26 Қазан 16:03

Әлия Түбекбаева, Жаңақорған аудандық сотының төрағасы: Соттың мақсаты жазалау емес, тәрбиелеу

Фото:
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында дауды шешудің балама әдістерін дамыту керектігіне көңіл аударды. Дауларды шешудің баламалы тәсіліне медиация рәсімі, партисипативтік рәсім, татуласу келісімі атауға жатады.

Кейбір сұрақтарға нақты жауап алу үшін тілшіміз Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық сотының төрағасы Әлия Түбекбаевамен сұхбаттасты.

– Әлия Бердібекқызы, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай дауды шешудің балама жолын соттар қалай тауып жүр?

– Еліміздің Қылмыстық кодексінің 68-бабында тараптардың өзара татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан қалай босатуға болатыны көрсетілген. Аталған баптың бірінші бөлігінде көрсетілгендей, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам жәбірленушімен, арыз берушімен ортақ мәмілеге келіп татуласса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Мұндай қадам жасауға істі алдын-ала тергеп тексеру кезінде, сонымен бірге қылмыстық істі басты сот талқылауында сотта қарау барысында да жол беріледі.

Айталық айыпты азамат бөтеннің мүлкін ұрлады делік. Оған ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігімен айып тағылып, сотқа беріледі. Ал аталған бапта басқа да балама жазаны қолданумен қатар, ең ауыр жаза ретінде үш жыл мерзімге дейінгі бас бостандығынан айыру көзделген. Қылмыстық кодекске орай, ауырлығы орташа қылмыс деп бес жыл мерзімге дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген қасақана жасалған қылмыс танылады. Егер осындай қылмыс бойынша айыпталған сотталушы келтірген залалды жәбірленушіге өтеп, онымен татуласқан жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Алайда, ұрлық бірнеше рет жасалса, онда да тұрғын үйге, қоймаға заңсыз кіру арқылы немесе ірі мөлшерде жасалса  ол ауыр қылмысқа жатады. Соған орай ол бойынша залалды өтеп татуласқан жағдайда да қылмыстық жауаптылықтан босатуға рұқсат жоқ.

– Яғни тараптар өзара татуласқан жағдайда кінәліні бас бостандығынан айырмауға болады ғой?

– Қылмыстық кодекстің 68-бабының 2-бөлігінде жекелеген санаттағы ауыр қылмыс жасаған адамдарды өзара татуласуына орай жауаптылықтан босату тәртібі дәйектелген.  Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, егер олар жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.

– Сіздің тәжірибеңізде мұндай істер кездесті ме?

– Жаңақорған аудандық сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы  бойынша  қоймаға заңсыз кіру арқылы  бөтеннің мүлкін ұрлаған сотталушы азаматтың ісі қаралды. Басты сот талқылауында сотталушы кінәсін мойындап, қазіргі уақытта жәбірленушіге келтірген залалды өтеп, онымен татуласқанын көрсеткен. Іс құжаттарына тіркелген құжаттарға қарағанда, сотталушының бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағаны, ауыр қылмысты алғаш рет жасағаны, жұбайының қайтыс болғаны, қазіргі таңда жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғаны  анықталды. Сондықтан сотталушының жәбірленушімен өзара татуласуына және келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты, ҚК-нің 68-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылған.

Тағы бір мысал: келесі қылмыс адамдар тобының алдын ала сөз байласып, тұрғын үй-жайға заңсыз кіру арқылы бөтеннің мүлкін жасырын жымқырып, ұрлау жолымен жасалған. Айыптылар ауыр қылмысты алғаш рет жасаған, екеуінің де жас балалары бар және бірі – жүкті әйел. Мұнда да жәбірленушімен өзара татуласуына және келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты ҚК-нің 68-бабының 2-бөлігін қолдана отырып, азаматшаларды  қылмыстық жауаптылықтан босатып, қылмыстық іс тоқтатылды.

Аталған жайттан ауыр қылмысты алғаш жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге заң шығарушы тарапынан  қылмыстық әрекеті салдарынан келтірген залалды өтеп, жәбірленушімен татуласуына мүмкіндік беріп, қылмыстық жауаптылықтан босату осы тұлғаларға мемлекет тарапынан берілген жеңілдік деп түсінеміз.

– Қандай жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігі қолданылмайды?  

– Жоғарыда аталып өткендей, татуласуға байланысты жауаптылықтан босату азаптаулар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда, мұндай қылмыс;  абайсызда жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) өліміне алып келген жол-көлік оқиғасын жасау жағдайын қоспағанда, абайсызда адам өліміне не екі және одан көп адамның өліміне алып келген қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс,  қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды. Сондай-ақ  бұрын жасаған қылмысы үшін тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылғаннан кейін Қылмыстық кодекстің 71-бабының бірінші бөлігінде белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі ішінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.

Бұл дегеніміз, сотталушылар осыған дейін қолданыста болған Қылмыстық кодекстің талабына сәйкес қылмысты неше рет жасағанына қарамастан, бұрынғы қылмысы ескерілместен жәбірленушіге келтірілген залалды өтеп, онымен татуласса жауаптылықтан босатылатын. Ал кодекске қазіргі енгізілген өзгерістерге сәйкес, егер азамат осыған дейін мысалы, соңғы бір-екі жылдың ішінде жасаған қылмысы бойынша татуласуына байланысты іс тоқтатылған болса, келесі жаңа қылмысы бойынша залалды өтеп, жәбірленушімен татуласқан жағдайда да сот оны жауаптылықтан босата алмайды. Тиісінше оған қатысты заң жүзінде үкім шығарылып, жаза қолданылуға жатады.

Бұл заң шығарушылардың адамдар тарапынан қасақана қылмыстарды қайта жасаудың алдын алу, жәбірленушілердің құқығын қорғау, олардың құқығына заңмен кепілдік берілетінінің айғағы деп білеміз. Татуластыру рәсімдері қазіргі уақытта азаматтық істер бойынша да кеңінен қолданылып, даулардың тараптардың татуласуы негізінде тоқтатылуы да көңіл қуантарлық жағдай.

– Тараптар татуласу арқылы дауды өзара шеше алса, мұның тиімділігі қандай?

– Дауды медиация тәртібімен немесе жоғарыда аталған татуласу келісімін не партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу  арқылы тараптар не ұтады?  Олар өзара тиімді, әрқайсысы өздерінің талаптарын қанағаттандыратын келісімге қол жеткізеді. Егер сот шешімі шыққан жағдайда тараптың бірі оған келіспей, наразы болатыны белгілі. Сондай-ақ дауласушы тараптар уақытын үнемдейді. Себебі сотта іс ұзақ мерзім қаралуы мүмкін. Ал тараптар бірінші саты, яғни аудандық, қалалық сот шешімдерімен келіспеген жағдайда, Жоғарғы Соттың кассациялық сот алқасына дейін шағымдануы мүмкін.

Татуластыру рәсімдері негізінде келісімге келген тараптар өзара туыстық, іскерлік, сыйластық қарым-қатынастарын сақтап қалады. Егер тараптар татуласпай, сот шешімі шыққан жағдайда олардың туысқандық, іскерлік қатынастарына сызат түсіп, олар одан әрі дауласуды жалғастыруы мүмкін.

Дау тараптары қаржысын үнемдейді. Ол сот шығындары, талап арызбен жүгіну кезінде төленетін мемлекеттік баж, өкілдің көмегіне ақы төлеу, жол қаражаты сияқты түрлі шығын шығаруы мүмкін. Ал дауды татуластыру рәсімдері негізінде реттеген жағдайда тараптар артық шығыннан арылады.

Салық кодексінің талабына сәйкес, азаматтық істі қарау барысында татуласу келісімі, дауды медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеген жағдайда талап қоюшының талап қою арызымен сотқа жүгінген кезде төлеген мемлекеттік баж сомасы өзіне қайтарылады. Бұл жағдайда жауапкер сот шығынын шекпейді.

Медиация, партисипативтік рәсім атаулары жаңа ұғым болғанымен, оның түп-тамыры қазақтың дархан даласында, қазақ халқының тарихында жатыр. Халқымыздың тарихында небір шешен, билер тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір сөзбен түйіндеп, ел арасындағы дауларды ушықтырмай шешіп, елдің береке-бірлігін сақтаған. Қазіргі заңнамадағы татуластыру рәсімдері де халқымыздың дана билерінен келе жатқан билік жүргізу тәсілінің дәстүрлі жалғасы болып табылады.

Ендеше, дауларды реттеудің баламалы жаңа түрлерін қолдану, тараптарды мәмілеге келтіру арқылы әрбір судья қоғамдағы дауласушылықтың деңгейін төмендетуге үлес қосып қана қоймай, елдегі бірлік пен ынтымақтың сақталуын қамтамасыз ететінін білуіміз қажет. Себебі ынтымақ, бірлік, татулық жүрген жерде ырыс, береке бірге жүреді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: