14 Шілде 01:45
...

ЕО АҚШ-қа қарсы кедендік баж салығын енгізуді 1 тамызға шегерді

Кедендік баж салығы
Фото: УНИАН

Еуроодақ АҚШ-тан келетін тауарларға қарсы баж салығын 1 тамызға дейін енгізбейтін болды.

Алматы, NEGE. Бұл туралы Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді, деп жазды DW.

Еурокомиссия АҚШ-пен кедендік дауда жауап шараларын 14 шілдеде қабылдауды жоспарлаған еді, алайда оларды тамыз айының басына шегеретін болды, деп жазады Reuters ЕК төрайымына сілтеме жасап.

Саясаткер бұл шешімін АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігімен келісімге келу мүмкіндігін тексергісі келетінімен түсіндірді. Бұған дейін Трамп 1 тамыздан бастап ЕО-дан келетін өнімдерге 30 пайыздық баж салығын енгізетінін ескерткен болатын.

Бұған дейін Вашингтон бірнеше кедендік баж салығын, оның ішінде еуропалық өнімдерге де, көтерген еді. Осыған байланысты ЕО 14 шілде, дүйсенбі күні жауап шараларын енгізуді жоспарлаған. Алайда Reuters дереккөздеріне сүйенсек, Германия үкіметі және кейбір басқа елдер АҚШ-пен келіссөздерді қиындатпас үшін бұл қадамнан бас тартуға шақырған.

Кеше Урсула фон дер Ляйен Трамптың 30 пайыздық баж салығын енгізуі «маңызды трансатлантикалық жеткізу тізбектерін бұзып, екі жағындағы кәсіпорындар, тұтынушылар мен науқастарға зиян келтіреді» деп ескерткен болатын. Ол Брюссельдің 1 тамызға дейін АҚШ-пен келісімге келу жолындағы жұмысты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.

— Сонымен бірге, біз ЕО мүддесін қорғау үшін қажет барлық шараларды қабылдаймыз, соның ішінде тең жауап шараларын қолданамыз, егер бұл қажет болса, — деді фон дер Ляйен.

Еуропалық кеңестің төрағасы Антониу Кошта да Еуроодақтың «біртұтас» екенін және өз мүддесін «қорғауға дайын» екенін айтты.

— Тарифтер — бұл салықтар. Олар инфляцияны арттырып, белгісіздік туғызады және экономикалық өсуді тежейді. Біз әлем бойынша сенімді сауда серіктестіктерін құруды жалғастырамыз, — деді ол.