Сапарбаев Кенесары Ханның ескерткішін ашуды НЕГЕ созып жібергенін айтты

әріптестерінен ерекшеленгісі келді ме, әйтеуір, баяндамасын бастан-аяқ қағазға қарамай-ақ жасады. Алайда ол тілшілердің кейбір сұрағына ашуланып та қалды.
Nege.kz тілшісі Б.Сапарбаевтан «Тазарға тарту» жобасы мен өзі уәде еткен Хан Кененің ескерткіші неге ашылмағанын сұрады.
– Жамбыл облысында өзіңіздің басшылығыңызбен жалпы құны 1 млрд теңге болатын «Таразға тарту» жобасы қолға алынғаны белгілі. Аталған жоба аясында аудан әкімдері мен басқарма басшылары қаржы шығарып, Тараз қаласындағы саябақтарға балалар алаңшасы секілді әр түрлі демалатын орындар ашты. Облыстың 10 ауданына қарасты ауылдарда сан мың мәселе бар. Соларды тоқтатып қойып, Таразды сәндеу қаншалықты дұрыс?
– Біріншіден, Тараз қаласы облыстың орталығы болған соң оған келетін қонақтар мен туристер көп. Сондықтан біз облыстың орталығын жөндеуіміз керек.
Екіншіден, аудандар көмектескенімен сол аудандағы жобаларды тоқтатып қою деген сөз емес.
Үшіншіден, аталған қаржы бюджеттің емес, сол ауданнан шыққан кәсіпкерлердің ақшасы. Біз биыл Тараз қаласын бастадық па, келер жылы аталған жобаны Жаңатас қаласында жалғастырамыз. Қазір біз «Жаңарған Жаңатас» деген бағдарлама қабылдап, облыстағы аудандар мен Тараз қаласының өзі Жаңатастың жаңаруына жұмыс істейді.
– Коронавирустың кезінде кәсіпкерлер қиналып жатыр. Осындай қиын кезде кәсіпкерге алақан жаю қаншалықты дұрыс?
– Біріншіден, қиналып отыратын кәсіпкер болса, оған алақан жаймаймыз.
Екіншіден, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қандай қолдау болып жатқанын жақсы білесіздер. Осындай жобаларға үлес қосып жатқан кәсіпкерлердің қазіргі таңда бірде-біреуі «Мен мына жобаға өзімнің үлесімді қоса алмаймын, өйткені менің өзімнің жағдайым нашар» деп шағымданған жоқ. Біз оның бәрін жақсы түсінеміз. Біз мүмкіндігі бар кәсіпкер мен кәсіпорынға қолқа саламыз.
Мысалы «Қазфосфат» компаниясы Тараз қаласындағы Үшбұлақ демалыс аймағына 330 миллион теңге қаржы бөлді. Жақында ғана Қаратау қаласында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деген атпен саябақ пен спорт алаңын салынды. Басқа да компаниялар Қаратауда дәл осындай жұмыстар істеп жатыр. Бұл жерде алақан жаю емес. Әр бір қалталы азамат мүмкіндігінше өзінің кіндік қаны тамған жерге көмектесу керек.
– Осында екі рет келгенде Кенесары ханның ескерткішін алып тастап, орнына басқасын саламыз деп уәде беріп едіңіз. Бірақ меркілік азаматтармен сөйлескенде, әлі де ескеркіш ашылмағынын айтты және де 7-8 млн теңгенің ескерткішінің қаржысын өз қалталарынан көтеріп отыр екен.
Сіз осында соңғы рет келген кезде «Бюджеттен және демеушілерден ақша болады» деп айтқан едіңіз. Кенесары ханның ескерткішін орнатуды неге созылып кетті? Неге сол ескерткішті өзіңіз бас болып ашпадыңыз?
– Біріншіден, ескерткіш салу үшін республикалық комиссияның рұқсаты керек. Осы сіздердің сұрақтарыңыздан кейін жоба жасап, республикалық комиссяиға жібердік. Республикалық комиссия ол жобаны қарап, өздерінің ескертулерін берді. Ол ескерту сол жердегі тұрғындармен талқыланып, түзетілгеннен кейін комиссияға жіберілетін болады. Ал ескерткіш салу жөнінде ол жерде демеушілер бар. Қазір оның қаржысын есептейміз. Егер жетпейтін болса бюджеттен қосымша қаржы бөлінеді.
– Сіз облысқа келе салып 158 млн теңгеге «Қазақ еліне мың алғыс» және коронавирус аяқталмай жатып 197 млн теңгеге «Біз біргеміз» монументін аштыңыз. Кенесары хан – Тәуелсіздік үшін күрескен үлкен тұлғамыз. Елу миллион теңгені бөліп, осы ескерткішті неге ашып кетпедіңіз?
– Оның бәрін жақсы білеміз. «Қазақ еліне мың алғыс» монументі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасы бойынша ашылды. Қазақстанда тұрып жатқан басқа ұлттың өкілдері қазақ халқына алғыс айту керек. Наурыз айының 1-і күні Қазақстанда Алғыс айту күні болып жариялануы бекерден бекер емес. Осыған байланысты салынған монумент. Оның қаржысының жартысы бюджеттен, жартысы демеушілердің қолдауымен болды.
«Біз біргеміз» монументіне келетін болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Індетпен күресіп, азаматтардың өмірін сақтап қалған азаматтарға ескерткіш салу керек. Оның тәрбиелік мәні болсын. Соған қарап әрбір қазақстандық азамат қауіпті індеттен құтылу үшін жұмыс істесін» деген тапсырмасы болған. Ескерткіште дәрігерлерден бастап, полиция және төтенше жағдай қызметкерлері мен еріктілерге дейінгі азаматтардың бейнелері бар.
P.S. «Тәуелсіздік күні қарсаңында Бердібек Машбекұлы «Еңбек Ері» атағымен марапатталып, облыс басшылығынан кетеді» деген әңгіме бар. Оған себеп – елге еңбегінің біршама сіңгені мен әкімнің әлдеқашан зейнет жасынан асқаны. Егер осы әңгіме рас болса, көпшілік үшін кеткен әкімнен де келетін әкім туралы әңгіме маңыздырақ болмақ...
Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.