26 Тамыз 14:22

«Әкем – ЕВРЕЙ, анам – ТӘЖІК-ӨЗБЕК, ал мен – ҚАЗАҚПЫН» – Әнші Диана ШАРАПОВА ұлтына қатысты құпияны ашты  

Фото:
Диана ШАРАПОВА – өнер әлемінде қазақша ән шырқап, тыңдаушыны тамсандырып жүрген өнерпаз.

Жуырда америкалық әншімен қосыла ән салған оның творчестволық тандемі көпті тамсандырмай қоймады. Осы орайда дауыс диапазоны кең әншіге шығып, өзі және өнері жайлы біраз сырға қанық болдық.

Диана, жуырда Ксана Сергиенко атты америкалық өнерпазбен бірлесе Естайдың «Құсни-Қорлан» әнін орындап шықтыңыз. Ұсыныс кімнің тарапынан болды?

– Мен Ксанамен «Голос» байқауында таныстым. Қазіргі таңда таланты кемелденген оның өнеріне шетелдік әртістердің дені құрметпен қарайды. Бір жағынан Ксана – көптеген елдің сахнасында жергілікті халықтың тілінде ән салып, мәдени көпір орнатып жүрген жан. Бірде, ойда жоқ жерде маған дуэт орындауға ұсыныс тастады. Сонда маған неге қазақ тілінде ән шырқап, еліміздің атын асқақтата түспеске деген ой келді. Сөйтіп, тыңдап көрсін деп Естайдың әнін орындап бердім.

Алаш даласының ән әлемінде әуелеген әуезді туынды америкалық құрбыма бірден ұнаса керек, ойланбастан творчестволық тандем жасау үшін елге келетінін айтты. 

Бір қызығы көпшілік Ксананың тілін қазақшаға қалай «сындырғанымды» сұрап жатады. Есту қабілеті жоғары адам сөздің дұрыс айтылуын еш қиындықсыз қағып алады. Сонымен қатар өзімнің музыкалық продюсер ретінде жылдар бойы жинаған тәжірибемді ортаға салдым.

Сіз бұған дейін де біраз әншімен селбесіп, қазақ тілінде ән шырқаған едіңіз...

– Өйткені бар арманым – әлемдегі түрлі ұлт өкілдеріне қазақтың халық әндерін еркін салғызу. Анығын айтқанда, өнердің қасиеті арқылы адамдарды береке-бірлікке, татулыққа жұмылдырғым келеді. Бұл әлбетте мүмкін және мен сол жолда аянбай еңбек етемін. Осы арқылы біз өзгені төл мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге елітіп, тіпті алыс-жақын елдерден туристер тартуға жол ашамыз.

Мысалы Сергей ЗВЕРЕВ екеуміз шырқаған Еркін СҮЮБАЕВТЫҢ «Ты не пришла на Новогодний бал» әнінен домбыраның үнін естуге болады. Бұл көптеген тыңдаушының делебесін қоздырса керек, ән әлеуметтік желіде әлі күнге дейін жоғары қаралымнан түскен емес.

Соңғы жылдары сахнадан көп көрінбей жүргеніңізді шәкірт тәрбиелеп жатқаныңызбен байланыстыратындар бар. Мектебіңізге  таланты болмаса да баласын тықпалайтын ата-ана көп пе? Әлде қатаң талап бойынша қабылдайсыз ба?

– Иә, осыдан алты жыл бұрын күйеуім Роман МИРОНОВ екеуіміз Алматы қаласынан вокал және музыка мектебін аштық. Қазір оның  саны төртеуге жетті. Біздің мектепте балалармен қатар ересектер де оқи алады. Бүлдіршіндерді 5 жастан бастап қабылдаймыз. Аға буын үшін жасына байланысты шектеу жоқ.

Мысалы, 64 жастағы шәкіртіміз ұл-қызын аяқтан тұрғызған соң, фортепианоның тілін меңгеріп, бала күнгі арманына қол созуға ұмтылғанын айтады.  Түрлі аспаптың тілін меңгеру мақсатында бүтін бір отбасымен жаппай келетін жанұялар да бар.

Сондай-ақ өнерге құштар балаларға арналған тегін үйірмелер де ашылған. Алатау ауданына қарасты Alatau Creative HUB орталығында бір бөліміміз жұмыс істейді. Ол мектебімізде мемлекеттік бюджет есебінен вокал, би, домбыра, актерлік шеберлік, көркем сөз, сурет өнері сынды түрлі үйірмелерге қатысуға мүмкіндік бар. Ел президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ келгенде мектебімнің дарынды оқушыларын таныстыруға және креативті индустриялар желісі бойынша қолдау көрсету жөніндегі мемлекет бағдарламасының арқасында Алматы қаласының орталығында 350 бала қатынайтын мектеп филиалын ашуға мүмкіндік алғанымды айттым. Ал болашағын кәсіби тұрғыда үлкен сахнамен байланыстырғысы келетін таланттармен ақылы түрде жеке жұмыс істейміз. Осы уақытқа дейін талай жасөспірімді түрлі байқауға қатыстырып, үлкен сахнаға қанат қақтырдық. 

Мәселен, Амелия ШУМСКАЯ есімді қызымыз Димаш салған әндерді нақышында орындайды. Дауысының диапазоны өте кең болғандықтан болашағынан үлкен үміт күттіреді. «Жылқыны суатқа жетелей аласың, бірақ суды күштеп ішкізе алмайсың» дегендей, алдымызға келген жандарға білгенімізді үйретуден жалтармаймыз, бірақ болашақта ол өнер жолын таңдай ма, жоқ па, ол әркімнің өз таңдауы.

