Сұрағы мен сұрауы көп кездесу: Назарбаев Путинге НЕГЕ барды?

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше Мәскеуде РФ Президенті Владиир Путинмен кездесуі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Мен де өз ойымды қосайын.
Меніңше, бұл кездесудің бірнеше (және де ол жайттар жария да, жасырын да болуы мүмкін) астары бар. Бұл оқиғаны, кем дегенде, төрт бенефициардың мақсат-мүддесі, қызығушылығы тұрғысында қарастыру керек деп санаймын.
Бірінші бенефициар, ол – Қазақстан қоғамы. Осындай, екіұдай мән-мағынаға, әртүрлі алып-қашпа әңгімелерге толы, сұрағы да, сұрауы да бар сапарлар онсыз да кландық талас-тартыстан көз аша алмай келе жатқан қоғамға оң әсер етпейтіні бесенеден белгілі.
Екінші, ол – қазіргі президент Тоқаев. Бұрынғы басшы Назарбаевтың осындай, ресми протоколға тосын көрінетін дипломатиялық белсенділігі мемлекет басшылығының тізгінін қолған Тоқаевтың абырой-беделін арттыра қоймасы түсінікті, оны бәрі түсінеді. Осындайда «астыртын әрекет теориясы» да «ойнап кететіні» белгілі. Өйткені, осы сапарының мән-жайын ашық айтып, соның ішінде: «Мен Ресей президентімен кездесуімде өз елім, Қазақстанның түпкілікті мүддесін қорғап, соның ішінде, қазіргі президент Тоқаевты қолдап сөз сөйледім», – деп жатқан Назарбаев жоқ.
Үшіншіден, ол – Назарбаевтың өзі. Біздегі президент туралы заңнамада, әрине, ешкім де бұрынғы президентке ішкі және сыртқы саясатта өзінше қимыл-әрекет жасауға тыйым сала алмайды. Заңда солай жазылған.
Төртіншіден, ол – осы сапардың оң мен сол әсері болатынын түсініп, Тоқаевпен күні ара хабарласып, бүгін Назарбаевты жылы шыраймен қарсы алып жатқан РФ президенті Путин.
Меніңше, осы жерде қос мүдде бір-бірімен тоғысып жатыр. Украинаға қарсы соғыс ашып, халықаралық оқшаулануға ұшыраған Путин, бір жағынан, Қазақстаннан айрылғысы жоқ, екінші жағынан, Назарбаевты, оның әлі де сақталып отырған формальды және формальды емес ықпалын өзінің мақсатында пайдалануы әбден мүмкін. Қазақстаннан айрылмау деген сөздің артында тек қана геосаяси мүдделер емес, соңғы кезде тым жиі айтылып кеткен Ресей экономикасының біздің елге ерекше көз тігуі, соның ішінде, аса ірі энергетикалық жобаларды жүзеге асыру ниеті мен тиісті конкурстарға қатысуы тұр.

Ресми Астана болса, ол жобаларды біржақты түрде емес, халықаралық консорциумдар формасы арқылы қолға алғысы келетіні туралы ашық айтып жатыр. Үлкен қарама-қайшылық осы жерде туындауы мүмкін.
Сонымен қатар, биліктен кетсе де, бизнестен кете қоймаған Назарбаевтар кланының Ресейде де бизнес-активтері бар екені ешкімге де жасырын емес. Батыс санкциялары олардың жағдайына әсер етуі әбден мүмкін. Бәлкім, экс-президент сол мәселені де талқылап, Ресей басшылығының қолдауын сұраған болар?
Бір нәрсе айқын, өзінің халықаралық қызметінде Назарбаев ресейлік векторға мықтап жүгінген сияқты. Шынымен халықаралық алаңдағы беделі биік болса, ол неге, мәселен, АҚШ не Еуроодақ, Қытай не Жапония басшыларымен дәл осылай жолықпайды? Оның сыртқы саясаттағы белсенділігі негізімен Ресеймен шектелуінде де үлкен гәп бар сияқты.
Оның бір себебі мынау болуы мүмкін.
Не дегенмен, ескі Қазақстанның саяси реваншы мүмкіндігін ешкім жоққа шығара алмайды. Ақордаға күліп кіріп, күңіреніп шығып жатқандар да аз емес секілді. Алда сұрапыл сайлау келе жатыр, Тоқаев оған қатыспаймын деп айтудан жалықпайды. Келесі президент кім болатынын, әрине, халық шешуі тиіс. Алайда, бұл процеске әртүрлі күштер араласатыны да хақ. Соның ішінде, бүгінгі объективті және субъективті қиындықтарды антиқазақтық ішкі және сыртқы күштер пайдаланып кетпейді деп кім кесіп-пішіп айта алады?! Қуырдақтың көкесін сонда көріп жүрмейік!
Оған қоса, соғыс салдарынан әлсіреп бара жатқан Ресейге де біздің елдің күшейіп, көшбасшылық рөлі арта түскені қажет емес, ескіні аңсаған бұрынғы метрополиялардың пиғылы мен психологиясы да сол. Осы жерде ескі Қазақстан мен ескі империяның мақсат-мүдделері сәйкес кеп қалса, не істейміз?
Өз басым дәл осы қауіптен қорқамын. Яғни, бірінші бенефициар болуға тиіс Жаңа Қазақстанның тұрақтылығы мен амандығын айтып отырмын.
Әміржан ҚОСАН, саясаткер.