8 Наурыз 19:38

4,2 млн теңге. «Түйе сұрасақ, бие беретін шығар»

Фото:

Парламентте көптің көңіліне жағатын ұсыныс айтылды. Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов Үкімет басшысына жолдаған сауалында «Елімізде дүниеге келген әрбір балаға 4 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түрінде «Ана капиталын» енгізу керек» десе, депутат Айжан Ысқақова бала күтімі бойынша жәрдемақыны ұлғайтуды, ақылы декреттік демалыс кезеңін 2 жылға дейін белгілеуді ұсынды.

Депутат Ерлан Смайловтың айтуынша, бұл қаражатты тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға, баланың білім алуына, анасының зейнетақы жинақтарына мақсатты пайдалануға бағыттаған дұрыс. Сонымен қатар мәжілісмен ЮНИСЕФ-тің зерттеуіне сәйкес, қазақстандық балалардың 15,6%-ы табысы ең төмен отбасыларда тұратынын мәлімдеді.

«Толық емес отбасылардың проблемалық мәселесі өте өзекті. Онда ата-ананың біреуі, анасы немесе әкесі балаларды тәрбиелеп жатыр. Бір, екі немесе үш баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана немесе жалғызбасты әке де көптеген қиындықтарға тап болады, бірақ әлеуметтік қолдауды қажет ететіндер санатына кірмейді. Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, бізде мұндай 500 мыңнан астам отбасы бар  және оның басым көпшілігі жалғызбасты аналар болуы мүмкін», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Смайлов.

Депутат Айжан Ысқақова: «Бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері – 16 801 теңге, ал бюджеттен сотталған әр адамға айына шамамен 88,5 мың теңге жұмсалады және түзеу мекемесінде болған барлық мерзімде ол күзет, тамақ, киім және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Айырмашылық 5 есе. Ел үшін кім қымбат?», – дейді.

Екі депутаттың да сөзінің жаны бар. Бір кездері «Қазақ қайтсе көбейеді?» деген мәселе жиі талқыланып, тіпті қызды-қыздымен «2020 жылы халық саны 20 миллионға жетеді» деген оптимистік болжам да жасалған. Бірақ «мемлекеттің басты байлығы – халқы» десек те, демографияға дүмпу боларлық нақты бағдарлама қабылданған жоқ.

Осыдан 9 жыл бұрын сенатор болған Ғани Қасымов та Смайлов сияқты ұсыныс жасаған. «Бала туғандағы бір реттік жәрдем­а­қы мөлшерін 1,5-2 млн теңгеге көтеру ке­рек. Бұған біздің шамамыз да, әлеуетіміз де жетеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осы ұсы­нысты іліп әкетсе, біз «бәрекел­ді» дер едік», – деген ол.

Сол кезде де бұл ұсынысқа «бәлкім, ақылға сыйымды жәрдемақы мөлшерін айту керек пе еді» деген ой қылтиған. Бірақ Смайловтыкі Қасымовтан асып түсті. Біздікі тек баяғы айтылған жерде қалып қоятын ұсыныс болмаса екен деген ой ғой...

Айтпақшы, әнші Ерке Есмахан «4 млн теңге берсе, бала тууға дайынмын» депті. Жалғыз Ерке ғана емес, бүкіл қазақ әйелі білек сыбанып, дайын отырғаны анық. 

Ерлан Смайлов, Парламент мәжілісінің депутаты:

 Түйе сұрасақ, бие беретін шығар

Ерлан Валерийұлы, бұған дейін экс-сенатор Ғани Қасымов Ресейдің «Ана капиталы» сияқты бағдарлама қабылдап, әр балаға 1,5-2 млн теңге құю керек деген еді. Алайда, ұсыныс айтылған күйі қалған еді. Ал сіз 4,2 млн теңге болса дейсіз. Бұл мүмкін бе?

– Біздің ұсыныс сөз жүзінде қалмайды деп сенемін. Бұл мәселені жиі көтеріп тұрамыз. Әлеуметтік жағдайды көтеру – партиямыздың басты идеологиясы. «Ана капиталы» да халықтың әлеуетін көтеретін тетік. Өкінішке қарай, біз парламентте 10 депутатпыз. Бұған бәрі дауыс беруі керек. Сол кезде басқа әріптестеріміз қолдай ма, жоқ па, көреміз. Бірақ қазіргі уақыт осындай депутаттық сауал жасауға сұранып тұр.

Сонда әр ана босанғанда есепшотында 4,2 млн теңге болуы керек қой...

– Иә, дәл солай. Қазір әлеуметтік жәрдемақының түрі көп. Атаулы әлеуметтік көмек бар, бір реттік жәрдемақы бар, тағы басқа. Бұл дұрыс емес. Негізі әр адамға инвестиция құю керек. Мысалы, Үкімет әлеуметтік салада мәселе туындаса, жәрдемақы береміз деп шығады. Сөздеріне қарасақ, осындай жәрдемақыны үнемі беріп жүргендей көрінеді. Келешекте модернизация болмаса, 20-30 жылда артта қалып қоямыз. Ең алдымен, адами капиталдың сапасын жақсарту тиіс. Ол үшін инвестицияны бала өмірге келген сәттен құю қажет. Баланың денсаулығы, тамағы бар, балабақша мен мектеп, спорт үйірмесі, бәрі-бәрі тегін болуы керек.

Пікіріңіз өте орынды. Алайда, індет экономикамызды да құлдыратып тастады. Бұл ұсыныстың қолдау таба ма?

– Қазақ «Түйе сұрасаң, бие береді» демей ме?! Шын мәнінде, бюджетте ақша жетеді. Республикалық, облыстық бюджетте де солай. Мәселен, Есеп комитеті желтоқсанда Индустрия және иннновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын зерттеп, арнайы есеп берді.

Осы бағдарламаға 10 жылдың ішінде 5 трлн 30 млрд теңге құйылыпты. Яғни, Есеп комитеті есебінде қаржының 15 пайызы ғана мақсатты жобаға жұмсалса, қалған 85 пайызы жанама жобаға (мониторинг, индикаторды жасақтау) кеткен.

Айталық, елордадағы ЛРТ-ға 1 млрд доллар жұмсады. Бірақ бізге ақша жоқ дейді. Республикалық, жергілікті бюджетке анализ жасау керек. Квазимемлекеттік секторлар – «Бәйтерек», «ҚазАгроға» қаншама қаржы құйылды. Мемлекеттік бағдарламалар көп. Олардың нәтижесі шамалы. Есеп комитетінің сайтына кірсеңіз, былтыр 7 мемлекеттік бағдарламаны қарап шығыпты. Нәтижесінде  мемлекеттен құйылған 1 теңге небәрі 30 тиын табыс әкелген.

Дүниежүзілік банктің көрсеткішінде 1 доллардан 20-30 тиын ғана түскен. Тіпті, мұны табыс деп те есептеуге болмайды. Бағдарламаны бірнеше жылға лайықтап жасау керек.

Мысалы, АҚШ-та 1960 жылдары экономикалық есеп жүргізген. Балаларға 1 доллар құйды. Бұл келешекте экономикаға 6-17 доллар әкелді. Яғни, бала өскенде денсаулығы мықты болса, жақсы білім алса, ертеңгі күні жақсы маман болып, мемлекетке табыс әкеледі. Ол үшін бала кезінен инвестиция құю керек. Шетелде «алғашқы мың күнге арналған инвестиция» деген термин бар. Сондықтан «Ана капиталын» енгізсек, ұрпақ бар жағынан да мықты болады.

 Депутаттық сауалға қандай жауап болады деп ойлайсыз? Әріптестеріңіз қолдап жатыр ма?

– Заң бойынша бір айда жауап беруі тиіс. Көбі қолдады. Ресейде 2007 жылы енгізілген «Ана капиталы» бағдарламасы арқылы әр балаға 10 мың доллар құйды. Ипотекаға үй алады, баласы жоғары білім алады, анасының зейнетақы салымына түседі. Қазір Ресейдің кейбір аймақтарында өсім көбейген, кейбірінде төмен. Дегенмен, жас отбасында ажырасу азайып, тұрақтылық байқалған. Бұл мәселені алға қою керек. Үкімет «ақша жоқ» деп жылай береді. Әлеуметтік даму министрлігі халықты қорғаудың орнына халықтан бюджетті қорғайды.

P.S. Біз жиі мысалға алатын Ресейде «Ана капиталы» 2007 жылдан бері нәтижесін беріп келеді. 2007 жылы – 250000 рубль, 2008 жылы – 276250 рубль, 2009 жылы – 312162 рубль, 2010 жылы – 343378 рубль, 2011 жылы – 365698 рубль болса, 2020 жылдан бастап бірінші баласын өмірге әкелген ата-ана 466016 рубль, екінші баласы үшін қосымша 150 мың рубль төленеді, сондай-ақ, үшінші баладан кейін мемлекет ипотека алған баспананың 450 мың рублін жауып береді. Жақында РФ президенті В.Путин бағдарлама 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылатынын жеткізді.

Тегтер: