Самрат Құскенов, ақын: Өлең – тапсырмамен жазылатындай оқушының үй жұмысы емес
Біз бұған дейін орта буын ақыны Әсел Оспанмен сұхбаттасқан едік, ал бүгін солтүстіктің жас ақындарының бірі Самрат Құскеновпен шығармашылығы туралы әңгіме өрбіттік:
Құскеновпен шығармашылығы туралы әңгіме өрбіттік.
– Самрат, сіздің шығармашылық жолыңыз неден басталды? Қандай оқиға өлең жазуға себеп болды?
– Менің тілім кеш шыққан, жеті жаста сөйлей бастаппын. Сақау болсам да, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданындағы Амангелді негізгі мектебінің табалдырығын аттадым.
Ел ішінде «Дулаттың сақау баласы», балалар арасында «Сақау», «Мылқау» деген лақап аттарға да ие болдым. Ата-аналар жиналысы болған сайын қатарыма ілесе алмай отырғанымды көріп, анам марқұм үйге зар еңіреп келетін.
Оқу жылы да солай аяқталды. Жазғы үш айлық демалысқа да шықтық. Сақау болып ешкіммен араласа алмағандықтан, анам соңымнан бірге ертіп жүретін. Бірде әкемнің інісі Сәбит ағамның қайын жұрты Айтуар ауылында бір той болып, содан шыққанда оқыс оқиға болды. Мотоцикл қораны соғып, мен оның жәшігінен ұшып түсіп, маңдайымды аршаға соқтым. Қасымдағы жолаушылар, шығарып салғандар бір-біріне қарап, мені көріп шарасыз күйде қалған. Есімді жиған соң бәрін боқтаппын.
2-сынып оқып жүргенде сынып жетекшіміз мереке болған сайын маған жаттауға тақпақ бермейтін. 2006 жылды қарсы алуға арналған Жаңа жылдық кеште тақпақтарын айтқан оқушылар Аяз атадан кәмпит алды. Алмаған мен ғана. Содан сол жерде суырып салып бірдеңе айтқандай болдым. Бала жүректен шыққан «өлеңге» ел риза болып, Аяз ата бір дорба кәмпитін беріп жіберді.
Сол мезетте алғашқы ұстазым Зура Кәрішалова «Болашағы бар ақын» деп зор үмітті артты. Үміт ақталды ма, ақталмады ма, оны уақыт көрсетеді. Алғашқы өлеңім солай шыққан.
– Жинақтарыңыздың ішінде қай туындыңыз өзіңізге қатты жақын? Өлеңдеріңізде қандай эмоцияларды жеткізуді мақсат етесіз?
– Мен өлеңді жоспар құрып жазған емеспін. Жазбаймын да. Міндетті түрде бір дүниеден алған әсеріммен өлең жазамын.
Теріскейлік оқырмандарға жол тартқан «Іңкәр жүрек», «Жала мен жаза» жыр жинақтарына енгізілген өлеңдердің ешқайсысын бөліп жара алмаймын. Әрқайсысы – мен үшін аса бағалы дүние. Студенттермен кездескенде қыздар жағына «Бұрынғы махаббатым» деген өлеңім ұнамайды. Өмірде де, өнерде де бұрынғы махаббатын аңсағандар болғанымен, қағазға түсіруге жүрексінеді. Менің шығармашылығымның шынайылығы осыдан байқалар деп ойлаймын.
Екі жыр жинағым болса, екуінде де шалалық барын білемін. Бірақ жастықтың буымен жіберген қателіктерім үшін ұялмаймын. Өнерде тәуекелге бел байламасаң, қателеспесең, ешқашан өспейсің. Қаламы төселген, ойы қалыптасқан ақындардың барлығы шығармашылығын шимай-шатпақтардан бастаған.
– Шығармашылықтың адамына шабыт түрлі жағдайда келеді ғой. Сіздің шабытыңыз қай кезде туады?
– Шығармашылық жұмыс ізденісті талап етпей қоймайды. Шабыттың қай уақытта келетінен кейде түсінбей қаламын.
Ақындардан ерекшеленіп тұратын қасиетім – барған қалама да, ауылыма да өлең жазбай кетпейтінім. «Шөпті де, шөңгені де өлең қыласың» деп ренжіген қаламдастарым да бар. Мен бұл пікірмен келісе қоймаймын. Себебі, қазақ елінің әр тасының астында бір тарих жататыны рас болса, тарихтың тарауларында өлең міндетті түрде болады.
Менің поэзиямда лирикалық өлеңдер сирек кездеседі. Оның өзінде де көбін жариялаудан қашқақтаймын. Махаббат – сөзбен айтып жеткізе алмайтын ұлы сезім. Ұлылық сөзден гөрі іске баса назар аударады. Сондықтан ғашықтықты шабыттан аулақ ұстауға тырысамын. Ғашықтық – өтпелі кезең. Бір көргенің өмірлік сырласыңа айналмайтындай оған өлең де жазылмайды.
– Соңғы жазған өлеңіңіздің шумақтарын талдап беріңізші.
– Алматыда жүргеніме міне, он күндей болды. Бала арманымыз болған шаһарда жүріп өлең жазбау – кешірілмес күнә. Өзім Қазақстан Жазушылар одағының Сәбит Мұқанов, Ғаббас Тоғжанов Ғабит Мүсіреповтердей үш бірдей төрағасы құндақталған Солтүстік Қазақстаннан келдім. Ғабит атамыздың одақ ғимаратының 1955 жылы салынуына себепкер болғанын тарихтың сарғайған беттерінен білесіз. Оның үстіне одақтың дамуына сүбелі үлес қосқан Қазақстанның Халық жазушысы Сафуан Шаймерденов пен оның жұмысын теріскей өңірде жүргізуге атсалысқан арқалы ақын Зейнолла Әкімжановтың ағайынды туысымын. Осындай тұлғалардың ұрпақ сабақтастығын сезінгендіктен «Алматыда жүр едім» деген өлең жолдарын жаздым.
С.Шаймерденовтің 100 жылдық мерейтойында жазушы Жұмабай Шаштайұлы: «Сафуан ағамыз – «Солтүстіктің сорайған қарағайы» болса, Самрат – ұлттың бәйтерегіне айналатын Қызылжардың жас терегі», – деп арқамнан қаққан еді. Соның бәрін ой елегінен өткізіп жазған өлеңімді оқырманның өз талқылауына қалдырамын. Адам жанының тәтті болғаны соншалықты, өзін мақтай алмайтыны сияқты сынай да алмайды.
АЛМАТЫДА ЖҮР ЕДІМ
Руханиятпен соққандықтан жүрегім,
Оймен кейде түлеп, кейде жүдедім.
Көркем жаза алмасам да Ғабиттей,
Алматыда қиял қуып жүр едім.
Шабар сәті жетті енді тайыңның,
Нұрын төксең, толықсыған айыңның.
Ел аңызға айналдырған көшесін,
Келген едім аймағынан Саинның.
Таусылмаса бұл өмірдің дерегі,
Сарқылмайтын қазына ғой керегі.
Солтүстіктің Қарағайы – Сафуан,
Мен боламын шайқалған жас Терегі.
Алматыға келіп әбден желіктім,
Лағындай боп еркелеген еліктің.
Дәріс алған аяғымнан тік тұрып,
Жерлесімін атойлаған Еріктің.
Бейбіт сүйреп бала күнгі жылыма,
Қанық болдым Бауыржанның жырына.
Прозасын сүйіп оқып Дулаттың,
Қасымхан да тартқан әннің сырына.
Көктөбе де тұр өзіне шақырып,
Ақын үшін ол да жеке тақырып.
Жазушының шеберлігін меңгерсем,
Ой санама құйылады ағылып.
Біреу үшін өлең-жырда дүр едім,
Өзім үшін қайырымсыз ұл едім.
Ертең Халық жазушысы болам деп,
Алматыда ұлы арманмен жүр едім.
–Сіздің шығармашылығыңыздың қоғамдағы орны қандай деп ойлайсыз?
– Жазған дүниелерім талай мәрте сынға ұшырады. Қазір де сол жағдай. Ешкім де басымнан сипаған емес. Сипайды деп те күтпеймін.
Өлеңнен өзін көрген оқырман бірден байланысқа шығады. «Қатын өсек», «Сасық кеуде», «Өртеніп барады өзегім» деген өлеңдерім үшін кейбір ағаларым хабарласып, ренішін білдірген болатын.
«Менің түскен түрмем – сенің жүрегің» өлеңіме талай қыздар ризашылығын білдірген. «Жүректі түрмеге теңеген алғашқы ақын – Самрат. Супер...», – деп пікір жазған оқырманым да болды. Осыдан-ақ өлеңдегі ойымның қалыптасып келе жатқанын көруге болады деп ойлаймын.
– «Сен бол менің ең соңғы махаббатым...» деген өлең жолдары қай аруға арналған? Махаббатың осылай аяқталуына не себеп болды?
– Ескі жараның аузын тырнадыңыз... Ол өлеңнің кейіпкері – бүгінгі таңда екінші перзентін бауырына басқан ана. Махаббаттың ғайып дүние екенін сүйгенінен айырылғандар ғана түсінеді.
Бірақ «Сен бол, менің ең соңғы махаббатым» деген өлеңде қыз бен жігіттің дәурені аяқталып, некемен жалғасқанын тілеген жолдар бар. Адамның айтқаны емес, Алланың жазғаны болады. Өкінішке қарай, өлең кейіпкерімен қосыла алмадым. Кінә өзімде. Көшеде жүрген бикештерге есім ауып, жастықтың буымен қызды тастап кеттім. Қыздың жылағаны әлі күнге дейін көз алдымда. Бұл ісіме өкінемін.
Уақыт бір орында тұрмайды. Қазір қыз іздеп жүрмін. Жар сүйіп, баламды құшағыма алу – арманым. Арманыма Құдай бұйыртса, санаулы күндерде қол жеткіземін. Адамның соңғы махаббаты – некеге тұрған зайыбы. Оған ешкімнің дауы жоқ шығар. Жарыңнан басқа біреуді сүюің мүмкін емес. Сүйген күннің өзінде де опа бермейді. Неке – қасиетті ұғым. Оны былғауға болмайды. Кесапаты соғады. Жаратқан ием, менің соңғы махаббатымды бір жерде жасырып қойған болар.
– Жыр жазудан бөлек, тағы немен айналысасыз?
– Ақын Зейнолла Әкімжановтың шығармашылығын насихаттап, «Оттай ыстық Отынағаш» өлеңдер мен дастандар кітабын компьютерде тердім. Сафуан Шаймерденов туралы эссе, өлең, естелік, сұхбаттар жинақталған «Сорайған солтүстіктің қарағайы» кітабының редакторы болдым. Айтыстың ақтаңгері Игібай Әлібаевтың «Тарихта қалған нар тұлға» шығармалар жинағын, Зейнолла Әкімжановтың «Замана шам-шырағы» кітабын құрастырып шығардым.
Архивтің сарғайған парақтарын ақтарғаным үшін Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет басқармасы көк тиын да бермейді. Олар елемесе де, келешекке керек болар деп бұл бағытымнан таймаймын. Теріскей өңірде Зейнолланың шығармашылығын дәріптеп жүрген азамат, қоғам белсендісі, модератор ретінде танылғанмын.
Солтүстік Қазақстан облысында елге елеулі еңбек сіңірген жерлестерімізді зерттеп 56 мақала жаздым. Жамбыл, Есіл, Мамлют, Ақжар аудандарына қарасты «Айтуар», «Бике», «Талапкер», «Алқатерек» ауылдарының тарихын жазып, «Soltüstık Qazaqstan» облыстық қоғамдық-саяси газетіне шығардым. Енді Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда, 2018 жылы жоқ болып кеткен Қарағаш ауылының тарихын іздеп жүрмін. Сөйтіп өлкетану ісін қалыптастырып жүрмін.
Алматыда жай жүрген жоқпын. Ретін тауып, қызырлы Қызылжар топырағында құндақталған қаламгерлердің Құдай қосқан жарларына сәлем беріп, кіріп-шықтым.
«Ленин туы» газетінде қызмет еткен Малдыбай Қоқыбаевтың жары Сәруар Ғаниқызына бардым. Ғасыр жасаған ананың жанарына қараудың өзі – үлкен жетістік. Жүзге келу барлық қаламгердің жарына бұйырсын.
Ақын, бірнеше әндердің сөзін жазған Есләм Зікібаевтың жары Рауза Бәкірқызына бардым. Апамызға Алла қуат берсін. «Есләмның қасын берген Алла бағын да берсін», – деп ақ батасын берген апамыздың ақынға ұқсатқанының өзі мен үшін үлкен мәртебе.
Қазақстан Жазушылар одағына келгенде алдымнан шыққан ақын Бекжан Әшірбаев ағамыз бұл әрекетімді құптады. «Болатын журналист – ел аралайды, жалқау журналист – интернет жағалайды» дегенді айтқан бір журналистің сөзін алға тартып, еңбегімнің жанғанын тіледі. Бұл кездесулер, Алла қаласа, жалғасын таппақ.
– «Жүрекпен ғана жыр жазамын» дейсіз. Сонда өзге ақындар қалай жазады деп ойлайсыз?
– Қазіргі таңда мүшайраға қатысатын ақындардың басым бөлігі жүрекпен жаза қоймайды. Тіпті өздері танымаған есімдердің мән-мағынасын ашып, ұйқасы бар мақала жаза жөнеледі. Сыры неде екенін түсінбедім.
Өлең – тапсырмамен жазылатындай оқушының үй жұмысы емес, жүректің соғысымен жазылатын ақынның алпыс үшінші тамыры. Ақындар мектебінде тәлімгер алдын көріп жүргендер құдіретті өнерді табыс көзіне айналдыруға ұмтылуды меңгереді. Бұл – ақындыққа жасалған қиянат. Дәрежесі жүлдемен өлшенетін ақындар күндердің-күнінде өледі. Авторын өлтірмейтін туынды – жүрекпен жазылған өлеңдер.
Конкурстардың жеңімпаздары атанған ақындардың шығармашылығына жолай қоймаймын. Өйткені жүректен шықпаған дүниелерден шынайылық көру мүмкін емес. Оқығанда жүрегіңді тебірентпей қоймайтын ақындар бар. Атасам, Мақпал Мыса, Танакөз Толқынқызы, Қуат Дәуренұлы, Сабыр Адай... Бұл ақындардың өлеңдерін оқысам, ерекше күйге енемін.
– Өлеңдеріңіздің кейбірі ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне ұқсайтын сияқты. Бұл туралы не айтасыз?
– Ақиық ақын Мұқағалимен үндестікті байқаған бірінші жансыз, рахмет. Өйткені Мұқағалидың өлеңдерін оқып өскен жастардың бірімін. Оқыған дүние жазарыңа әсер етпей қоймайды. Мұқағали – қайталанбас құбылыс. Бұл артық айтқаным емес.
Кейбір қыздар менің мінез-құлқымнан Мағжанды көреді. Турашылдығымнан Сафуан Шаймерденовті, қырсықтығымнан Зейнолла Әкімжановты байқағандар баршылық. Кеше ақын Есләм Зікібаевтың жары Рауза Бәкірқызына барғанымда «Қасың, кескінің Есләмға ұқсайды» деп ақ батасын берді. Енді сіз Мұқағали екеуміздің шумақтарымыздан ұқсастықты аңғардыңыз. Бұл – сіздің шығармашылығыма берген ең жоғары бағаңыз.
Есімдері аталған тұғыры биік тұлғалардың жақсы қасиеттерін тұла бойыма сіңіріп, өз халқының қайраткері Самрат Құскеновті қалыптастыруым қажет.
– Қазіргі таңда ақындарға мемлекеттен қандай қолдау бар? Отанын сүйіп жырлайтын шығармашылық адамдары үшін мүмкіндіктер қарастырылған ба?
– Ақындардың кейбіреуін әңгімеге тартқанымда шығармашылықты хобби қылатындарын айтқанда жаным ауырады. Ақындық – Алла берген қасиет, жеті атаңнан жеткен өсиет. Осыдан-ақ таланттардың мемлекеттен қолдау көрмейтінін байқаймыз.
Өлең жазумен айналысып жүргеніме 20 жылға жуық уақыт болды. Ешкім де басымнан сипаған емес. Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғап, өз ақшама билет алып Өскемен, Ақтау, Атырау, Астана қалаларына барып, сынға түстім. Орын ала алмай ұнжырғам түсіп, «Енді шығармашылықпен айналыспаймын» десем де, сүтпен кірген мінез сүйекке сіңген соң бас тарта алмадым. Қазір ойланбаған күнім босқа өткендей көрінеді. Күннен-күнге талғам өзгеріп, талантым қалыптасу үстінде.
Шығармашыл адамдарға ұлт идеологиясына қызмет етуіне мүмкіндік беруіміз керек. Бұны түсінетін жан бар ма? Қай қаламгерді алып қарасақ та, руханиятқа еңбек сіңіруді көздейді. Нашар жазатындардың да ниеті түзу екенін ескере бермейтініміз тағы да бар. «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды» деген жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің сөзімен ойымды жалғастырсам, мемлекетіміздің өркениетті елдердің қатарынан көргіміз келсе, ақын-жазушылар мен журналистерге жағдай жасауымыз керек.
Қазақстан Жазушылар одағының бірегей жобаларының бірі Жазушылардың әдеби шеберлік мектебіне қатыстым. Барлық шығынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен одақтың өздері көтеріп отыр. Өзіміз орналасқан «Аль-Фараби» қонақүйінің тарихына үңілсек, көркем шығарма жазатын қаламгерлер айлап жататын-ды. Олардың жақсы туынды жазуларына барлық жағдай жасалған. Өйткені, одақтың шығармашылық үйі болып руханият игілігіне қызмет етті. Осындай жағдай жасалса, біздің замандастарымыздың ішінен небір мықты классиктер шығар еді.
Жоба бізді он күн оқытумен тоқтап қалмай, еккен дәндеріне бағбан болып игі істі жалғастырса, біздің әдебиетке береріміз мол.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? Тағы қандай кітаптар шығарғыңыз келеді?
– Қазақстан Жазушылар одағының әдеби шеберлік мектебін тәмамдаған соң тындыратын шаруам көп.
Солтүстік Қазақстан облысында қилы тағдыр кешіп, талантын көрсете алмай кеткен ақын Қошқарбай Жұматаевтың өлеңдерін теріп, жинап қойдым. 180-ге жуық материал жиналды. Қошқарбай Жұматаев – Тұрсын Жұртбай, Жүрсін Ерман ағаларымыздың замандасы.
«Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның директоры Ербақыт Амантайұлы ағамыз кітаптың шығуына көмектесемін деп уәде берді. Бұйырса, алдағы уақытта тарих тасасында қалған бір есімді жарыққа шығарамыз.
Демеуші табылса, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғасыр тойы қарсаңында өлкетану бағытында жазылған материалдарымды жинақтап шығаруды да ойлап жүрмін.