– Сіз қазақ, орыс, өзбек, ағылшын тілінде еркін ән саласыз. Оның үстіне болмысыңызға қарап, қай ұлттың тумасы екеніңізге қызығушылық танытатындар көп. Шыққан тегіңіз жайлы толығырақ таныстырып өтсеңіз

– Менің туған әкем Израильде тұрады. Марқұм анамның бойында тәжік және өзбек ұлтының қаны болды. Бірақ неге екенін, мені төлқұжатымда орыс деп жазған. Бірақ оның сырынан бейхабармын. Дегенмен, мен өзімді қазақ санаймын. Себебі осы елде өнерімді шыңдап, тұрмысқа шығып, өмірге ұрпақ әкеліп, нанын жеп, суын ішіп отырмын.

Білуімше, сіз Өзбекстанда туып-өскен екенсіз. Ал Қазақстанға қалай келдіңіз?

– Бұған екі себеп болды. Біріншіден, мен үлкен сахнаға аяқ басуға талпынған кезде ол жақта жанды музыка жасайтын мамандар жоқ еді. Мәселен, гитарашы, барабаншы дегендер тапшы болды. Ал Қазақстанның жүрегі саналатын Алматыда джаз, эстрада, R'n'B жанры қызу дамып жатты. Сондықтан буынып-түйініп ару қала Алматыға жол тарттым.

Сіз диапазоны кең әнші болсаңыз да бір кездері q-pop жанрында ән шырқап шықтыңыз. Бұл кейбір тыңдарманның таңданысын тудырған еді.

– Мен тіпті осы жанрда өзімді сынап көрмекке арнайы альбом да шығардым. Себебі шығармашылық адамына түрлі бағытта шыңдалу қалыпты жағдай деп білемін. Мысалы, еліміздің примадоннасы Роза ҚУАНЫШҚЫЗЫ да түрлі жанрда ән салады. Халық әртісінің джаз-рок стилінде «Мәңгі көктем» әнін өзімен қосыла шырқауға ұсыныс тастағаны мені сондай қуантты. Сондықтан шығармашылықта шектеу болмайды деп ойлаймын.

Қазақстанда талантты әнші көп. Бірақ той әншілердің бағы жанып тұр. Мұны немен байланыстырасыз?

– «Нан бар жерде ән де бар» деген ғой. Сондықтан бұл әртістерге табыс көзін табуға таптырмас мүмкіндік. Бір жағынан таланттар ел ішінде өнер көрсету арқылы шығармашылығын шыңдай түседі. Әлеуметтік желі арқылы да өнер көрсетіп, ерекше музыкалық композициялар жазып жатқан әуесқой жастар жетерлік. Мұны музыка саласында пайда болған жаңа ағынға теңесек те болар. Бұл өз алдына музыка индустриясының дамыуына септігін тигізеді деп санаймын.

Сіздің де жиі кавер орындап тұратыныңыз белгілі. Мұны кейбіреулер шығармашылықтағы тоқырауға балайды. Осыған не айтасыз?

– Мысалы I Will Always Love You әнін Уитни ХЬЮСТОННАН бұрын Доли ПАРТОН орындап шыққан екен. Кейін Хьюстонның продюсері оны қалайда көндіріп, кавер орындауға құқықты сатып алды. Бұдан соң ән әлемдік мега-хитке айналып шыға келді.

Сол сияқты менің де төлқұжатыма айналған «Айтарым жоқ» әнін өнерге құштар жастардың бірі  орындап шығамын десе, қуана келісім беремін.

Арғысы «Сағындырған әндер-ай», бергісі Мейрамбек БЕСПАЕВТЫҢ  «Кавер шоу» бағдарламасын алайықшы. Бұл жобалар арқылы ескі әндер қайта жаңғырып, талай жас таланттар танылып жатыр. Сондықтан әнді нақышында орындап, оған жаңа ғұмыр сыйлауды тапшылыққа балауға негіз жоқ сияқты.

Өнерде ұлт жоқ деп жатады. Дегенмен, саясат бар. Мәселен,  көршілес елдің көптеген әртістері жер-жерде концерт беруден қағылып жатыр. Бұл өнердегі алыс-беріске кедергі келтіре ме?

– Өз басым өнерді саясатпен астастыру жақсы емес деп білемін. Сол сияқты өнер адамдарының да саясатқа тұмсығын тықпай, өз ісімен айналысқаны жөн. Сондықтан бұл сауалыңызға толымды жауап бере алмаймын.

– «Украина дауысы» байқауының қатысушысы Ерлан БАЙБАЗАРОВПЕН арадағы даулы мәселеден кейін байланысты мүлде үздіңіз бе?

– Мен ол кезде жаңа таланттың жұлдызын жағуды мақсат еттім. Оған жобада орындайтын әндер таңдадым, жаңа вокалдық партияларды, мелизмдерді ойлап тауып, «көрмей тыңдау» бөлімінде ортаға салатын нөмірін қойдым. Тіпті, әр қадамын, әр қимылын ойластырдым.

Соңында қазылар креслосының бұрылып, оның сынақтан өткенін көру мен үшін үлкен бақыт болды. Вокалдық продюсер ретінде өз миссиямды орындап, мақсатыма жеткеніме қуаныштымын. Бар айтарым осы.

Сіздің күйеуіңіз  Романның белгілі шоумен екенін білеміз. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегендей, қос өнерпазға бір-біріне жол бергісі келмейтін кездер бола ма?

– Біз қандай мәселе болсын тізе қоса отырып, келісіп шешеміз. Бастысы, менің өнерімді сыйлап, қабілет-қарымыма сенім артады. Осыдан болар мені үнемі алға демеп отырады. Шынын айтсам, мектебімді ашуыма, алыс-жақын шетелде есмімнің танылуына да ұйытқы болған сол – отағасы.

Тегтер: