2 Наурыз 11:04
...

Саяси цензураның ДАМОКЛ қылышы немесе дікең-дікең ДЕБАТ

Фото:

Әміржан ҚОСАН, саясаткер

Сонымен дебат өтті. Парламенттегі орындардан дәмелі партиялардың өкілдері «қызылкеңірдек боп айтысқан» бұл пікірсайыстан не түйдік?

Сөз жоқ, әртүрлі партия өкілдерін ұлттық телеарнада прайм-таймда тікелей эфирге шығарып, сөз беру – демократиялық үрдістерді орнықтырудағы бір қадам, алға жылжу деп бағалуға тиіспіз. Шынымен де әр партияға бірдей, тең мүмкіндік берілді. Әрқайсысы хал-қадерінше сол мүмкіндікті пайдалануға тырысып-ақ бақты. Нәтижесін ертең сайлауда көре жатар.

Рас, спикерлер қанша көсілсе де, студияда көзге түспесе де, дебатқа қатысушыларды тежеп тұрған саяси цензураның Дамокл қылышы ілініп тұрғаны сезіліп-ақ тұрды. Әйтпесе, халықтың қолдауына ие болғысы келген партия, мәселен, НЕГЕ Қанды қаңтар туралы сөз қозғауға жарамады? Неге билік партиясына қатысты жүйелі сын айтылмады (әрине, өкіметке, оның партиясына бірен-саран сыни пікірді құлағымыз шалып қалды, бірақ ол монстрға шыбын шаққан құрлы болмады: тиміді сын айту үшін де мінез бен өре керек-ау).

Сонымен бірге, бұл дебатты Қазақстан қоғамдық-саяси өмірінің бүгінгі мүшкіл жағдайына саяси-медициналық диагноз ретінде қабылдауға болады. Ол диагноз, өкінішке қарай, әлі де ауыр.

«Сен маған партиялық жүйеңнің қандай екенін айт, мен саған қандай ел екеніңді айтамынның» кері болып тұр!

Кезінде билік партиясының бір лауазымды жетекшісі: «Бізде Назарбаевтан басқа саясаткер жоқ, одан басқасының бәрі – соның көмекшісіміз», – деген. Осы ащы шындықтың салдарын көргендейміз. Ол партиядан тыс бас көтеріп, көзге түсе қалғандарды қалайша қудаланғанын Сіз бен біз білеміз. Өкінішке қарай, сол шоғырдың өкілдері бұл жолы сайлаудан да, дебаттан да тыс қалды. Олар эфирге шыққанда, дебат мүлдем басқаша өтер еді.

Дебатты көріп, күлкім де келді, жылағым да келді. Күлкім келгені сол: кей кезде, әсіресе, екінші кезеңде дебат балаганға ұласып кетті. Бір-бірінің сөзін бөліп, ортаға килігіп кетіп, бір-біріне дікең-дікең етіп (мұнысы тым жасанды көрінді), берілген алтын уақытты зая қылды! Осы жерде «Саяси мәдениет, қарапайым этикет пен регламентті сақтау қайда?» деген сауал туындады.

Жылағым келгені сол: «XXI ғасырдың 23-жылында біздің елдің партиялық кескіні осы ма?!» деген сауалға жауап таппадым.

Меніңше, елдегі партиялық жүйенің кенжелеп, тұралап, осындай бейшара халге жетуіне кешегі не бүгінгі президенттер ғана емес, осы жылдар бойына идеология саласын басқарып келген шенділер де кінәлі!

Нағыз сайлауда кез келген партияның лидері ел алдына шығып, сайлаушыларға көрініп, өз ойын дүйім жұртқа жеткізуге асығады емес пе? Бізде болса, партия басшылары ашық әңгімеден қашып, өз орынбасарларын жібереді. Бұл да дұрыс емес. Мықты, өзіне сенімді лидер болса, ел алдына шығып, ағынан жарылып, өзінің таланты мен шешендігі, саяси айтыскерлігі, креативі мен позитиві арқылы партиясының қолдаушыларын одан сайын көбейтпей ме? Лидердің аты лидер ғой!

Партиялардың өздерін дебат барысында насихаттауының соншалықты нашарлығын көріп, бізде экономикамен бірге саяси технология да дамымай қалған ба деген ойға қалады екенсің. Әйтпесе, осынау бірегей мүмкіндікті тиімді түрде пайдаланып, бір жарым сағаттың ішінде небір саяси әдіс-тәсілдерді қолданып, халықтың бетін өзіне қаратып алуға болар еді ғой.

Бәрі де сол ескі Қазақстан тұсындағы ескі сарын. Ескі стиль мен риторикаға сүйенген ескі партиялар Жаңа Қазақстан құра ала ма?

Талай жыл оппозиция қатарында келе жатқан адам ретінде бір қиналғаным сол: өзін оппозициялық деп атап жүрген, баяғыда өзім құруға тікелей атсалысқан партияны эфирге шығарып, демократиялық бағыттағы билік сыншыларын соншалықты маргинал қалыпта көрсетуі. Тұтас бір партиядан жөні түзу, сабырлы да салиқалы, құр айқайға салынбай, елдік, халықтық сөз айта алатын өкіл табылмай қалуы, сөз жоқ, аянышты. Осы сайлау мен дебаттардың артында кім тұрғанын ескерсек, мұның бәрі оппозицияны одан сайын тұқыртып, ел алдында тұрпайы әрі құр айқайшы етіп көрсетудің бір амалы ма деп қаласың.

Меніңше, дебаттар керек! Және де бар мәселені екі минутқа қаратып қоймай, жеке-жеке тақырыптар бойынша, әр қатысушыға өз ойын асықпай, саспай жеткізуге мүмкіндік жасап, ол үшін жеткілікті уақыт беріп, дүркін-дүркін өткізу керек. Сонда партиялар да ашық пікірталасқа бой үйрете бастайды, халық та олардың бет-бейнесін тани түседі. Кім біледі, партиялық көш те жүре түзелетін болар...

Партия дегеніміз өзіндік идеялық, идеологиялық өзгешелігі бар қоғамның бір ғана бөлігі емес пе? Бұл дебатта ондай, бағдарламалық, тұғырнамалық ерекшеліктерін, басқа партиялардан дүниетанымдық айырмашылығын олар көрерменге жеткізе алмады: сөздерін тыңдасаң, бәрі де халықшыл, талаптары мен ұстанымдары да бірдей әрі біркелкі.

P.S. Мемлекеттік тілдің салтанат құрғанына қуанамыз. Дебат таза қазақ тілінде өтті. Бірақ көкейде бір сауал бар: қазақша білмейтін электоратты не істейміз? Оның ішінде басқа ұлттармен бірге өз ағайынымыз да бар емес пе? Олар осы электоралды науқаннан осылайша шеттетілгені дұрыс па? Осынау біржақтылықты басқа, соның ішінде, сыртқы күштер пайдаланып кетпей ме? Әйтпесе, өз ішімізде де Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысын ақтап, қолдап жүргендер аз емес қой. Не болса да, біздің идеологтар ойланатын бір мәселе осы болар...

Тегтер: