Сауға сұраған сұхбат. Мен НЕГЕ Назарбаевты аядым?
Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін
Тұңғыш президент бір саясаттанушыға телефон арқылы сұхбат беріпті. Осыған байланысты үш-ақ сұрақ қойғым келеді.
Біріншіден, тұңғыш президент НЕГЕ әдеттегідей мемлекеттік БАҚ төрінен емес, көп адам біле бермейтін сарапшының әлеуметтік желіде бірер мың ғана оқырманы бар парақшасынан тіл қатады?
Әлде біз баяғыда еніп қойған БАҚ-та бой көрсетуге тыйым салған «қара тізімге» ол да іліккен бе? Олай болса, онысы қызық болған екен. Бұлай жалғаса берсе, ертең ол кісі сөз бостандығын талап етіп, біздің қатарымызға қосылмасын деңіз.
Не болса да, кеше ғана көгілдер экран мен газеттерден күні-түні түспеген адамның ақпараттық алаңының осыншама тарылуының өзінде біраз гәп бар.
Екіншіден, халық алдына шыққысы келген екен, НЕГЕ ол шынымен де халықтың көкейінде жүрген өткір сауалдарға жауап беріп, ел алдында өзіне тікелей қатысты мәселелердің басын ашып алмады?
Иә, жұрттың көкейінде жүрген бірқатар сұрақ қойылыпты (отбасы мүшелері, Қаңтар қанды қырғыны мен өзінің атындағы университетке қатысты). Бірақ, жауаптарына қарасақ, экс-президент көп нәрседен бейхабар болған кейіп танытады. Оған ешкім сенбейді! Өйткені, 30 жыл бойына өз қолымен құрған жүйеде не боп, не қойғанын ол кісі білмеді деген – далбаса сөз!
Басқасын айтпағанда, билеуші топтың, кландар мен жеке тұлғалардың тірлігін ол мұқият бақылап, күнделікті ақпарат алып отырғаны айдан анық: кез келген авторитарлы басшы солай етеді!
Сондықтан да, оның нақты мәселелерге байланысты жауапкершілікті басқа адамдарға ысыра салуға талпынуы күлкі туғызады да... қынжылтады. Әсіресе, өзінің туыстарының заңнан тыс тірліктері мен өз атындағы қордың жұмысына, соның ішінде, оның қаржылық жұмысына қатысты сауалдар жауапсыз қалғаны әртүрлі жаман ойларға жетелейді.
Бірақ, бір нәрсе анық: 5 маусымда өтетін референдумнан соң Конституциядан елбасы туралы арнайы бап алынып тасталса, тиісті конституциялық заң да өз күшін жояды. Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көреміз: тұңғыш президенттің отбасы мүшелерінен құқықтық иммунитет алынып тасталады. Бірақ, оның жеке басына ешкім тиісе алмайды.
Бәлкім, «Егер менің туыстарымның бірі заң бұзғаны үшін менің атымды жамылса, жауапқа тартылуы керек» деп, дәл соны меңзеп, кінәні айналасына артып, өз басына сауға сұрап отырған болар.
Бірақ, Назарбаев осыған: «Кінәсі сотта дәлелденуі керек. Әрбір азаматтың құқықтық негізде қорғануға құқығы бар екенін ұмытпауымыз керек», – деген уәжді қосып қойыпты. Біздегі сот жүйесінің қандай екенін және ол туыстарының ел ішінен эфирге шықпай жүргенін ескерсек, ертеңгі күні оларға қатысты шешімнің қандай болатыны да түсінікті боп қалған сияқты.
- Тақырыпқа орай: Назарбаевтардың жұмақ һәм жұмбақ аралы
Отбасы мүшелеріне талапшыл әрі қатал болғанын Рахат Әлиевтің мысалы арқылы көрсетуге тырысыпты. Бірақ, тарихи шындық сол: өзінің күйеубаласына қатысты құқықтық талаптарды оның қайынатасы тек оның шетел асып, сол жақтан билікке қарсы пікір айта бастағаннан кейін ғана қоя бастады. Оған дейін ол қайын атасының қасында жүріп, талай адамның қанын ішті емес пе?
Үшіншіден, Назарбаев НЕГЕ әлі де өзінің өзгеше, бізден бөлек әлемінде өмір сүріп келеді? Бәрі, оның ішінде, бұрынғы президентке шаң жуытпай келген режимнің кешегі фанаттары да оянды емес пе? Ол кісі неге оянбайды?
«Өзіме деген халық қолдауының ең биік шыңына жеткенде кеттім десем де болады. Оның айғағы ретінде 2015 жылы өткен президенттік сайлауда 97,7 пайыз дауыс жинағанымды айтуға болады», – деуіне қарағанда ол өзінің мұрагері болып отырған Тоқаевтың Назарбаев басқарған кезеңді «суперпрезиденттік» деп бағалап, сол кездегі саясатқа қатысты айтқан сыни пікірлерін оқымаған секілді ғой. Тіпті баршаны тәубасына келтіріп, қоғам мен биліктің тұтас дүниетанымын бір сәтте-ақ өзгертіп жіберген Қаңтар қанды қырғыны да ол кісіге еш әсер етпеген бе, қалай?
Кезінде ол кісіде қандай мүмкіндіктер болды десеңізші: білімді де еңбекқор халқы бар, жер қойнауында Менделеев таблицасының барлық дерлік элементтері бар мемлекетті басқарып, бес Франция сыйып кететін аумақты мекендеген небәрі 18 миллион тұрғыны бар мемлекетті түгелдей жарылқап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтындай бақытты заман орнатып тастауға болатын еді ғой! Өкінішке қарай, пендешілікке салынып, Назарбаев өзінің тарихи миссиясын орындай алмады.
Ақырында, өзінің карьерасының соңында көп адам тани бермейтін бір сарапшының әлеуметтік желідегі парақшасын арқылы өзі 30 жыл бойы басқарған халқымен тілдесуге мәжбүр боп қалды.
Қаңтар қанды қырғынынан кейін Назарбаевты екінің бірі сынап, жерден алып, жерге салып жатыр. Оның ішінде кеше ғана оның табанын жалап, соның арқасында билік пен байлыққа кенеліп, ұшпаққа жеткендер де бар. Кеше ғана түкірігі жерге түспей тұрған басшының бүгіндегі осы бір дүдәмал, екіұшты, жай-жапсары мен жанры біртүрлі, шарасыз, ұрланып берген сұхбатына қатысты басқаша, бар өшімді алып, түйреп тұрып жазуыма болатын еді.
Бірақ, жығылғанға жұдырық болам ба? Менсіз де бүгіннің «батырлары» табылып жатыр емес пе? 25 жыл бойына Назарбаевты, ол құрған жүйеге қатысты ащы сын айтып келгендіктен, бүгінде бұл «хорға» қосылғым келмейді.
Өйткені мен Назарбаевты аяймын...