30 Мамыр 14:33
...

Назарбаев өзінің атындағы университеттегі «шпиондар» туралы НЕГЕ айтпады?

Фото:

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа телефон арқылы сұхбат беріпті. Сұхбат «Заң бәріне бірдей» деп аталады. Мәтіннің әбден сүзгіден өткені, «кедір-бұдыры» түзелгені және экс-президенттің «әу» деуіне әлдене себеп болғаны көрініп тұр.

«5 маусымда Конституция берген құқығымды міндетті түрде пайдаланып, референдумда дауыс беруге қатысамын», – депті Н.Назарбаев.

Ал туыстарының заңсыз іс-әрекетіне қатысты сұраққа былай деп жауап беріпті: «Көп жылдан бері біз Қазақстанда құқықтық мемлекет құрып жатырмыз. Заң бәріне бірдей. Егер менің туыстарым менің сыртымнан атымды пайдаланып заң бұзса, олар тиісті жазасын алуы керек. Кінәсі сотта дәлелденсін. Кез келген азаматтың заңды түрде қорғануға құқығы бар екенін ұмытпау керек. Рахат Әлиевке қатысты оқиға бәрінің есінде шығар...»

Фото: Федералдық кеңес

Д.Әшімбаев «Назарбаев Университеті» туралы жалпылама сұрақ қойыпты. Тиісінше, жауап та жалпылама берілген.

«2011 жылы «Назарбаев Университетінің», «Назарбаев интеллектуалдық мектептерінің» және «Назарбаев қорының» мәртебесі туралы» заңға қол қойдым. Онда құрылған қордың коммерциялық ұйым емес екені, тек «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев инттеллектуалдық мектептерін» қаржыландыру үшін құрылғаны анық айтылған», – деген Н.Назарбаев бұдан әрі өзінің атындағы оқу орындарының жетістігін тізбелейді және қаржыландыруға қатысты бар кінәні Кәрім Мәсімовке артқандай көрінеді.

«Назарбаев Университетінің қаржыландыру мәселесін басқарумен, оның инвестициялық қызметімен және жекелеген қаржы институттарымен байланысын оқу орнының Қамқоршылық кеңесі айналысты. Сол кездегі премьер-министр Кәрім мәсімов Кеңестің төрағасы болды. Оқу орнының қаржылық қызметі мен оған байланысты құрылымдар, осы тізімге енген жекелеген қаржы институттары соның басқаруында еді. Кәрім Мәсімовке қатысты қазір тергеу жүріп жатыр. Менің ойымша, құқық қорғау органдары мәселенің анық-қанығын анықтайды».

Назарбаев осы «сұхбатты» бір кездегі сенімді серігі, «мәңгілік көмекшісі» Кәрім Мәсімов туралы бір ауыз сөз айтып, жұрт алдында арылып алу үшін ғана бергендей көрінді...

«Назарбаев Университеті» мен ондағы күмәнді адамдар туралы ҰҚК-ге бірнеше мәрте сауал жолдағанбыз. Өкінішке қарай, жолдаған сауалдарымыздың көбі жауапсыз қалды.

17 мамырда ҰҚК төрағасы Е.Сағымбаевқа «Назарбаев Университетке», университет қамқоршылық кеңесінің мүшесі Дэвид Меркельге және Меркель жүргізіп отырған karimmassimov.com сайтына қатысты кезекті сауалдарымызды жолдағанбыз.

Бөлімше бастығы А.Серғазинов былай деп жауап берді: «Ашық көздердегі мәліметтер бойынша, karimmassimov.com сайты 2022 жылғы 16 ақпанда құрылған және ол Google платформасының «бұлттық» қоймасында орналасқан. Сайттың авторлық құқықтары бөлімінде Дэвид Меркель көрсетілген.

Дэвид Меркель – АҚШ азаматы, американдық бизнесмен және Назарбаев университеті қамқоршылық кеңесінің негізін салушы болып табылады.

2005-2008 жылдар аралығында АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Қауіпсіздік кеңесінің жоғары лауазымдарында қызмет атқарған.

Сайт интернет желісінің қазақстандық сегментінен тыс жерде орналасуына байланысты аталған ресурстың құрушысы, әкімшісі және қаржыландырушысы туралы ақпарат алу мүмкіндігі жоқ екенін хабарлаймыз».

Д.Меркель. Фото: ғаламтордан

ҰҚК-нің бөлім бастығы айтып отырған нәрселерді бірінші болып Nege.kz жазған және ол ашық ақпарат көздерінде тұр. Біздің білгіміз келгені – Д.Меркель мен К.Мәсімовтің қарым-қатынасы, Меркельдің Назарбаев университетімен байланысы және Меркельдің артында кімдер тұруы мүмкін екені жөнінде еді. Бұл сұрақтарға тағы жауап ала алмадық.

Бәлкім, экс-президент Н.Назарбаев Nege.kz порталына ашық сұхбат беріп, өзінің атындағы университет пен қорда не болып жатқанын өзі айтар?..   

Тегтер: