29 Сәуір 15:59

Алмас Әмзеев: Шымкентте полицей парадан бас тартса, сол көлемде сыйақы беріледі

Фото:

Тоқсаныншы жылдардың басындағы топалаңда құқық қорғау қызметінің де қадірі қашты. Сол тұста милицияны жұрт базар жағалап, саудагерлерден «тиын сауатын» сұмырай деңгейінде қабылдайтын еді. Одан бері 25-30 жыл уақыт өтті, милиция полицияға өзгерді.

Рас, бізге АҚШ «шерифінің» дейгейі әлі арман. Бірақ ілгерілеу бар. Ең бастысы, халық полицияға сенім арта бастады. Мәселен соңғы жылдары Шымкент Полиция департаментіндегі оң өзгерістер шаһар тұрғындарының көңілінен шығып жүр. Ел аузында «білікті полиция қызметкері Шымкентте танысыз өседі» деген әңгімелер де айтылады.

Nege.kz тілшісі кадр мәселесіне жауапты басшы, Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полковник Алмас Балтабайұлы Әмзеевпен сұхбаттасқан еді.

– Алмас Балтабайұлы, кез келген саланың алға жылжуы білікті маманға байланысты. Ал кадр саясаты cіздің қолыңызда, әрі Тәртіптік кеңестің төрағасысыз. Демек бүкіл тәртіптік іс-шара төрағаның қатысуынсыз өтпейді деген сөз. Жауапкершіліктің салмағы жеңіл емес сияқты.  

– Әрине. Орайы келіп тұрғанда, бір мәселені ескерте кетейін, кадр саясаты – шаруаның бір бағыты ғана. Арнайы даярлық басқармасындағы қызметкерлердің кәсіби дайындығы, ішкі және сыртқы коммуникация, БАҚ-пен жұмыс, ардагерлер кеңесімен байланыс, жеке құрамды тәрбиелеу, идеологиялық бағытта әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыру сияқты көптеген жұмыстардың да жауапкершілігі біздің  мойнымызда.

– Тағдыры Тәртіптік кеңесте қаралған қызметкердің қандай күй кешетінін шамалап болса да түсінеміз. Қызметінен алынғандар немесе жазаға тартылғандар  жиі кездесе ме?

– Жиі емес, бірақ кездеседі. Себебі Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың жүргізген саясатына орай, біз алдымен өз ішіміздегі заң бұзушылардан арылуымыз керек. Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, қызметкерлер де сан түрлі. Жасыратын несі бар,  арасында ардан аттап кететіндері, оңай олжаны көздеп, ашық күнде тура жолдан адасатындары кездеседі. Ондай қызметкерлерге кешірім жасалмайды. Қатарымыздан босатамыз. Егер полиция қызметкері қылмыс жасаған болса, мәселен пара сұраса, ол әрекеті дәлелденсе, бұл мәселе тәртіптік комиссияда қаралады. Әрі оны «Ішкі істер органдарына кір келтірді» деген арнайы бап бойынша жұмыстан шығарамыз. Демек оның полициядағы қызметтік жолы осымен бітті деген сөз. Өйткені ол енді мемлекеттік қызметке келе алмайды. Мұны аз десеңіз, қылмыс жасағаны үшін сотталады.

Е.Тұрғымбаев. Фото: time.kz

– Сананы тұрмыс билейді дейтін байламның биігінен қарап көрейікші. Жазалау мен жұмыстан шығару арқылы полиция ішіндегі парақорлықты түбелікті жойып жіберуге бола ма?

– Иә, дұрыс айтасыз. Бұл сұраққа кезінде біз де бас қатырғанбыз. Себебі параға шатылатындар материалдық игілікке ұмтылып жүріп, иірімге түсіп кеткенін байқамай қалады. Демек олардың тек жазадан қорыққаны, мәселені толық шешпеуі мүмкін. Сондықтан Департамент басшысы Ералы Мұсаәліұлы ынталандыру мәселесін көтеріп, қолданысқа енгізді. Оның шарты былай: Жұмысыңды адал істе. Пара ұсынып, бәлеге шақыратындар болса, тиісті орындарға хабар бер. Егер сенің хабарламаң бойынша қылмыс дәлелденсе, онда саған өзің бас тартқан параның көлеміндей сыйақы беріледі. Екіншіден, батыл қадамға барған полицияның қызметтік мінездемесіне «мұнша көлемдегі парадан бас тартқан» деп жазылады. Бұл оның қызметтік баспалдақпен өсуінде үлкен маңызға ие. Яғни, өз ісіне адалдығы міндетті түрде ескеріледі.

– Менің түсінгенім, бұл Департамент ішіндегі ынталандыру ма?

– Дұрыс түсіндіңіз. Ішкі тәртіпті бақылауды өзіміз күшейтсек, сөйтіп, шырық бұзғандарды өзіміз тәрбиелесек, шектен шыққандар болса, олардан арылсақ деген ниет бұл.

– Енді нақтырақ айтайықшы, биыл, яғни 2021 жылы дәл осындай айыппен жұмысынан босап қалғандар болды ма?

– Өкінішке қарай, болды. Жыл басынан бері екі қызметкердің сұғанақтығы әшкереленді. Бұл жерде баса айтар дүние, парақордың өзі ғана емес, басшысы да жауапкершілікке  тартылады. Өйткені ол қол астындағы қызметкеріне түсіндіру жұмыстарын жеткілікті деңгейде жүргізе алмады деген сөз. Сондықтан кей жағдайда пара алған адам құрдымға өзі ғана кетпей, басшысын да ала кетеді. Мұндағы мақсатты түсіндіңіз деп ойлаймыз, әр басшы өзі жетекшілік ететін бөлімге немесе басқармаға қырағы қарауы тиіс. Бұл мәселеге келгенде Департамент басшысы қатаң талап қойып отыр. Бір тәуірі, пара алам деп басына бәле тауып алғандардан гөрі парадан бас тартқандар саны едәуір көп. Айталық, 2019 жылы 9 қызметкер парадан бас тартып, өзінің адалдығын әйгілесе, 2020 жылы 8 қызметкер дәл осындай әрекетке барып, ақшадан абырой биік екенін дәлелдеді. Ілгеріде мұндай жағдай мүмкін еместей көрінетін. Ел сенімсіздікпен қарайтын. Ал қазір парадан бас тарту – үрдіске айналып үлгерді.  

– Алмас Балтабайұлы, полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін қандай іс-шаралар ұйымдастырасыздар?

– Министр бекіткен тәртіпке сәйкес, аптасына екі рет дене шынықтыру даярлығы өтеді. Бір мәрте кәсіби даярлығы бойынша жұмыстар жүргізіледі. Заңдарға енгізілген соңғы өзгерістер үнемі назарда болады. Күнделікті жұмыс барысында әр заңның қалай қолданылатыны туралы  әр маусымға тақырып бекітіп, сабақ өтеміз. Мұндай іс-шаралар негізінен қызметкерлер қарайып қалмасын, ұдайы жетіліп-өсіп отырсын деген мақсатты көздейді.

– Жаңылмасам, 2019 жылы департамент басшысы Ералы Мұсаәліұлы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлыққа алу туралы ұсыныс жасап, оны полицияның жеке құрамы қолдаған болатын. Жақсы бастама жалғасып жатыр ма, қайырымдылық шарасы тоқтап қалған жоқ па?

Е.Мұсаәліұлы

– Жоқ. Керісінше, бұл бағыттағы шаруалар ауқымы жағынан кеңіді. Өйткені балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді тек материалдық көмекпен қуанта алмайсыз. Олар адамнан жақындық іздейді, жылу күтеді. Сондықтан көңілі жарым жасөспірімдерге күлкі мен қуаныш сыйлау үшін көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен әртүрлі жиындарда өнер көрсететін өнерпаз балаларға арнайы киімдер тіктірттік. Әрі мереке сайын біздің қызметкерлер тәрбиеленушілермен бірге болады. Департаменттегі спортшы мамандар балалар үйінің тәрбиленушілерін спортқа баулиды. Ұл балаларға да, қыз балаларға да арналған бөлімдер бар. Әзірге жалғыз қиындық – карантин талаптары. Дегенмен белгіленген әлеуметтік ара-қашықтықты сақтай отырып, жоспарланған жұмыстарды ретімен жүргізіп жатырмыз. 

– Күні кеше ғана БАҚ беттерінен «Шымкенттік полицейлер 86 отбасыға азық-түлік жеткізді» деген ақпарат оқыдық.

– Бұл – қасиетті Ораза айындағы игілікті іс. Дәлірек айтқанда, Шымкент полициясы мен «Ізігілікте жарысайық» қайырымдылық қорының бірлескен шарасы. Еңбекші және Қаратау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері асыраушысынан айырылған 86 отбасына барып, жағдайларын сұрап, Рамазан айымен құттықтады. Оразаға қажетті азық-түлік үлестірді.

Жалпы, қайырымдылық шараларының тәрбиелік мәні зор. Мұндай игі істерді біз ұдайы ұйымдастырамыз. Бірақ оны үнемі жария ете бермейміз. Қайырымдылыққа мұқтаж адамдар өз арамызда да бар. Көп балалы қызметкерлер, әлеуметтік жағдайы төмендеу қызметкерлер, жұмыс барысында көз жұмған қызметкерлердің отбасылары, біз оларға да көмектесеміз.  

– Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 2021 жылды қылмыстың алдын алу жылы деп жариялаған еді. Бұл бағытта қандай шаруалар атқарылып жатыр?

– Алдын алу деген не, алдымен осыған тоқталайықшы. Яғни, профилактикалық жұмыстар. Бұрынғыдай бас салып, айыппұл салу немесе жауапкершілікке тарту емес, ескерту жасау қажет. Тұлғаның қандай да бір қателік жасағаны, заңға томпақ әрекетке барғаны байқалса, полиция қызметкері оның әрекетіндегі кемшілікті ескертіп, түзу жолды нұсқауы қажет.

Екіншіден, алдын алу дегеніміз, шын мәніндегі қылмыстың алдын алу. Яғни жолын кесу, қылмысты болдырмау. Бұл жерде полицияның халыққа жақындығы, ашықтығы үлкен рөл ойнайды. Міне, біз қызметкерлерден осыны талап етеміз. Әлеуметтік желіден байқасаңыздар, шымкенттік полицияға алғыс білдерген тұрғындардың видеоүндеуі жиі жарияланады. Себебі біздің қызметкерлер көше ортасында бұзылып қалған көлікті итеріп, жол шетіне шығарады. Тіпті көше сыпырушының көтере алмаған жүгіне жәрдем береді. Қиын жағдайда қалған адамға көмектеседі. Осыған ұқсас оқиғалар кезінде «мен формада едім», «киімім бүлінеді» демейді. Өйткені талап солай. Қай саланың өкілі болсақ та, адамгершілік қағидаттары ортақ. Ал оның үлгісін полиция көрсетуі керек. Сонда ғана халықтың қылаусыз сеніміне ие боламыз. Жұрт полицияны қорғаным деп ұққанда қылмыс та өз-өзінен азаяды.

Тегтер: