4 Қыркүйек 16:12
...

Әсел Оспан, ақын: Қазақта қанша ақын болса, сонша мінез бар

Әсел Оспан
Фото: Әсел Оспан

Ақынның мінезін туып-өскен жері қалыптастыратын сияқты. Атақты Еренқабырғаның баурайында туып-өскен ақын Әсел Оспанның шығармашылығынан оның тау мінезді екенін байқауға болатындай. Ақынмен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Әсел, сұхбаттарыңыздың бірінде «ақындық өнер жолым бастауыш сыныптардан бастау алған» депсіз. Ең алғашқы жазған өлеңдеріңіз не туралы еді? Сол кездегі жас бүлдіршін қара өлең жолдарын қағаз бетіне түсіруіне не себеп болды?

– Иә, адам баласы жарық дүниеге келгеннен кейін маңдайына тағдырын жазып қояды да, сол тағдырдан ешкім де қаша алмайды. Балалық шағым – ең бақытты кездердің бірі. Содан кейін бе, тым арманшыл боп өстім. Біз өмір сүрген уақытта заман өзгеше еді ғой. Әрбір жаңалыққа, жаңа дүниеге таң қалатынбыз, құмартатынбыз. Қазіргі кездегідей интернет, телефон жоқ. Бар қызығым – кітап болды (үй тірлігінен, мектептен бөлек). Аспанға қарап бұлттардан сан алуан сурет саламын. Кереге тұсқа ілінген кілемнің ою-өрнектеріне дейін жаттап алатынмын. Ойынның түбін түсіретінбіз. Бәріне уақыт жететін.

Сол кездің өзінде менде біреуге еліктеу деген болмаған. Өлең өлкесінің есігін қақпай-ақ, керісінше, сол есік маған өзі ашылғандай болды ма деймін. Бастауыш сыныпта қысқа-қысқа тақпақтар жазатынмын. Оны да ұялып ешкімге көрсетпеймін. Сол бір аз ғана уақыт аралығында жазғаным есімде. Ақын болсам деген арман-мақсатым болмаған. Жоғары сыныпта көркем шығармаға аңсарым ауды. Жалпы, өлең жазуыма бір нәрсе түрткі болды дей алмаймын. Осы күні туыстарым айтып отырады, әкемнің әкесі яғни, атам мықты филолог, ұстаз болған. Сол кісіге ұқсағансың дейді. Бәлкім солай да шығар...

– Осы күнге дейін бір емес екі бірдей кітаптың тұсауын кестіңіз. Біріншісі – «Ұшқан ұя», екіншісі – «Үмітімнің үркері». Ал, кітапты «Үмітімнің үркері» деп атауға не себеп болды?

– «Ұшқан ұя» 2017 жылы «Мерей» баспасынан, «Үмітімнің Үркері» 2021 жылы «Үш қиян» баспасынан жарық көрді. Екеуінің де өз салмағы бар. «Ұшқан ұядан» жаңадан бүр жарып, әлі де толық пісе қоймаған, қалыптасып келе жатқан ақынды көресің. Ал «Үркерден» үлкен еңбек, ізденістің жемісін жеген ақынды көресің.

Біз тау баласымыз ғой. Жоғарыға көп қараймыз. Үркер де көкте. Жарығы әлсіз болса да сезінем. Біз жер деген алып ананың құшағында жапырақтың үркек жанындай үмітпен ғұмыр кешеміз. «Үмітімнің Үркері» деген сол.

Әел Оспан
Фото:жеке мұрағатынан

– Бұл кітаптарда қандай тақырыптар қозғалады?

– Кітапта әр алуан тақырыпта шығармалар бар. Көбіне лирика басым. Соның ішінде мен үшін ең озығы – шығыс жауһарларына қалам тербеуім. Әрине, тұмса ананың құрсағынан толғатып шыққандай ақын үшін әр өлеңі өзінше қымбат, өзінше аяулы. Шығыс жауһары – Абай да, Шәкәрім де сусындаған қайнарбұлақ. Сондықтан да оны қазақ әдебиетінен бөліп қарай алмаймыз. Руми, Мұхаммед Хафиз, Әлішер Науаи, Жүніс Әміре, Мақтымқұлы, Низами, Әбу Рудаки, Физули, Низами сынды жүрегінен туған жырлары арқылы Махаббатқа да, Құдайға да адалдықтарын өмірлік мұратына айналдырғандар. Олардың тылсым, жұмбаққа толы әлемімен сырласудың өзі бір керемет кеңістікке бастағаны сонша, сол әлемге әлі де оралғым келеді.

Шығыс мұсылман әдебиетінің сексен пайызы – поэзия, яғни сопылық поэзия. Оның да өзіндік терминдері бар. Кітап осы тақырыпты терең қопарып, ғылыми түрде талдау жасаған шығыстанушы Төрәлі Қыдырдың алғысөзімен басталды. Мағжанша «Екі дүниенің есігінде» тұрып, жұмбақ әлемнің тереңіне бойлау қаншалықты ауыр болса, соншалықты қызық та. Әйгілі испандық ақын Гарсия Лорканың мынандай сөзі бар: «Ең қайғылы қуаныш – ақын болу. Басқасы маңызды емес. Тіпті өлім де!». Өлең жазып біткендегі сезім - ең ғаламат сезім.

Болашақта басқа да кітаптарыңызды жарыққа шығару ойда бар ма? Бір кітапты аяғынан басына дейін жинақтап дайындауға қанша уақыт кетеді?

– Әрине, жазған дүниеңді кітап етіп шығару жақсы ғой. Бұйырса алдағы жылға жоспарлап отырмын. Санынан бұрын сапасына көңіл аударсақ, біраз уақыт кетеді. Асығыс шыққан кітапта көп кемшілік болатынын көрдік, өкіндік. Соларды қайталамас үшін уақыт керек, асықпау керек. Кейде көкейімде көлкілдеп тұрған жазылуға тиіс шығармалардың көптігінен шошимын. Қалай бастаймын, қалай жазам деп қиналасың. Қандай кітап шығарсақ та «сырты жылап, іші күлген» дүние болмаса екен деймін. Опасыз дүниеге ода арнау ежелгі дағды болғанымен уақыт өте келе одан да жалығасың. Жаныңа жақын жырларды ғана жазып, кітап етіп шығарғың келеді.

Өмірдегі басты құндылықтарыңыз қандай?

– Өмірдегі басты құндылық – адам боп қалу, адамгершіліктен айырылмау. Бұл бір жағынан әкемнің өшпес өсиеті. Жалпы, құндылық дегенннің өзі бір-ақ оймен шектелмейді ғой. Әркім өзінше қабылдайды, өзінше бағалайды.

Қазіргі қоғамда адамдардың өзгере салуы, құбылуы тез. «Алтын көрсе періште жолдан таятын» заманның қыл үстінде тұрмыз. Шынтуайтында, жақсы болсаң да – өзіңнен, жаман болсаң да – өзіңнен.

Соңғы кездері ақындарды танитын жастар өте аз. Бұрынғы замандардағы ұлы ақындарды біледі де, қазіргі ақындарға қызығушылық танытпайды. Осы туралы ойыңыз қандай?

– Жастар ақынды танымаса, қасірет қой. Ондай мысалдар көп. Абайды әнші деген соң не айтасың?! Сол баяғы кеңес дәуірінің шынжырынан босамаған орысқұлдық індеттің кесірі. «Көш жүре түзеледі» дегенге алданамыз. Бірақ мұны бір жақты деп қарауға да болмайды. Сондай-ақ, уақыттан бағалы Ұлтымыздың әдебиет көші талай дәуірді бастан кешкеніне қарамастан, бүгінге дейін жас ұрпақпен жалғасын тауып келеді.

Біз Қасымды, Мұқағалиды, Төлегенді, Жұмекенді көрген жоқпыз. Бірақ олардың шығармаларын жата-жастана оқыдық, жаттадық. Неге? Өйткені олардың жырлары өз дәуірінен бері тоқтамай аққан бұлақ іспеттес. Қанша оқысақ та, шөліміз қанбайтын һәм мөлдір әлем. Қазақтың қасиетті қара өлеңіне күйе жақпай, керісінше, Европалық өлең мәдениетінің озық үлгісін сіңіріп кетті. Сол мөлдірліктің жалғасындай жүзден озып – жүйрік, мыңнан шауып –тұлпар шығатын мықты ақындарымыз қазір де бар. Жыр тұлпарына шын талант мінсе, бағы жанады. Таныта алсақ, талант аз ба?!

– Бүгінгі толқын-толқын ойлары бар, кесек-кесек сөздері бар ақынды қоғамның танымауы өкінішті. Бұрынғының сал-серісін, ақын-жыршысын құрметтеп, төрге шығарған. Олардың сөзіне, өнеріне, билігіне бай-бағланы да құлақ асатын. Ал қазір ше?

– Ақиқатты ақындар айтпағанда кім айтады?! Қазір әдебиет, мәдениет салаларына көптеп көңіл бөлініп жатыр. Соның ішінде кітапханалардың заманауи жабдықталуымен қатар онда өтетін әр-түрлі іс-шаралар өткізіліп жатқаны қуантады. Бұл, әрине, әдеби ортаны қалыптастырудың, әр жастағы қаламгерлердің бас қосуына, оларды оқырманға танытуға үлкен септігін тигізеді. Сондықтан кітапханаға жиі бару керек.

– Ақын Мырзан Кенжебай: «Шын ғашықтар ешқашан қосыла алмайды, әсіресе, ақындардың өз ғашығына қосыла алмауы түрлі әсем өлең шумақтарын дүниеге алып келеді», – дейді. Келісесіз бе?

– Қазақта қанша ақын болса, сонша мінез бар. Тағдыры мен өмір жолдары да сан алуан. Ақын қанша мінезді болса да шын сүйеді, сезімі ғаламат. Бағалай білгенге – бақ, бағаламаса – маңдайының бес елі соры. Шын ғашықтар өткен ғасырларда да қосыла алмаған. Біреудің үздіге қараған көзіне, тәп-тәтті сөзіне алданып ғашық болудың қажеті жоқ. Уақыттың жалыны оны бәрібір күлге айналдырады. Ақын өлең жазу үшін ғашық бола берсе, не қауқары қалады?

Қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов 1950 жылдардың соңында Бүбісара деген биші қызбен танысып, «Мың бір түннің» хикаясындай ғашықтық серуен-сайран кешеді. Айтматов қосылуға емеуірін танытса, Бүбүсара сөздің бетін басқа жаққа бұра береді екен. Бірде ол: «Үйленгеннен кейінгі тірліктің күйбеңі ұлы сезімдерді жеп қояды. Махаббатымызды некеге байлап қайтеміз», – дегенде Айтматов үнсіз қалған. Міне, нағыз махаббат, ғашықтық сезім! Олар қосылмаса да, тап-таза сезімдерін сақтап қалды. Мұндай сезімді мен де құптаймын. Ақынның Алдаспаны – қаламы, серті – өлеңге деген адалдығы, әппақ жүрегі. Сондықтан да өлеңге көбірек ғашық болу керек.

– Бұрынғы замандағы ақындар мен қазіргі ақындардың жазу стиліндегі айырмашылықтар қандай?

– Қазақтың қара өлеңі әлімсақтан қазақпен бірге туған. Демек, бірге өледі. Өткен ғасырлардағы эпостан бастап жыраулар поэзиясы, батырлар жыры мен дастандар десек, осы күнгі кейбір ақындардың «ақ өлеңін» қабылдай алмадым. Еш ләззаты жоқ, дімкәс қоғамның үнімен тіл қатқан қияли адамның ермегі тәріздес. Ақын Серік Ақсұңқарұлы өзінің бір мақаласында: «Өнерде «мания величия» деген ауру бар. Бұл – бұрын-соңды қазақта болмаған, бізге шет жұрттан келген эпидемиялық жұқпалы ауру, негізінен алғанда, дарынсыздар мен жалынсыздардың соқпа дерті», – дегені бар. Әрине, шығармашыл адамға талап қою мүмкін емес. Десек те қазақтың қара өлеңі өз қаймағынан ажырамауы керек.

Әсел Оспан
Фото: жеке мұрағатынан

– Бүгінгінің әншілері ән хит болу үшін қазақ тілінде жазылған сөздерге шала-шұбыртып орыс тілін қоса беретін болған. Филолог ретінде осылай ән айту қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? Тіліміздің құрдымға кетуіне бұл қылық жол ашып тұрған жоқ па?

– Әрине, филолог ретінде тіл тазалығына қатты қараймын. Өз ортамда да, қызметте де қазақи орта бола тұра орыс тілін қыстыратындардан міндетті түрде қазақ тілін талап етемін. Осы үшін сөз естіген кездерім де болды.

Әр дәуірдің өз үні бар. Шегірткедей қаптаған әншісымақтар батысқа еліктеп кеткені сонша, не туралы ән айтып жатқанын да түсіну қиын.

Цензура жоғалған, сын жоқ, талғам таязданып кеткен. Олардың басты мақсаты – елді шулатып, хит әндермен дүрліктіріп қою секілді. Тақпақ пен әнсымақты «будандастырудан» туған заманауи әндердің көбеюі үлкен дерт. Ондай қиқуларда сезім, лирика деген мүлдем жоқ, болмайды да. Қара бастың гөй-гөйі секілді арзан дүниемен қалың тобырдың шаңын қағып билеткенге мәз. Қадыр ағамның:

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! – деген шумағымен-ақ әлемді өзгертуге болар еді. Түсінер ұрпақ болса…

– Ұлы ақын Абай атамыз А.С.Пушкин, М.Лермонтов жырларын қазақ тіліне көп аударған. Дәл солай көршілес халықтар ақындарының өлең-жырларын аударып, нақышына келтіргіңіз келмей ме?

– Аудармаға бет бұрдым деп айта алмаймын. Әрине, аудармашылық ақынның шеберлігін шыңдайды, жетілдіреді. Түпнұсқадағы бейнелеудің тереңіне бейнеттене бойламаса, оқырманның басына шырмау салады. Кәсіби аудармашы болу үшін терең білім, тәжірибе керек. Десе де, ептеп-септеп құмық, башқұрт тілдерінен өлеңдер аударғаным бар. Бір-екі өлең аударып өзін «кәсіби аудармашы» санайтын ақынды да көрдік қой. Сондықтан ондайлардың санын көбейткенше үндемегенім абзал.