USD
USD
USD

Мемлекет қаржыландырған фильмдер келесі жылы прокатқа шығады

Депутат Дәулет Мұқаев Мәжіліс отырысында мемлекеттік қаржыландыру есебінен түсірілген фильмдердің тиімділігі мәселесін көтерді.

заң
Фото: freepik.com

Астана, NEGE. Депутаттың айтуынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылғаннан бері кино саласына республикалық бюджеттен 30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сәйкес, мемлекет қаржыландырған фильмдердің басым бөлігі кең прокатқа шықпай, кассалық табыс әкелмеген.

«Осы уақытқа дейін салаға бөлінген қомақты қаржының тек 1,5 пайыздан 3 пайызға дейінгі бөлігі ғана қазынаға қайтарылған. Болашақта мұндай тиімсіз шығындарға жол бермеу үшін салалық министрлік қаржының қайтарымдылығын арттыру және жауапкершілікті күшейту бағытында қандай жүйелі шаралар қолданбақ?» – деп сұрады Мұқаев.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Жұмабайұлы 2025 жылғы конкурста іріктелген 16 жобаның барлығы аяқталғанын мәлімдеді.

«Олар келер жылдан бастап прокатқа шығады. Қазір олардың қаржылық нәтижесі туралы айту ерте. Бұл туындылар прокатқа немесе фестивальдерге шығып, көрерменге жол тартқаннан кейін ғана нақты нәтижесін көреміз», – деді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, кино өндірісін мемлекет тарапынан қаржыландырудың басты мақсаты – табыс табу емес.

«Ең алдымен, бұл – идеология. Біздің салт-дәстүрімізді дәріптеу, патриотизмді көрсету. Сондықтан осы екі мақсатты сабақтастыра отырып, әрі қарай жұмыс істейміз. Бұл ретте кірісті бірінші орынға қоймаймыз. Дегенмен осы екі мақсатқа басымдық береміз», – деді Қанат Жұмабайұлы.

Министрлік өкілі алдағы уақытта әрбір фильмнің прокатқа немесе халықаралық фестивальдерге шығуын қамтамасыз ету үшін бақылау мен жауапкершілік тетіктері күшейтілетінін айтты. Оның сөзінше, тиісті өзгерістер ішкі құжаттар мен заңнамаға енгізіліп, кино өндірушілер мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігі нақтыланған.

Қазір оқып жатыр

AMANAT-тың алдағы сайлау науқанына дайындығы қандай?

 AMANAT

Шэньчжэньде Alatau City халықаралық роуд-шоуы өтті

роуд-шоу

«Самұрық-Қазынаның» «Қазақстан халқына» қаржыны толық аудармауына не себеп?

Самұрық-Қазына

Квазимемлекеттік сектордан түсетін салық неге азайып кетті?

Квазимемлекеттік сектор