18 Қараша 11:20

Сарапшылар: Біздің қоғам біреу өлсе ғана шулайды

Фото:

Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі біраз уақыт күн тәртібінен түспейтін түрі бар. Себебі, қоғамның бітеу жарасы жарылды. Енді үкімет заңды қатаңдатуды қолға алып, жүгенсіз кеткен еркектерді тезге салуы тиіс. 

NEGE тілшісі аналар және әкелер мәселесін жетік білетін мамандардың пікірін білген еді. 

Эльмира Иниятқызы, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры:

Бала кезде алған жара ешқашан жазылмайды

– Біз отбасында зорлық-зомбылық көрген адамдармен ғана жұмыс істемейміз. Елімізде әйелдерге уақытша пана болатын дағдарыс орталықтары бар. Қазір отбасын қолдау орталығы көбейді. 2025 жылға дейін республика бойынша 234 орталық ашу көзделген, қазір 36-сы істеп тұр. Ал соңғы кезде «Әйел таяқ жеп, бала-шағасымен тентіреп кетеді. Үйден неге әйел кетуі керек? Еркектерге арналған орталықтар ашып, әуелі соларды түзеу керек» деген мәселе көтерілді.

Иә, әйел 6 ай бойы дағдарыс орталығында болып, бала-шағасымен бірге психологиялық, заңнама тұрғысынан көмек алады. Өзінің де, балаларының да ойы, санасы өзгеріп шығады. Бірақ қайтадан отбасына оралған кезде баяғы мәселе шығып, қаз-қалпына келеді. Бірақ бұл жерде қазақтың менталитетін де ескеру керек сияқты.

Мәселен, күйеуін дағдарыс орталығына жатқызып, әйелі үйде қалса, еркектің туыстары, енесі күн бермейді ғой. «Шетелде мұндай орталық көп» деп бізде де аша салуға болмайды. Ертең орталықты ашып тастап, жұмыс істемей тұрса, кімге керек?

Әуелі некелесіп жатқан жас жұбайларға «Отбасын қалай құру керек?» деген тақырыпта, отбасы құндылықтары жөнінде ақпарат айту керек. Бұрынғыдай емес, қазір неке куәлігін ХҚО-дан ала салады. Меніңше, сол жерден жас жұбайларға арналған кабинет ашылса. Тіпті, мәселенің алдын аламыз десек, жоғары оқу орны, мектеп бағдарламасына арнайы сабақ ретінде өткізу қажет.

Біздің қоғам біреу өлсе ғана шулайды. Қайбір жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға кейбіреулер өретүрегеліп, қабылданбай қалып еді. Сол заңның керектігі енді сезілді.

Қазақы қоғамның түсінігіне салсақ, зорлық-зомбылыққа әйел ғана кінәлі сияқты... 

 – Қазір ғана ауданды аралап «Аналар кеңесінің» жиналысын өткізіп келе жатырмын. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасының төрт бағыты, атап айтқанда еліне азамат тәрбиелеген отбасы, бақытты ана – бақытты отбасы, жақсылыққа жетелейтін жандар, тұғырлы отбасы – бақытты балалық шақтың бастауы бойынша бірлігі бекем отбасыларды насихаттауға күш салу керек. Екінші, қоғамның қас жауына айналған – құмар ойын, тұрмыстық зорлық-зомбылық, сексуалды ориентациясы өзгерген жастар, дәріхана нашақорлығы мәселелерін әр кездесуде ашық айтып, талқылап отыру қажет. Жас ұрпақтың бетін қазір қайтармасақ, ертең кеш болады. Бұл жерде бала емес, ата-ана кінәлі.

Бала ата-ананың махаббатына зәру. Бишімбаевтың да бала күнінде алған жарақаты бар сияқты. Бала кезде алған жара ешқашан жазылмайды. Анасының махаббатына тоймаған, уызына жарымаған баланың дерті міндетті түрде есейгенде бір жерінен шығады. Адамдарға деген зұлымдығы өршіген, агрессиясы басым болады.

Егер мейірімді, парасатты әйелге жолығып, соның махаббатына бөленсе, бәлкім жан жарасы жазылар. Бірақ көбінікі жазылмайды. Бала күнінде алған жарақатымен өмір бақи қалады. Өмірге, айналасына өкпелі адам біреуге ауыр сөз айтады, қолын қатты батырады. Жалпақ тілмен айтқанда, зәрін шашып жүреді. Ең қорқыныштысы, әкенің қызын зорлауы, ерте жүктілік, тағы басқа сұмдық жайттар қаладан емес, ауылда тіркеліп жатыр. Бәрі бала үшін емес, өзі үшін өмір сүргісі келеді. Батыстың моделі бізге көп жағдайда келе бермейді. Сондықтан ортақ модель жасау керек.

Арыстанғали Арын, «Әкелер Одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Жетісу облыстық филиалының жетекшісі:

«Әке-Ана-Бала» отбасы институтын қалыптастыру керек

– Әкелер одағы Әкелер форумын өткізді. Не мәселе көтердіңіздер? Соңғы болған оқиғалар да тыс қалмаған шығар.

– «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбындағы республикалық әкелер Форумының мақсаты – әкелер институтын дамыту, отбасылық құндылықтар және өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласында жаңа тәсілдерді насихаттау және қалыптастыру.  Ұлт болашағына қажетті ойлардан тұратын панелдік сессияларда көңілге қонарлық бес мәселе көтерілді. Әсіресе, рухы азат, көзі ашық ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі әкелердің еншісінде екендігін түсіндірген терең ойлардың куәсі болдық. Әрине, Қазақстанда болған соңғы оқиғалар туралы да кейбір спикерлер өз сөздерінде атап өтті.

– Осы форумда төрт әкенің біреуі ғана бала тәрбиесіне араласатыны айтылыпты. Неге аз деп ойлайсыз?

 – Әкелердің басым бөлігі бала тәрбиесіне араласпайтыны рас. Бұл мәселенің түбірі 90-шы жылдардың, 2000-шы жылдардың басындағы  дағдарыстар кезеңінде жатыр. Яғни, әкелер табыс табуды бірінші орынға қойды, сосын тәуелсіздік алғанға дейінгі  уақытта ұлттық құндылықтардан, салт-дәстүрден айырыла бастадық. Осының салдары ажырасудың көбеюіне алып келді. Толық емес отбасы балалары әкесіз өсті.  «Әке» моделі жоқ болғандығы да әсер етті деп ойлаймын. Сондықтан әке рөлін және жауапкершілігін қоғам болып түсіндіруіміз қажет.

Отбасындағы зорлық-зомбылық субъектісі отбасының кез келген мүшесі болуы мүмкін. Яғни, бала, әйел, еркек, ата немесе әже, тіпті өгей әке, шеше, балалар да, жиен, немере сияқты туған-туыстарын да жатқызуға болады. Оған күнделікті тіркеліп жатқан жүрек сыздатар оқиғалар дәлел.

–  Қазақстанда президент атына қылмыстық және әкімшілік заңнаманың отбасылық тұрмыстық-зомбылыққа қатысты тұсын қатаңдату керектігін ашық жазған петицияға қол қойып жатыр. Заңға қандай бап енгізу керек, қай бапты қатаңдату керек деп ойлайсыз?              

– Заңсыздыққа, тәртіпсіздікке, мәдениетсіздікке жол берілмеуі керек. Сол себепті бұл петиция қоғам тарапынан қолдау табады деп ойлаймын. «Аманат» партиясы фракциясының мәжілістегі фракция мүшелері қыркүйек айында осы мәселе бойынша заң жобасын әзірлеп, талқылауға салды. Заң қабылданса, ананы да, баланы да қорғау баптары мен жауапкершілік қатаңдатылмақ.

Әйел мен еркекті бір-біріне қарсы қоймай, керісінше Әке-Ана-Бала атты жалпы толыққанды отбасы институтын қалыптастыру керек. Неге десеңіз, әке мен ананың арасындағы түсініспеушіліктен бірінші кезекте зәбір шегетін – ол бала. Ал баланың келешегінің дұрыс болуына жауапты тұлға – әке.

 Біздің мақсатымыз – жас әкелерге ой салып, отбасы, қоғамдағы  жауапкершілігін көтеру, қоғамдық сананы өзгерту. Сана өзгермей отбасындағы зорлық-зомбылық азаймайды. Бұл түйткіл тек заңды қатаңдатумен ғана шешімін табады. Оған жалпы азаматтық қоғам болып ат салыспасақ, басқа жол жоқ.

Тегтер: