабар адам. Заң талабы бойынша сол уақытқа дейінгі әрекеттің бәрі «қылмыстың ізін жасыру» деп есептелмеуі керек.
Егер адам екінші адамның ауыр халде жатқанын көріп тұрып, жедел жәрдем шақырмаса, оның жазасы бөлек. Яғни, бұл 119-бап бойынша «адамды қауіпті жағдайда қалдыру» деп саналады. Орта талаптағы қылмыс деп саналып, бұл бап бойынша көп дегенде 3 жылға дейінгі жаза тағайындалады. Ал Байжановқа «қылмыстың ізін жасырды» деген айып тағылды. Ол сол күні Нүкенованы бір рет қана көрген. Онда да көз қиығымен ғана. Өзіңіз ойлаңыз, ағасы мен жеңгесі ішкен. Жартылай жалаңаш отырған жеңгесінің денесінде жарақат бар ма, жоқ па, ағасының көзінше қалай қарайды? Оның үстіне ол кезде жатқан жоқ, диванда отырған. Одан кейін Бақытжан бұл бөлмеге кірмеген.
Бишімбаев ол үшін адам өлтіруші емес, қарапайым адам. Ол «адам өлейін деп жатыр» деп ойламады ғой. Ондай ой келетіндей, бұрын-соңды Бишімбаев адам өлтірген жоқ қой. Егер Бишімбаев Нүкенованы Байжановтың көзінше ұрып-тепкілеген болса немесе басқа әрекет жасаса, сол кезде ғана «Қандай ауыр соққы алғанын көрдің. Одан адамға зақым келетінінің білдің. Соны біле тұра жедел жәрдем неге шақырмадың?» деп кінә тағуға болар еді. Мына жағдайда Байжанов мұның бірін де көрген жоқ.
– Байжановтың қоғамдық қорғаушысы болған әйелі де соңғы сөзінде «Бақытжанның аңқаулығынан болды» деген еді...
– Аңқаулық емес. Бишімбаев бұрыннан ұрыс-керісті көріп жүрген адам. Мәселен, ағасы жеңгесінің көзін көгертіп қойды. Бірақ Қазақстанда «Ағам жеңгемнің көзін көгертіп қойды» деп полицияға хабарласып, арыз түсіргенді көрдіңіз бе? Байжановтың жолы болмағаны – Нүкенованың қайтыс болуы. Егер тірі қалса, бүгін көзі көгерсе де, ештеңе болмас еді. Бақытжанның қателігі – Нүкенованың шынайы жағдайын түсінбегені. Мұны қателік деп те айтуға болмайды. Ол үшін ағасының көзінше жеңгесінің бет-әлпетіне, денесіне, жарақатына медицина маманы сияқты зерттеп қарауы керек. Адам көзі көгергенді көрсе де, жедел жәрдем шақыра бермейді. Себебі, ол қиналып жатыр деп ойлаған жоқ.
– «Байжановты шартты түрде соттау керек еді» деген пікірлерді де көз шалды. Бұған не дейсіз?
– Тіпті, шартты түрде соттау жазасы тағайындалса да, апелляциялық шағым түсірер едім. Шартты түрде дегеннің өзі – ол адамның кінәлі екенін білдіреді. Бұл адамның өлгенін біле тұра ізін жасырды деп есептеледі. Біз мұнымен де келіспеуші едік. Бір сөзбен айтқанда, Байжановтың әрекетінде қылмыс құрамы мүлдем жоқ. Себебі, ол қылмыс жасалғанын, адам өлгенін білген жоқ.
– Байжановтың өзі үкімді қалай қабылдады?
– Оған ауыр болды. Өзіңіз ойлаңызшы, жазықсыз, ештеңені білмеген адамды 4 жылға соттап жіберді. Бұл оқиға болып жатқан 8 қарашадан 9-ына қараған күні Байжанов бала-шағасымен үйінде жатқан адам. Өзі ішпейді, намаз оқитын жігіт. Ол сол кезде «Таңертең жұмысқа барамын, кешке қарай қолыма кісен салып, 4 жылға соттап жібереді» деген ой басына кіріп те шыққан жоқ. Сот процесі басталмай тұрып-ақ бәрін Бақытжаннан бүге-шігесіне дейін сұрадым. «Таңертеңнен кешке дейін хронологиясын жазып шық» дедім. Өз басым Байжановқа 100 пайыз сенемін.
Тағы бір жайт бар. Бишімбаевтың айтуы бойынша бейнебақылау камерасындағы жазбаны өшірткізгенін, телефонды үйіне апарғанын, киімін әкелгені туралы мән-жайдың бәрін Байжановтың өзі тергеушіге 9 қараша күні-ақ айтты. Бұл кезде жанында қорғаушы да болған жоқ. Тіпті, ол бейнежазбаны қайта қалпына келтіруге болатынын да білмеген. Егер ол айтпаған болса, тергеуші мұны білу-білмеуі екіталай. Себебі, ол кезде Бишімбаев түсініктеме берген жоқ. Соған қарамастан, Байжанов бар шындықты жасырмай айтса да, сот ең ауыр жаза – 4 жыл беріп отыр. Әрине, бұл сот процесі резонанс туғызды. Бірақ солай болды екен деп, бір адамның тағдырын тәлкекке салуға болмайды ғой.
– Ал Бишімбаевқа кесілген жыл бойынша не айтасыз?
– Бұл жерде айыптау тарапы немесе Бишімбаевты қорғаушы емеспін. Сол себептен оған тағайындалған жазамен келісемін немесе келіспеймін деп айту орынсыз болады.
– Сіздіңше, алғашқы онлайн өткізілген ашық сот процесі қалай болды?
– Бұған дейін де көп сот отырысы ашық өткізіліп жүр. Ашық отырыс – залға кез келген адам кіріп, қатыса алады. Бұл жерде сот отырысы тікелей эфирде көрсетілді. Меніңше, онлайн көрсету дұрыс емес. Алдағы уақытта да. Себебі, адамның кінәлі немесе кінәлі еместігін заңды түрде кәсіби заңгерлер қарастыру керек. Мұнда заңнамалық ньюанстар көп. Ал қарапайым адамдар эмоцияға салынып кетеді. Яғни, бір қарағанда кез келген қарапайым адамға Байжанов кінәлі болып көрінуі мүмкін. «Таңнан кешке дейін сол жерде жүрді. Мына жақта адам өліп жатты» деп ойлайды. Бірақ заң тұрғысынан қараса, пікірі өзгерер еді.
– Сот отырысының алқабилер алқасының қатысуымен өткенін құптадыңыз ба?
– Алқабилерге қоғамдық пікір әсер етті деп ойлаймын.