«Мемлекет басшысының стилисі екі жыл сайын ауысып тұруы керек» – сән блогері
Сәнді киіну қашаннан қоғамның басты талабына айналған. Себебі, көп жерде киіміңе қарап қарсы алады. Артық салмақпен қатар киімді талғамсыз кию де мәселеге айналды. Ал оның шешімін қалай табуға болады? Тілшімізге белгілі стилист, сән блогері Ельвина Жеткергенқызы талдау жасап берді.
– Қазақстандықтардың сәнді киінуге деген құлшынысы артты ма, қалай ойлайсыз?
– Әрине, отандастарымыз қазір талғаммен киінудің қыр-сырын бір кісідей меңеріп жатыр. Маркетинг дамыған заманда трендтен қалмауға тырысатындар да көп. Бірақ сән әлеміндегі басты талап – мода қуғандардың арасында жұтылып кепей, өзіндік стиль қалыптастыру.
Тағы бір айта кететін жағдай ел арасында көнеден қалыптасып қалған мифтер бар. Мәселен, арық етіп көрсетеді деген түсінікпен қара түсті киім киетіндер көп. Ал шын мәнінде арық әрі стильді көрінгіңіз келсе, өз теріңіздің түсіне сәйкес келетін түстерге басымдылық берген жөн. Салмақ тастағандай көріну үшін салқын түстерді таңдаңыз. Айталық, қызылдың қызанаққа жақын түрі – жылы түске, қызғылт түске жақыны – салқын түстер тобына жатады. Ал бет әлпетіңізді ажарландыра түсу мақсатында портретті аймағыңызға келетін түстерді тұтыныңыз.
Сән тарихында жатталып қалған тағы бір түсінік – бір-біріне жақын түстерді сәйкес келмейді деп ойлау. Мысалы, қызыл мен қызғылт, көк пен жасыл үйлеспейді деп жатады. Бұл да қате ұғым. Қыздардың дені қызыл, сары және жасыл түсті киім кисем, бағдаршам сияқты болып қаламын деп топшылайды. Бұл жерде бар болғаны пропорцияны білсеңіз жеткілікті. Мысалы, үлкен пропорция есебінде сары түсті көйлекті, кіші пропорция есебінде қызыл түсті сырға мен жасыл түсті сөмке ұстасаңыз, жараса кетеріне күмәніңіз болмасын.
– Артық салмағы бар қыз-келіншектерге қандай кеңес бересіз?
– Киім таңдағанда табиғи жаратылысыңыздағы кемшілікке емес, дене бітіміңіздегі әдемі тұсына басымдылық беріңіз. Сол арқылы сіз стандартқа сай емес дене бітіміңізді бүркемелей аласыз. Мысалы, толық қыздар қолының білезік тұсына әдемі әшекейлі бұйымдар тағу арқылы көз қуантарлық стиль қалыптастыруға болады. Ал іштегі майды «А» әріпі тектес көйлектерді кию арқылы көлегейлей аламыз.
Әсілінде, сән деген – өнер. Егер қатып қалған ережеге бағынсаң, ол өнер дамымай қалады. Сондықтан тартынбай, әрдайым тәжірибе жасап, дамып отырған жөн.
– Қазіргі қыз-келіншектер арасында бір тойға киген көйлекті келесіде кимеу керек деген түсінік қалыптасқан. Бұған қалай қарайсыз?
–Тегінде сапалы киім алу арқылы оны ұзақ уақыт кәдемізге жарата аламыз. Кір жуу машинасына бірнеше рет салғанда өңін бермеген киім сапалы саналады. Осы сынаққа сай келмейтін болса, біздің тойға тұтынатынымыз бір реттік киімдер тобына жатады деген сөз. Сол үшін таңдауды базалық киімдерге салғанымыз дұрыс. Киім аларда алдымен "бұл менің мінезімді, ішкі табиғатымды, жандүниемді көрсете ала ма?" деп өзіңізге іштей сұрақ қойыңыз. Сонда бір реттік киімдерден бірден бас тартатын боласыз. Бұл бір жағынан ақшаңызды үнемдейді.
– Арамызда жарассын-жараспасын жағдайын бренд жамылу арқылы көрсеткісі келетіндер бар. Бұл талғамның жоқтығын білдіре ме?
– Брендтке оранып алу – ішкі қорқынышын бүркемелеудің белгісі. Мұндай жандардың ой түкпірінде айналамдағылар менің жағдайым жақсы, проблемам жоқ деп ойласын деген түсінік бар. Сапалы әрі жарасымды киіну арқылы-ақ өзіңің ішкі әлеміңді, біліміңді, тәрбиеңді, тектілігіңді көрсетуге болады. Өкінішке қарай, біздегі көп адамдар жақсы табыс таба бастаса болды барахолкадан бірден брендке ойысады. Қарап отырсақ, сол танымал фирмалардың бір өнімін алған ақшаға бір маусымның базалық гардеробын қалыптастыруға болады. Бақырайып тұрған белгісі бар брендтердің көпшілігі – тауарымызды тұтынсын деген маркетинг қана. Ал талғамы жоғары жандар денесіне, күнделікті өмір салтына, жайлылыққа сай киімдерге таңдау салады.
– Шоу-бизнесте жүрген сұлулардан кімдердің талғамы тамаша деп бағамдаймыз?
– Сахнада жүрген қыз-келіншектер арасында өзінің түр-тұлғасына сай киінеді деп бірінші Гүлнар Оразымбетованы айтамын. Болмысын тамаша талғамы арқылы нәзік, сүйкімді етіп көрсете біледі. Бұдан соң талғамы талассыз нәзік жандылар қатарына Ләйла Сұлтанқызын жатқызамын. Белгілі тележүргізушінің тағынатын аксессуарлары мен киетін киімдері, макияжы өзін нәзік әрі ұстамды етіп көрсетеді. Образы ешқашан «айқайлап» тұрмайды. Стильдеріне қарай отырып, бұл кісілерді базалық гардероб құрастырудың шебері деп танимын. Ал базалық деп бір-бірімен үйлесе білетін киімдер тізбегін айтамыз.
Луина да киімді дене бітіміне, түр-тұлғасына сай таңдай білетін қасиетке ие. Аксессуарлары қолжетімді бағада болуы мүмкін, бірақ оны шашының, көзінің түсімен ұтымды үйлестіру арқылы тамаша образ қалыптастырады. Сондай-ақ аяғы ұзын болмаса да киімді жарастырып кие білетіндігінің арқасында біз оны жіптіктей қыздардың қатарынан көреміз. Идеал емес дене бітімді сымбатты етіп көрсету – стильдің сиқыры саналады. Мұны білетін адам үнемі сұлу болып жүреді.
– Десе де Луинаны тым ашық киінеді деп сынайтындар бар ғой?
– Ол рас. Бірақ ол табиғи болмысындағы кемшілігін визуалды түрде идеал етіп көрсете білетін қасиетке ие. Бұл кез келген жанның қолынан келе бермейтін өнер.
– Сіздің министрліктер мен парламент үйінде жүрген қыз-келіншектердің имиджін қалыптастыратыныңызды естиміз. Осы рас па?
– Мінбердегі нәзік жандылар алдағы үш айға немес алты айға капсулалы гардероб қалыптастырып беруімді өтінеді. Бір айтарым, саясаттағы қыз-келіншектер киімді мақсатты түрде алуды жақсы біледі. Олардың талабы мен тапсырысы да ұқсас. Таңдаған киімдері біреуге қолжетімді, біреуге қолжетімсіз болуы мүмкін. Дейтұрғанмен, мансаптағы қыздар киген киімдерінің қандай рөл атқаратынын жақсы түйсінеді. Люкс пен брендке оранбай-ақ сапалы әрі жарасымды киім арқылы тұлғалық бейне қалыптастыруға болатынын терең түсінеді. Сол үшін маркетингке мән бермейді. Трендтен тыс қаламын деп те қобалжымайды.
– Ер азаматтардың да сәні мен сымбатын келістіріп жүр екенсіз. Енді айтыңызшы, біздің президенттің имиджі қандай деңгейде?
– Мемлекет басшысы үнемі өзіне жарасымды кәстөм-шалбарлар киеді. Дегенмен, сәнді әрі үйлесімді киіне білу өнер болғандықтан, әрдайым эксперимент жасап тұрған да абзал. Сондықтан стилисін екі жылда бір ауыстырып тұрғаны жөн деп ойлаймын.
– Шопоголик қыздардың жан-дүниесі астаң-кестең келеді, сондықтан өздерін жұбату мақсатында жаңа киім алуға құмар деп жатады. Мұнымен келісуге бола ма?
– Иә, ішіндегі эмоциясын шопинг арқылы шығарып, өзін жұбататын жандар бар. Оның астарынада депрессия мен стресс немесе мен сұлумын, ақшам бар, мені қабылдаңдар деген бейсанлық сезім болуы мүмкін.
Зерттеу жұмыстарына сүйенсек, әлемдегі шопоголиктер алған киімдердің 13 пайызын ғана тұтынып, 87 пайызы гардеробта босқа жататыны айтылады. Бұл сатып алудың эмоцияның салдарынан жүзеге асқанын білдіреді. Сондықтан оларға стилист мамандардың алдынан бір рет өтуге кеңес беремін. Өз ісінің маманы іштегі жараны бренд пен тренд жаза алмайтынын ұғындырып, жарасымды, жайлы әрі сапалы гардероб қалыптастыруға көмектеседі.
Кеңес ретінде айтарым, базалық киімдердің бағасы қымбатырақ болады. Сол себепті олар акцияға түспейді. Дүкенге шығарда алдымен сөреңізде не бар, не жоқ екенін түгендеп алған дұрыс. Өзіңізді жайсыз сезіндіретін киімді ешқашан алмаңыз, оның киілмей қалатыны анық.
– Үйлесімді киінудің мансап жолында атқаратын рөлі зор деп жатады. Сіз қалай ойлайсыз?
– Анығында солай. Себебі, біз киіміңе қарай қарсы алып, ақылыңа қарай шығарып салатын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бұл біз ғана емес, жалпы ТМД-да қалыптасқан түсінік. Осы ретте алдымен білімімді, тәжірибемді жетілдіріп алайын деген адамдардың шыттай киінгендердің жанында жолы болмай қалатын өкінішті. Қай жерге барсаң да киіміңе, яғни сыртқы пошымыңа қарап қабылдайды. Сәнді киінген жандардың мансапта алар асуы биік болатыны осыдан.
– Күз бен қыста қандай түстер сәнде болады?
– Көктің, жасылдың, қоңырдың қою әрі салқын реңдері трендке түседі. Бірақ қатып қалған қағида жоқ, жарасып тұрса неге өзге түстерді тұтынбасқа?